БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ БАСЫ КӨБЕЮДЕ

0
1728

Жуырда «Nur Otan» партиясы, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, «Ел Ана» саяси сайты және «Qazaqstan dauiri» газетінің бірлескен «Ауыл-ел бесігі» экспедициясы Батыс Қазақстан облысында  

ІРГЕЛІ КООПЕРАТИВКЕ АЙНАЛҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ

Іссапардың алғашқы күнінде Орал қаласында жуырда жұмысын бастаған «Шамшырақ» ауыл шаруашылық өнімдері кооперативіне ат басын бұрдық. Шаруашылық басынан табылған кооператив басшысы Қуаныш Бақытұлы бұрынғы кәсіптерінің аясын кеңейтіп, кооперативтің жұмысына енді кірісіп жатқандарын жеткізді. Шаруашылық аумағында жылқы мен қой тұратын орын, мал соятын цех және оқу орталығы ғимараты орналасқан. Қолға алған кәсіптері жайлы әңгімелеген Қуаныш Бақытұлының мамандығы негізінен құрылысшы болғанымен, мал шаруашылығына аңсары ауған. «Мұндай шаруа бізге таңсық емес.Қолыңнан келетін іспен неге айналыспасқа?! Ауылдан шыққан азаматтардың ішінде төрт түліктің қыр-сырын білмейтіні болмайды» деген жерлесіміз бойындағы патриоттық сезімін де жасырмады. Біз Қуаныш Бақытұлының әңгімесін тыңдай жүріп, шаруашылықты аралап шықтық.

– Осы шаруашылықты ашуға 400 миллиондай қаржы жұмсадық. Мемлекет берген жердің бір бөлігін егін шаруашылығына арнаған едік. Қалған бөлігін мал жайылымына пайдаланамыз. Қазіргі уақытта 450-дей жылқымыз, 1500 қойымыз, 350-дей ірі қара малымыз бар. Елуден астам жұмысшы еңбек етуде, – деді ол. Жұмысын енді бастаған кооперативте жоспарлы жұмыстар өз уақытын күтуде. Шаруашылық алаңын толық игергеннен кейін 800 басқа дейін ірі қара мен 1500-2000-дай ұсақ  мал ұстайтын жағдай жасау жоспарланған. Оған қоса Қазталов, Тасқала аудандарындағы қосалқы шаруашылықтарды қатар дамыту көзделуде. Әсіресе, асыл тұқымды мал өсіруге басымдық берілмек. Мал соятын орын ашумен шектеліп қалмай, ет өнімдерін дайындайтын цех ашу да жоспарда бар. Оған қоса етті экспорттау мақсатында шетелдік компаниялармен келісімшарт жасалып жатқанынан хабардар болдық. Қуаныш Бақытұлы келешекте шағын ипподром ашып, мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия емін жүргізгісі келетіндерін де жасырмады.

Бір орында тұрақтап қалмай, дамуды көздейтін кооператив өкілі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алудың қиыншылығына тоқталды. – Әсіресе, субсидия алу қиын. Министрлік ауысқан сайын бұрынғы бағдарламалар күшін жойып, жаңасы ашылады. Мұндай тұрақсыздықтың кесірі шаруаларға тиеді. Ұзақ мерзімді мемлекеттік тұрақты түрде бағдарламалар жүзеге асырылса дейміз. «Ғұмыры» қысқа бағдарламалар шаруаларға тиімді емес, – деді кәсіпкер.

«Шамшырақтың» басқа шаруа қожалықтарынан ерекшелігі – өз істерін ғылыммен ұштастыра білулерінде. Мұндағы оқу орталығына жергіліктіаграрлық-техникалық оқу орындарының студенттері келіп, өздерінің теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітеді

Бұл күні оқу орталығындаветсанитария мамандығының 3-4 курс студенттеріне арналған тәжірибелік дәріс жүргізіліп жатыр екен. Келешектің еншісіндегі тағы бір жоспар – оқу орталығында лаборотория ашу.

ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІПТІҢ НӘСІБІН КӨРГЕН МАРИНА

Оралда бау-бақша шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – кәсіптерін отбасылық табыс көзіне айналдырған «Клад» жеке кәсіпкерлігі. Қала маңындағы Круглоозерный кентіндегі бау-бақша шаруашылығында бізді кәсіпкер Марина Кладчикова қарсылады. Бау-бақша шаруашылығына ерте бастан қанық болған отбасы 2003 жылы өз кәсіптерін заңдастырып жүзеге асыра бастаған.

– Тұтынушылардың сұранысына сай экологиялық таза, дәруменге бай көкөністер егеміз. Бақшамызда сәбіз, картоп, кәді, асқабақ және қырыққабат пен қызанақтың, қиярдың, тәтті бұрыштың бірнеше түрі өсіріледі. Көктемгі ауа райы қатты суытып кеткен жағдайда  шығынға ұшыраймыз, әрине. Бірақ соңғы екі жылда мұндай қиындықтарға кезікпей, өнімдерімізді уақтылы жинап алдық. Мемлекеттен тыңайтқышқа субсидия аламыз, – деді кәсіпкер.

Жыл санап кәсіптері өркендеп, бау-бақшаларының аумағын кеңейткен «Клад» жеке кәсіпкерлігі –Оралда тамшылатып суарудың жаңа технологиясын бірінші болып қолға алған шаруашылық. Жерді де жүйелі пайдалана білетін бағбан көкөністер жақсы жеміс беру үшін олардың орнын өзара алмастырып отыруды ұмыт қалдырмайды. Қысы-жазы еңбектенетін отбасы жылыжай және жеміс-жидек өсіретін бақ шаруашылығын қатар дамытуда. Жылыжай кешенімен айналысу кез келгеннің қолынан келмейді, ол үшін қалыптасқан дағды, тәжірибе, кәсіби шеберлік қажет деп санайды олар. Бұл ретте ортақ іспен айналысатын оралдық шаруалар өзара кеңесіп, тәжірибе алмасып отыратынын айтты. Ал алма бағына алмұрт, өрік, жүзім, құлпынай, таңқурай сынды жемістер отырғызып, кәсіптерін ұлғайтып келеді.

Отбасылық кәсіпті өрістетіп, несібелерін молайтып жүргенмен, жұмыс күші қиындық келтіретініне қынжылды. Ауыл адамдары күніне төленетін еңбекақы мен тегін көкөніс-жеміске ие болуға құлықсыз.

Биыл Марина Кладчиковаға  батыс қазақстандық делегациямен бірге Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ауыл әйелдерінің ІІ республикалық форумына қатысу бақыты бұйырған. Нәтижесінде өзге өңірлердегі  шаруашылықпен айналысатын нәзік жандармен өзара бас қосып, тәжірибелерімен бөліскен.

Біз сапар барысында облыс орталығындағы шаруашылықтардың екеуіне ғана аялдадық. Жалпы қаланың аграрлық секторындағы 56 ауыл шаруашылық  құрылымының негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру. Соның 12%-ы ғана қосымша мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ қаланың Зачаганск кенті маңында «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС аумағы 55000 шаршы метр ең ірі жылыжай кешенін салуда.

ТАСҚАЛАДАҒЫ ТОЛЫМДЫ ІСТЕР

Сапарымыздың екінші күнінде облысымыздың Тасқала ауданына жол тарттық. Аудандағы «Арғымақ» шаруа қожалығы мен «Taskala-EtBKO» ЖШС-да болып, олардың тыныс-тіршілігіне қанықтық.

Шаруаның басын малдың патшасы – жылқы ұстаумен бастаған «Арғымақ» ШҚ-ның иесі Асқар Ликеров өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жетпіс миллион несие алып, қорасын сиырмен толтырыпты. Алдымен Ресейдің Тамбов қаласынан – 65, кейін Чехиядан 32 бас сиыр малын әкелген. Оған қоса 60 бас жергілікті Зеңгі баба тұқымын қолға алған. Шеттен әкелінген малды жергілікті аймаққа үйрету үшін уақыт қажет.  Ал олардан жергілікті өңірге бейімделген төлдер алынады.

– Үш жыл ішінде айтарлықтай нәтижеге жете қоймадым. Әлі жасалатын жұмыс көп. Қазіргі уақытта шаруашылықта 140 жылқы, 600-700-дей қой бар. Басты мәселе – жұмыс күшінің жеткіліксіздігі. Елімізде атаулы әлеуметтік жәрдемақы төлеу жүйесі енгізілгелі адамдар еңбекке құлықсыздық танытып, жеңіл жолмен ақша алуға жүгіреді.

Екінші мәселе – мемлекеттен берілетін демеу  қаржының шаруалардың қолына уақтылы жетпейтіні. Бұл да біраз қиындық тудырады, – деді шаруашылық қожайыны.

Асқар Ликеров биыл ауыл тұрғындарымен бірлесіп кооператив құрып, бір-біріне көмектесіп, қыстық шөбін жинап алыпты. Келесі жылы жерін дайындап, өзінің төрт түлігін қамтамасыз етерліктей көпжылдық шөп пен шырынды азық егуді жоспарлап отыр. Шаруашылық маңындағы жасанды көлшік те назарымызды аударды. Су мәселесін реттеуді көздеген шаруа көктемде сол көлшікке еріген қар суын жинап алмақшы. Егер пайдасын көріп жатса, оның көлемін кеңейтуді ойластырып қойыпты.

Бұдан соң «Taskala-EtBKO» ЖШС-ның мал бордақылау алаңына бет алдық. Бұл кәсіпті Нұртай Жұмашев пен Роллан Сарбупин есімді азаматтар бірлесе қолға алыпты. Жиырма шақты адам жұмыс жасайды. Құрылысы енді аяқталған кешенде 5120 бас малға арналған сегіз қора дайын тұр. Жобаның басты мақсаты – осы кешенде ірі қараны төрт-бес айдай жем-шөппен азықтандырып, бағып-бақтап, содан соң сауда орындарына еттей өткізу. Алған кезде салмағы тірілей 200 келі тартатын сиыр осы уақыт ішінде салмақ өсіміне байланысты 450-500 келіге дейін тартуы мүмкін.

Жалпы Тасқала ауданының шаруалары егін және мал кәсібін қатар өркендетіп келеді. Мал шаруашылығы саласында асылдандыру жұмыстарын жүргізуге, асыл тұқымды мал сатып алуға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Егін, бау-бақша ісін қолға алған кәсіп иелеріне минералды тыңайтқыш пен гербицидке субсидия беріледі. Әрине, шаруаларға демеуқаржы беру процедурасы біраз уақытты талап ететінін облыстық ауыл шаруашылық саласының мамандары да ашып айтты.

ЕТ ӨНІМДЕРІ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАРЫҚТА

Батыс Қазақстанда биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егісі 516,2 мың гектарды құрап, өткен жылғы көрсеткіш деңгейінде қалған. Нақтыласақ, дәнді дақылдар – 249,0 мың, майлы дақылдар – 78,9 мың, картоп, көкөніс-бақша дақылдары – 9,6 мың, мал азықтық дақылдар – 178,0 мың гектарды құраған. Көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы жүргізуге мемлекет тарапынан барлық қажетті көмектер көрсетілген. Қажетті көлемде 12 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп (литрі – 165 теңгеден), керекті тұқым көлемі әзірленген. Бұдан бөлек, сатып алынған тұқымдардың, тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінген. Тағы бір айта кетерлігі, көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 7% және «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 16% жылдық мөлшерлемемен несиелер берілген. ал «Қазагроқаржы» АҚ арқылы облыс шаруалары 3997 млн. теңгеге 726 дана техника сатып алған.

Негізінен мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір ет өнімдерімен халықаралық нарыққа шыға бастады. Ірі қара малы мен қой еті Ресей, Белоруссия, Армения, Иран Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Азербайжан және Қырғызстан елдеріне экспортталады.Соңғы бес жылда жоғарыда аталған мемлекеттерге аймақтан 10,3 мың тонна сиыр еті мен ет өнімдері, 1,4 мың тонна қой еті экспортқа шығарылған.Соның ішінде қой етін Еуразиялық экономикалық одаққа және Иранға шығару 3,5 есеге артқан. Сиыр етін экспорттау саласында да өсім байқалғанымен,кемшін тұстар да жоқ емес. Республика бойынша Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі бойынша – 15 орында, өңір экономикасындағы саланың үлесі соңғы жылдары кеміп барады. Мұның себебін облыстық ауыл шаруашылық мамандары құрғақшылықтың салдарымен түсіндірді.

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылғандар 71,2 мың адамды құраған. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1500,0 мың теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Бұл ретте жалпы қосылған құн көлемін  85,4 млрд.теңгеге көбейту көзделуде. Облыс аудандарында 16,3 мың басқа арналған барлық инфрақұрылымдармен жабдықталған 12 мал бордақылау алаңы жұмыс жасайды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қайта өңдеу кәсіпорындарымен шығарылатын өнімнің ассортиментін, сапасын және көлемін кеңейту мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Заман талабына сай агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру аясында өсімдік шаруашылығы бойынша өткен жылы алты ілгері шаруашылық және мал шаруашылығы бағытында бес смарт-ферма құрылса, 2022 жылға қарай бұл көрсеткішті арттыру жоспарлануда. Ал егістерді цифрландыру жұмыстары толықтай аяқталған. 548 жер пайдаланушысымен 605,3 мың гектар алқапқа2752 электрондық карта енгізілген.

Мемлекеттік қолдаулардың арқасында соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар мен асыл тұқымды мал басы артып келеді. Айталық, 2013 жылы облыс аумағында не бары 46 шаруашылық болса, биыл олардың саны 277-ге жеткен.Мұндай қолдаулар мал өнімділігінарттыруға да оң әсер етуде. Тұқымдық түрлендіру жұмыстары басталмас бұрын ірі қара мал басының орташа тірілей салмағы 320 келіні құраса, қазіргі күнде бұл көрсеткіш – 342 келі.

Мал басын асылдандыру мақсатындаселекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу, сатып алынған отандық және шетелдік асыл тұқымды малдардың құнын арзандату, қолдан ұрықтандыру жұмыстарының шығындарын өтеу, табынның өсімін молайту бағытында пайдаланылатын асыл тұқымды аталық ірі қара және ұсақ малдарды күтіп-бағуға да мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Сондай-ақ қолда бар төрт түлікке отандық асыл тұқымды генетикалық ресурстарды, шетелдік жоғары өнімді мал басын тиімді пайдалану арқылы асылдандыру жұмыстарын қарқындату жүзеге асырылуда. Осы мақсатта жеңілдетілген несиелеу қарастырылған.

КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕ

Жиі өзгеретін ереже – бизнеске қауіпті

Мал шаруашылығын дамытуға берілетін демеуқаржыларды берудегі ережелерге соңғы үш жылда алты рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бұған негізгі себеп – мемлекеттік қызмет процесін оңтайландыру, ішінара автоматтандыру, аграрлық сектордағы қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламалар әсерін тигізуде. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы тарапынан құзырлы министрлікке  субсидиялау ережелерінің өзгеруі бизнестің тұрақтылығына қатер туғызуына орай мемлекеттік қолдау шарттарына өзгерістер енгізген мерзімнен кейін үш жылда өзгерістер енгізбеу жөнінде ұсыныс хат жолданған.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» 2019 жылғы 6 маусымдағы №228 бұйрығымен бекітілген субсидиялау қағидасында асыл тұқымды қойлардың аналық мал басын несиеге сатып алу бағытын субсидиялауға 8,0 мың теңге қарастырылған. Тек субсидиялар кредитті өтеу есебі үшін қаржылық институттардың арнайы шотына аударылады. Биыл селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге – 226,4 миллион, асыл тұқымды қойлар сатып алуға – 10,2 миллион,қозы өткізу құнын арзандату бағытына – 45,0 миллион теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілген. Енді қой өсіруші тауарөндірушілер алдындағы облыстық басқарманың берешегі 112,4 млн. теңгені құраған. Осы берешекті және ағымдағы жылға өтінім берілуі жоспарланған көлемдерді қанағаттандыру үшін қой шаруашылығын дамытуға, оның өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша 306,5 млн. теңге қаражат сұратылған.

Өңірдегі эпизоотиялық ахуал

Облыстық ветеринария басқармасынан алынған ақпарат бойынша,аймақта құтыру, қарасан, пастереллез, брадзот сынды жұқпалы мал аурулары кездеседі. Соңғы үш жылдық көрсеткішті алып қарасақ, 2017 жылы құтыру мен қарасан ауруының әрқайсысы бес-бестен тіркелген. Ал былтыр малдың құтыру дерті 13 баста байқалса, биыл қарасанға шалдыққа мал басы 22-ге жеткен.

Тұрғындарды үрейлендіретін тағы бір мал індеті – бруцеллез. 2017 жылы облысымызда зерттелген 690310 бас мүйізді ірі қараның 9025-інен аталған ауру анықталыпты. Ал өткен жылы 719611 бастың – 9431-і, биыл 683159 мүйізді ірі қараның – 7926-сы бруцеллезге шыққан. Өңірдегі ұсақ малдарды бруцеллезге тексеру барысында 2017 жылы – ауруды зерттеу себебімен қан алынған 1633757 бастың 2397-сінен, 2018 жылы – 1783967 бастың 1230-ынан, ал үстіміздегі жылы – 1346352 бастың 1478-інен осы індет табылған. Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Ташимов мал ауруы шыққан шаруашылықтарға, елді мекендерге 14-21 күнге дейін сырттан мал әкелуге немесе оны шығаруға шектеу қойылатынын айтты.

Батыс Қазақстанда төрт түлікпен айналысатын шаруалар қатары да көбейгенін жоғарыда да атап өттік. Оларды асылдандыру, көбейту мақсатында шет аймақтар мен елдерден мал тасымалдау жұмыстары қатар жүргізілуде. Мал ауруларының таралуына бірден-бір себеп осы жағдай деп санайды ветерина саласының мамандары.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің

БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.