Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сіз ел үшін еңбек етіп, «жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей», үнемі ат үстінде ауыл-елді аралап, «өтпелі» деп аталған, өтіп болмайтын кезеңде өмір сүріп жатқан жұртымызға қол ұшын берем деп газет беттерінде түрлі мәселелерді көтеріп жүрсіз. «Qazaqstan dauiri» газетін басқаруды өз қолыңызға алғаннан бері қыруар шаруа атқарылды.

Ең бастылары қиыншылықтарға  ұшыраған ауылдың жайы, шешімін таппаған сұрақтар , билік пен халықтың ара қатынасы,жастарға тәрбие беру туралы жазылған мақалаларды, жағынбай,жалтақтамай көрсетілген ой толғаныстарыңызды оқып риза болған кездерім көп. Абыройы арта түскен газетіңізді сүйіп оқитын басылымдар қатарына қосып, оны  жазылып оқитындығымды білесіз.Алайда газетіңіздің соңғы  нөмірлерінде айтылған жағдайларды көру байланыс саласының ардагеріне оңай еместігін түсінер деп ойлаймын. Алматының іргесіндегі «Жаңа Тұрмыс» деген ауылда , пошта бөлімшесінен 30-40 метр жерде тұрсам да,  газеттерді жыл бойы 10-15 күнде бір рет алып, кейбіреуін мүлде қолыма түсіре алмай әуре-сарсаң көріп жүрген жайым бар. Қарасай аудандық байланыс торабында газеттерді таратуға жауапты Зарина есімді қарындасқа сан рет телефон арқылы айтқан өтініштерім аяқсыз қалуда. Мұның басты себебі аудандық пошта торабында бөлімшелерге газеттерді жеткізу мәселесінің сапасыз атқарылуында және пошта бөлімшесіндегі қызметкерлердің жарытымсыз айлық алып жұмыстарына салғырт қарауында. Жағдай өзгермесе қаржы шығарып газеттерге жазылудың қажеті жоқ сияқты. Алайда «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан дәуірі» газеттерінің Алматыдағы киоскілерде сатылмайтындығы мәселені тұйыққа тіреп тұр.  Пошта саласының осыншама құлдырау себептеріне тереңірек үңілсек, алдымен айтарым – пошта жеке бөлініп шыққаннан бері білікті мамандарды сақтап қалуға, жұмысты алға апаратын жастарды тәрбиелеуге көңіл бөлінбеді.Билік қолдарына тиген жаңа басшы осы салада жұмыс істеп жүрген тәжірибелі адамдарды көп жерде жұмыстан шығарып, олардың орындарына банк қызметкерлерін алды да тым жақсы жұмыс істеп тұрған, көп жылдар бойы қалыптасқан жүйенің тас талқанын шығарды.Жаңадан келген «мықтылар» поштаны дамыту үшін бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны тиімді пайдалана алмады. Олар жұмысты өздеріне миллиондаған айлықтар тағайындаудан бастады, сол табысты тиындап жинайтын қызметкерлердің жай -күйлеріне көңіл бөлмеді.2005-2006 жылдары осы қоғамды басқарған Дәурен Молдағалиев бауырымыздың алатын айлығы Елбасының қаһарлы назарына ілігіп, жұмысынан шығарылғанына қарамастан қазіргі  сала басшыларының айлықтары 1,5 миллионға жететіні жайлы мақалаңызда көрсетіпсіз.Мұнымен қатар ,өкінішке орай,пошта мекемелерінде қоғам қаржысына қол сұғу тиылмай келе жатыр. Биылғы жылы айына 900 мың айлық алатын бір облыстық пошта филиалының бастығы пара алуға сұқтанып, қызметтен қуылғаны жайлы естідік.

Сәуле Мешітбайқызы, сіз мақалаңызда компанияның директорлар Кеңесі «Қазпоштаны» дамытудың  жаңа стратегиясын бекітті депсіз, бірақта сіз бен біз соңғы 20-30 жылдар ішінде Жолдаулары көп Қолдауы жетіспеген кезеңдерде аласарған адамдар арасында өмір сүріп сөз бен істің алшақтығына куә болдық. Сондықтан мені кешірерсіз,пошта басшылығына қолынан іс келетін адамдар тағайындалмай тұрғанда жақсы өзгерістер болады дегенге сенбеймін.Сіз қарашаның 14-і күні шыққан  «Масқара» деп айдар таққан мақалаңызда соңғы кезде хат-хабар тасу үшін камаздар қолданылатыны жайлы жазыпсыз, ал мен болсам Одақ кезінде ірі қалаларда тұтынушыға газеттер күніне екі рет жеткізілетінін, сол кездегі басшылар  таңертең жұмысты орталық газеттермен танысудан бастайтындықтарын, газеттердің әуе жолымен көбінесе жолаушы таситын пойыздарға тіркелген вагондармен еліміздің ірі қалаларына, тораптық бекеттерге жеткізетінін еске алып, Үкіметтің Қазақпошта мен Қазақстан теміржолының ара қатынастарын нақты белгілеуге келгендегі қауқырсыздығына таңданамын.Оның үстіне пошта саласының кәзіргі басшылары тұтынушылар нарызылығы артқан сайын газеттерге жазылу күнен- күнге кеми түсіп, табыс көзі азаятынын қалай түсінбейтіндіктері миға қонбайды.

Енді сөзді көбейте бермей, не істеу керек деген сұраққа жауап беріп көрейік . Меніңше Үкімет пен Парламент жұмысы  нашарлап бара жатқан Қазақпоштаны  құрдымға құлатпай тұрып, білікті мамандар мен  экономистерді тарту керек. Парламент мүшелерінен тұратын комиссия құрып ,саланың жай-күйін тереңірек тексеріп ,шет елдік компаниялардың жақсы жаңалықтарын ескеріп, нақты шаралар белгілесе дұрыс болар еді. Осы ұсынысты Үкіметке жеткізбес бұрын сіздің газеттің қызметкерлері істі жайын толығырақ анықтап, нақты материалдар дайындар деген үміттеміз.  Сәуле Мешітбайқызы,  мақалаңызда сіз Алпауыт компания деп атаған  «Қазпоштаның» ауылы меніңше алпауыттықтан аулақтау сияқты. Мен білетін бүінгі пошта көктемге аман жетер жетпесі неғайбіл көтерем малдың күйін кешуде ғой деп ойлаймын. Алайда жыл аяғында  газеттерге жазылудың тағдырын «Қазпоштаның» жұмысына тәуелді етсек елімізде баспасөз таратудың тамырына балта шауып, халқымыздың «Рухани жаңғыруына» зиян келтірер едік, сондықтан жоғарыда айтылған шаралар ауадай қажет.

           Үлкен өзгерістердің алдында тұрған халқымызға адал қызмет істеп жүрген сізге зор денсаулық, толағай табыстар тілеп, сәлеммен, байланыс ардагері Өсербай Қарасайұлы.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.