АЛМАТЫНЫҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН, БОЛАШАҒЫ АЙҚЫН

0
1279

 

Әдеттегідей өткен жұма күні Нұрсұлтан қаласында Алматы шаһары әкімі Бақытжан Сағынтаев жыл бойы жасалған істерге есеп беріп, журналисттермен жүздесті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы экономикасында басталған құрылымдық тәсілдер жүзеге асатынын баса айтты. Оның басты мақсаты – қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатын арттыру үшін берік экономикалық база құру. Бұл ретте үш маңызды құжат әзірленген. Біріншісі – «Жаңа Алматы» кешенді жоспары. Оның аясында мегаполистің  шеткі аймақтарының инфрақұрылымдық проблемалары шешіледі.

Жоспар еліміздің мегаполистері үшін Мемлекет басшысы айқындап берген «шеті жоқ қала» және «қадамдық қолжетімділіктің әлеуметтік инфрақұрылымы» қағидаттарына сәйкес  жасалған. Бұл алдағы бес жылда 800 млрд. теңгеден астам қаражатты инфрақұрылымға инвестициялауды көздейтін теңдесі жоқ ауқымды жоспар.

«ҮЛКЕН АЛМАТЫ»ЖОБАСЫ НЕ БЕРЕДІ?

«Біздің екінші құжатымыз: Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары немесе біз оны  «Үлкен Алматы»  деп те атаймыз. Біз оны Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп әзірледік. Қазір Үлкен Алматыда – яғни қала маңындағы аудандарды қосқанда – 3 млн. адам тұрады. Біздің есептеуімізше, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш – 5 миллионға жетеді. Осы мәселені шешу үшін біз таяудағы 5 жылда тиісті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары бар 20 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Жыл басынан бері Алматыда 40,4 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Иә, Алматы қарыштап дамыған қала. Алматыда өткен он айда барлық саланың экономикалық көрсеткіші 104 пайызды құраған. Атап айтар болсақ, 6 негізгі саланың, яғни өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс салаларының экономикалық даму көрсеткіші 104,9%-ды құраған. Сондай-ақ тұрғындар табысы өскен. Кәсіпкерліктің өрісі кеңіген. Жұмыссыздықтың алдын алу бойынша жүйелі іс-шаралар қолға алынған.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 19 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, 6 мың адам уақытша жұмысқа орналастырылды.  NEET санатындағы жұмыс істемейтін азаматтар мен жастар үшін біз базарларда, вокзалдарда, жәрмеңкелерде 12 мобильді жұмыспен қамту орталығын аштық. Сондай-ақ, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (505 мың теңге) гранттар бөлеміз. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі біршама қысқарды. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 5,1%-ға (2014 жылы – 5,5%, 2018 жылы – 5,2%) тең», – деді Алматы қаласының әкімі.

Бақытжан Сағынтаев алматылықтардың Өмір сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды бірінші кезекке қойыпты. Қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше мән беріп отырғандарын атап өтті. Мәселен, тұрғындарды ауыз сумен 100% қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 23 шағын аудандағы 105 мың тұрғынды сумен және кәріз жүйесімен толық қамту бойынша барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар 208 көшеге жарық орнатылған. Келесі жылы тағы 1176 көше ақ самаладай жарқырамақ. Бұдан бөлек әлеуметтік салалар мәселелерін шешу бойынша арнайы жобалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

«Жылдың басынан 672 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілді.  Абаттандырылған аулалардың үлесі 55%-ға жетеді. 2020 жылдан бастап «Менің аулам» ауқымды бағдарламасын бастаймыз. Алдағы 2 жылда аулаларды абаттандыруды 100%-ға аяқтаймыз.   Қысқа мерзімді міндет – жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы  жолдардың үлесін – 75%-ға жеткізу. 231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алматы әкімдігі инвестиция тартуға да ерекше басымдық беріп отыр. Бүгінде Алматы бизнес жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы қала болып отыр. Doing business рейтингінде Алматы қаласы өңірлердің арасында бірінші орынды иеленді. Ал, күні әлемнің алпауыт қаржыгерлері келіп АЛматы инвест-2019 форумына қатысқанын айта кету керек. Өмір, кеңінен қорытынды жаңалықта жеткізем. Сөз өзіңде

Үлкен Алматыны дамытудағы негізгі мақсат – көлік инфрақұрылымын жақсарту. Жоспар аясында Үлкен Алматы айналма автожолына 6 көшені қосу жоспарланған. Көлік қатынасын ұйымдастыру бойынша шаһар аумағында 3 көлік-алмастыру хабы, облыстың 5 елді мекенінде автобекеттер салынады. Жақын арада батыс және шығыс бағыттарда – Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді мекендеріне қатынайтын  электричкалар қозғалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Агломерация шеңберіндегі бірлескен жұмыстың маңызды бағыты – бұл азық-түлік белдеуін ұйымдастыру. Алматы жыл сайын 1 млн. тоннадан астам өнім тұтынады, соның 60%-ы Алматы және Алматы облысы компанияларының еншісінде. Өнімді өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша коммерциялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Қаланың төңірегінде 4 көтерме-тарату орталығы, 2 ет комбинаты, 7 жылыжай, 2 сүт фермасы салынатын болады», – деп алдағы күндердің жоспарын да жайып салды.

«Ал, үшінші ең маңызды құжат –  «Алматы-2050»  ұзақ мерзімді даму стратегиясы құрылған. Ол Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленіп, қазір тұрғындардың арасында жария талқылауға ұсынылды» – деді әкім. Бұдан бөлек, қаланы дамытудың 7 негізгі стратегиялық бағыты да бекітілгені белгілі болды.

Адам денсаулығынан асқан не бар тірішілікте?  Оған да баса назар аударылып жатқаны қуантты. Келешекте Алматыда 30-дан астам дәрігерлік амбулатория ашылады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев брифинг барысында айтты. Оның есебінше, саладағы жағдайды білу үшін қаладағы барлық медициналық мекемеде аудит жүргізілген. «Ауруханалар мен емханаларда 30 мыңнан астам медициналдық жабдық пен 10 мыңнан аса техниканың тозығы жеткен. Осыны ескере отырып, әрбір аудандардағы мекемелердің техникалық базасын жақсарту үшін 3 жылдық жоспар жасадық. Бұл мақсатқа 60 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. 2020 жылы 20 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алынады», – деді шаһар басшысы.

Алматы әкімдігі мектеп тапшылығын қалай жоятыны туралы да пікір білдірді. «Бүгінгі күні Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы 30 мыңды құрайды. Ал балабақшалардағы орын тапшылығы – 20 мыңнан астам. Бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік-жеке әріптестік қағидасы бойынша мектептер салу бағдарламасы әзірленді. Таяу арадағы екі жыл ішінде шамамен 13 мың орынды сегіз мектеп салынатын болады», – деді Алматы әкімі.

Қала басшысының айтуынша, 2020 жылдың басында 790 орынды бес балабақша пайдалануға беріледі, жаңа оқу жылында 1800 орынды екі мектеп және бұрыннан бар мектептердің жанынан 2017 орынды бес қосалқы нысан іске қосылады. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жолымен жеке бизнес тартылуда. 2020-2022 жылдары жеке инвестициялық есебінен 2240 орынды төрт мектепті, 8000 орынды 300 балабақшаны ашу жоспарлануда.

«Осылайша аталған шаралар екі ауысымда білім алатын мектептердегі тапшылықты 30 мың орынға қысқартады, сонымен қатар, балабақша кезегін 10 мың орынға азайтады», – деді Бақытжан Сағынтаев.

ЖУРНАЛИСТЕР САУАЛЫ ДА ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАДЫ

Алматы әкімі баяндамасының соңында  журналистердің барлық сұрақтарына  жан-жақты жауап беріп ағынан жарылды. Әкімге қойылған өзекті деген сауалдарды сұхбат ретінде оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласы әкімі қызметіне тағайындалған соң, оның пәрменімен Сейфуллин даңғылы жезөкшелерден тазартыла бастағаны жиі жазылды. Журналистер тарапынан «түнгі көбелектермен» қала әкімінің қалай күресіп жатқаны жайлы қызық сұрақ қойылды.

Сұраққа қала басшысы: «Алматы-1 вокзалының орталық алаңына келдік. Онда адамдар тұр екен. Олар маған Сейфуллин даңғылының бойында тұратынын, көше үлкен болса да, кешке және түнде аулаға шығуға, балаларын шығаруға қорқатынын жеткізді. Сондай-ақ бұл ауданның тұрғындары көшеде күдікті адамдардың көп жүретінін айта келе, өз қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Мұнда маскүнемдер өте көп екен. Себебі, вокзал бар ғой. Аулаларда нашақорлар отырады. Далаға шығу мүмкін емес. Сондай-ақ жеңіл жүрісті қыздар да бар. Бұл шағын ауданның тұрғындары «бірдеңе істеңіздерші» деп өтініш айтты. Менің ойымша, мұндай жағдай ешкімге ұнамайтыны анық. Сондықтан тапсырма берілді. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді.

Оның мәліметінше, ауданда жұмыс жүргізілген соң, жағдай өзгерген. «Бүгін біз көшедегі жарықтандыру жүйесін, аулаларды модернизациядан өткізіп жатырмыз. Онда тұру қолайлы болу керек. Мақсат оларды ұстап, бірге жерге апару емес», – деді Алматы қаласының әкімі.

Айта кетейік, осыған дейін Бақытжан Сағынтаевтың пәрменімен Алматыдағы Сейфуллин даңғылы жезөкшелерден тазартыла бастағаны белгілі.  Бір түнде полицейлер тәнін саудалаған 50-ден астам әйелді ұстағаны сөзімізге дәлел.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерге қол қойған еді. Түзетулер басшылардың, соның ішінде министрлер мен әкімдердің сыбайлас жемқорлық үшін оларға бағынышты адамдарды тартқан жағдайда дербес жауапкершілігін белгілеу туралы норманы қамтиды. Осыны негізге алған журналистер Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтан қоластындағы жемқорлар үшін отставкаға кетуге қатысты  пікірін білмекке талпынды.

Қала әкімі: «Заң ол заң, оның нормаларын орындау қажет. Құдай сақтасын, егер де қол астындағыларым сотқа тартылып және оның кінәсі дәлелденіп, үкім шығып жатса, заң бойынша мен отставкаға кетуім керек. Бірақ Президент айтқандай, отставка туралы өтінішті қабылдау немесе қабылдамау – Президенттің құқығы. Сондықтан мен заң нормалары бойынша әрекет етемін», – деді.

«Премьер-министр мен әкім лауазымының айырмашылығын сезініп жатырсыз ба?» деген сұрақ та қойылды.

«Премьер-министр болмай тұрып та әкім болғанмын. Павлодар облысында қызметте болдым. Әкім болып, премьерлікке – кейін қайта әкімдікке келдім. Мұндай жұмыс істесек – шаршау деген болмау керек. Шабыттана атқарған абзал. Қай қызметте болсаң да жан-тәніңді беріп, жұмыс істемесең – отырған орыннан ешқандай пайда болмайды. Мәселе бастық болғанда емес. Қай қызметте отырсаң да осы. Ең бастысы сенімді ақтау керек. Халықтың үміті зор. Мысалы, Үкімет басшысынан кейін әкімнің мүмкіндігі жоғары. Өйткені, сенің көзқарасың басқаша. Премьер болғанда бүкіл Қазақстанның экономикасын қарап отырдым. Ал мұнда шешім шығару қабілетің басқаша қалыптасады. Үлкен тәжірибеден өтесің. Бұл жөнінде жасаған бес айдың ішінде бағдарламаларымыз – Үкіметте жиналған тәжірибенің нәтижесі», – деді әкім.

 Атакенттегі «әйгілі» тиіннің мүсініне қатысты тілшінің сұрағы да жауапсыз қалмады.

«Бәрін де тиін мәселесі қызықтырады. Бір жағынан бүкіл проблема тиінге тіреліп жатса – мен оған қуанамын. Яғни, басқа тірлік пен жұмыстың бәрі, жұрттың көңіл-күйі орнында деген сөз. Тиін мәселесі – жеке жоба. Ол сабаннан жасалған. Тозығы жеткен. Ол алынып, үсті брезентпен жабылып тұр. Сол жеке жобаның иелері қазір біздің басқармаға шығып, жандандыру мәселесі бойынша ұсыныстарын айтып жатыр. Желтоқсанда жоба ұсынылып, тұрғындармен келісер болсақ, онда бізде қарсылық жоқ. Әйтпесе өзара келіспесек басқа шешім қабылданады», – деп оған да нүкте қойғандай болды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа  кәсіпкерлікті қолдаудың нақтылы шаралары туралы да сауал жолданды.  Әкімнің айтуынша, ең алдымен, мәдениет, туризм, көлік, логистика және ІТ-инновация салаларында кәсіпкерлікті дамытуға назар аударылады екен. «Отбасылық бизнесті, соның ішінде көпбалалы отбасылардың кәсіпкерлікпен айналысуына ерекше мән беріледі. Сондықтан Алматыда «Бақытты отбасы» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында әйелдерді кәсіпкерлікке үйрететін «Isker Ana» бағдарламасы қолға алынды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін олардың жұмыс орындарында тәлімгерлік пен тәжірибе жинақтау орталығын ашу жоспарда. Бұл игі бастама жыл соңына дейін іске асады», – деді. Оның айтуынша, кәсіпкерлікке жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Алматының алты ауданында «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы құрылған. Мұнда барлық меморгандардың, даму институттары мен монополистердің мамандары қызмет көрсететін болады. «Басты міндет – жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету.Мемлекеттік органдар өздерінің қажеттіліктеріне біздің кәсіпкерлер шығаратын өнімдерді алулары тиіс»,- деп атап өтті Б. Сағынтаев. Айта кетерлігі, Алматыда ШОБ субъектілерінің саны – 185 мың. Олар қаланың ЖІӨ 40%-ын, салықтың 64%-ын қамтамасыз етеді, олар 600 мыңнан астам жұмыс орнын ашқан.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қанша жалақы алатыны осы брифингте белгілі болды. Сағынтаевтың жалақысы 950 мың теңге.  Алайда салықты алып тастағанда 700 мыңнан сәл ғана асады екен. «Жалақым барлық әкімдікіндей. 950 мың теңге шамамен. Қолыма тазасы 700 мыңнан аса аламын. Салық бар, білесіздер», – деді Алматы әкімі.

Журналисттерді қызықтырған сауалдың бірі  «қалаға азық-түлік қайдан әкелінетіні және олардың бағасының жиі-жиі құбылып түратыны төңірегінде өрбіді.

Қала әкімінің айтуынша, азық-түліктің басым бөлігі қалада өндірілмейді, өзге елді мекендерден тасымалданады екен. «Азық-түлікті басқа өңірлерден тасымау үшін Алматы облысындағы әріптестерімізге жүгіндік. Егер жобаларды дұрыс жүзеге асырсақ, олардың қалаға азық-түлік жеткізіп тұруға мүмкіндіктері болады.

Біз қазір етті оңтүстік өңірлерден алып жатырмыз – Жамбыл, Түркістан облыстарынан. Ал Өзбекстан нарығына жол ашылғанда, оларға етті сол жаққа өткізу тиімді бола түсті. Сондықтан да бұрын алып жүрген етіміздің мөлшері азайып, дефицит пайда болды. Ол бағаның өсуіне әсер етті», – деп түсіндірді қала басшысы. Ол бұл мәселені шешу үшін өңірдің ет өндірушілерімен кездесіп жатқанын мәлім етті. Сондай-ақ Сағынтаев нан бағасына байланысты аймақтағы нан өндірушілерімен де жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әкімнің сөзінен, нан бағасының өсуіне жол бермейтін келісім бар екені белгілі болды.

Алматы әкіміне бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек айтқандай «қалада 500 теңгеге тамақтануға бола ма?» деген журналистке Сағынтаев,  қалаған адамға бұндай бағамен тамақтануға болатын орын табылатынын жеткізді. «Мүмкін бар шығар, мүмкін жоқ та шығар. Әркімнің жолы болғанына байланысты», – деп жауабының артын қалжыңға бұрды.

Нағашыбай Қабылбек

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.