ЖОЛДА ТОСҚАУЫЛ АЗ, МАЛ КӨП

0
2368

 

Теміржолдың қауіпті аймақ екенін бәрі де біледі, сөйте тұра пойыз астынан өтетіндер, малды жол бойына жаятындар азаймай тұр. Оған қоса еліміздің аймақтарында өткелдердегі көлік пен пойыздың соғысуы да орын алып келеді. Жуырда Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде көлік прокуратурасы, көлік инспекция, желілік полиция бөлімшесі, теміржол салалық құрылымдары қызметкерлері қатысқан жиын осы тақырыптарға арналды. Атырау магистральды желі бөлімшесінің директоры Елеубай Сапаровтың айтуынша, биылғы жылы қозғалыс қауіпсіздігін бұзу, адам басу, жол-көлік оқиғалары тіркелмеген. «Жолда – адам» ережесіне сәйкес теміржолдан рқсат етілмеген жерден өту бойынша алдын-алу жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Аталған тақырыпта елді мекендер мен мектептерде 923 адамның қатысуымен 14 жиналыс өткізілген, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланған. Соған қарамастан жаяу жүргіншілер өткелі бола тұра, адамдар рұқсат етілмеген жерден және  пойыз астынан өтуді тоқтатар емес. Әсіресе қауіпті саналатын жерлер Атырау-Махамбет, Махамбет-Қызылжар, Бақсай-Аққыстау, Құлсары-Шоқпартоғай аралықтары.

Теміржолшының айтуынша бұл мәселелерді жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қарым-қатынасынсыз атқару мүмкін емес. Мал бағу ережелері туралы мыңдаған адамға үзінді көшірме берілсе де, 2019 жылдың 10 айында жол бойындағы малдың кесірінен жүріп келе жатқан пойызды 27 шұғыл тоқтату орын алған. Ал ол компанияға шығын келтіретін құбылыс. Былтыр осындай 57 оқиға орын алып, мал басудың 11 оқиғасы тіркелген. Ақырында малдың 8 иесі табылып, оларға әкімшілік жаза қолданылса, қалған үшеуінің иесі ақыры таптырмай кеткен. Шұғыл тежеудің шығын орнын «ҚТЖ» АҚ өтеуге тиіс. Сондықтан бұл жерде мал иелері мен жергілікті әкімдікті шығынды төлеуге міндеттеуді заң жүзінде бекітудің қажеттігі туындайды.

Атырау магистарльды желі бөлімшесінде жыл сайын жол дистанцияларының өз күшімен теміржол бойын малдан оқшаулау, қоршау, яғни тосқауыл-шарбақ салу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде 224 шақырымда қоршау бар, ол барлық ұзындықтың тек 27 пайызы ғана. Соның ішінде Атырау жол дистанциясы бойынша 118 шақырым Сағыз-Мақат-Атырау-Ганюшкино-рздД.Нұрпейсова және Құлсары дистанциясы бойынша Мақат-Құлсары-Бейнеу учаскесінде 106 шақырымды алып жатыр. 2015 жылдан бастап Атырау магистарльды желі бөлімшесіне қарасты жол дистанциялары бойынша жолдарға мал өтпейтін шарбақ салу жұмыстары бір жылында 6, енді бір жылда 18, 10, шақырымдарға жүргізілген. Ал 2018 жылы 36 шақырым жоспарланса, нақты 54,4 шақырымға жасалған. Биылғы жылдың 10 айында жоспардағы 48 шақырым орынына 55 шақырым салынып, 17 шақырым қоршау жөнделген. Бөлімше қаражатына мал иелеріне 1000 дана жарықшағылдырғыш таратылған. Оның көмегі сол, түнгі уақыттарда мал мойнына байланған жарықшағылдырғаш машинистерге жарық беріп, алыстан көрініп тұрады. Мал басудан қорғайтын осындай шаралар орындалып жатыр, әйтсе де жол қапталын түгел қоршаса ғана мал басудан қорғануға болады, ал оған қыруар қаражат қажет екен… Тығырықтан шығу үшін Атырау магистральды желі бөлімшесі басшылығы мал көп жүретін темір жол аймақтарында жол қорықшы (объездчик) лауазымын енгізген. Е,Сапаровтың атап өткеніндей, осы екі әдістің (жарықшағылдырғыш пен қорықшы) нәтижесі айтарлықтай зор болып келеді. Нәтижесінде биылғы жылы мал басу оқиғасы тіркелмеген.

Жиында қаралған тағы бір мәселе – өткелдердегі жағдай. Биылғы жылы қыркүйекте Шамалған өткелінде болған пойыз бен жолаушы автобусы соғысқан оқиға ұмытыла қойған жоқ. Сондай жағдайларды болғызбас үшін бөлімше алдын алу шараларын қарастырып, мекемелердің автомобиль жүргізушілерімен 20 жиналыс өткізіп, мыңдаған адамдарға темір жол өткелінен өту ережелері жазылған үзінді көшірме таратқан және бөлімше өз тарапынан өткелдерде бекітілген жылдамдықты 60 км/сағаттан 40-қа түсіру шарасын орындауда. Сонымен қатар Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне барлық темір жол өткелдерінде «Сергек» бейнекамерасын, жол білгілерін орнату жөнінде қызметтік хат жазылған.

Қосұйым Мұқашев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.