«Болашақтың» жастары шетелден неге оралмады?

0
583

Отызыншы жылдардағы нәубет кезінде қазақ халқы зорлық-зомбылықтың салдарынан шекара асып, үдере көшті. Қазір айдың күні аманында, тәуелсіз ел болған кезімізде неге шетелдерге қарай жөңкілдік? Әсіресе олардың ішінде жалынды, ақылды жастарымыз көп. Әрине, оларды ешкім қуғындап жатқан жоқ. Сонда оған не себеп? Салдары неде?

Бірінші себеп күкөрістің қамы.

Екіншіден біздің елімізде жалақы мөлшері төмен.

Үшіншіден мұнда еңбектері дұрыс бағаланбайды.

 Төртіншіден баспана мәселесі қиын.

Бесіншіден, алтыншыдансебептер жеткілікті, салдары бастан асады. Ал сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Жыл сайын жастар шетелге барып жұмыс істеуге, оқуға көптеп кетіп жатыр. БАҚ-та жарияланған ақпараттан кейбірінің сол елдерде қалып қоятыны туралы білеміз. Оның себептері мен салдары жайында осы мақаламызда ой қозғасақ. Әрбір мемлекеттің болашағы ол жастардың қолында. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар – бүгінгі жастар. Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектін келбеті. Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор. Қазақстанда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған 50-ден астам жас маман Отандарына оралмаған. Олардың кейбірі елде жұмысқа орналасудың қиындығын алға тартады. Қазақстан енді оларды құқық органдары арқылы іздестірмек.

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шетелге оқуға кеткендердің дәл санын айту қиын екенін жеткізді: «Шетелге кеткен балалардың көпшілігі турист ретінде барып, консулдық тіркеуге тұрмайды. Олар оқуға түскенін кейін ғана біліп жатамыз. Бүгінгі күнгі статистика дәл емес. Сол себепті статистика мәліметтерін реттеуге күш салудамыз. Тағы бір айта кетерлігі, қазір біз әлемнің ең үздік оқу орынына түскендерді бірлесе қаржыландыру жүйесін жасауды ойластырып жатырмыз. Мысалы, жақында маған Оксфордқа түскен жігіт келді. Оксфорд университеті оқу ақысын өз мойындарына алғанымен, тұратын жері, тамағы, виза және басқа да шығындарын жаппайды екен. Осындай кездері бірлесе қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса жақсы болар еді. Шығынның бір бөлігін біз жабатын болсақ, оқуға өздері түскен талапкерлер топ университеттерде оқуға мүмкіндік алады. Әрі дипломы қолына тигеннен кейін, Қазақстанға қайтып келіп көрсетілген қолдауды еңбегімен өтеп берер еді», – деді ҚР Білім және ғылым министрі. Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов сыртқа кетуші талапкерлер санының айтарлықтай азайып, шетелге кету тенденциясының төмендегенін де мәлімдеді.

Жастар шетелге
неге құмар?

Шетелге білім алуға кетіп жатқан жастар санының күннен-күнге арта түсуі елді алаңдатып отырған мәселенің бірі. Білімді адам қашанда сұранысқа ие. Адамзат үшін адами капитал барлық құндылықтардан биік тұрады. Тек бар дүниені нарық заңдылығына тірей салатын біздің қоғамда кейде адами капиталдың сапасына мән берілмей қалады. Мұның себебі адам еңбек күші ретінде ғана бағаланады. Сырт елдің жоғары жалақысы мен қолайлы шартына көндігіп, үдере көшкендердің қатарында өз қазағымыз да бар. Тіпті статистикалық мәліметтер қарапайым адамды да ойлантып тастайды. Қазақстаннан шетелге көшіп жатқандарды құшақ жайып қарсы алып отырғандар бар ма? Бұл сұраққа елден кетіп қалған азаматтар түрлі жауап қайтарады. Ал, басым бөлігі Корей, Ресей, АҚШ, Германия сынды алпауыт мемлекеттерде өмір сүру әлдеқайда оңайырақ дегенді сөз етеді. Ал, өз біліміне сеніп кеткен азаматтардың дені елге оралуды әлі де ерте сезінеді. Басты себеп жалақының аздығы.

Шетелде оқып келген жастар көп ақша тапқысы келеді

Шетелдік оқу орнын бітіріп, елге оралған жастар жұмыс таппай жатыр дегенді жиі естіп жүрмін. Жұмыс жоқ емес, бар ғой. 100-150 мың теңгені азырқанып, жұмыссыз жүрген қатарластарымды білемін. «Болашақ» бағдарламасына тапсырғанда елге келгеннен кейін жұмыс істеу туралы арнайы келісімшарт бар. Осы шарт бойынша шетелден алған біліміңді, тәжірибеңді бөлісуің керек. Егер құжатты Нұр-Сұлтан мен Алматыдан тапсырған болсаң, бес жыл, ауылдық жерден тапсырсаң, екі жыл көлемінде мемлекетке жұмыс істеуің қажет. Ол жерде түрлі талап бар. Өз саламды жақсы білсем, мықты маман болсам дегеннен гөрі бірден керемет болып кетсем деу басым тәрізді.
Білімді алыс елдерден іздеген жастардың легі толастамауда. Негізінен «академиялық ұтқырлық» сынды студенттердің алмасуы, басқа елдерге өздігінен барып білім алуы дүние- жүзінде кең тараған үрдіс. Дамыған шет мемлекеттерде оқып, өрісі кеңейіп келген жастардан күтеріміз мол екені белгілі. Дегенмен жыраққа кеткен балалар туған жерге қайтып оралып жатыр ма? Ел экономикасының өркендеуіне қалайша үлес қосуда? Мектепті биыл бітіргендер, бұрын бітіргендер, колледжден кейін келгендерді есептегенде 2019 жылы 117 242 талапкер ҰБТ тапсырған. Ал бакалавриатқа мемлекет тарапынан 53 785 грант бөлінген екен. Көптеген жастар шетелде білім алғысы келеді. Оқу орнын бітіргеннен кейін, сол елде қалып қоятындар да аз емес. Өз қаражаттарымен оқитын қалталы студенттер Еуропа мен АҚШ университтерін жиі таңдайды. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропаға «Болашақ», «Абай – Верн» тәрізді мемлекеттік немесе бірлескен бағдарламалар есебінен қаржыландырылатын дарынды жастардың басым көпшілігі жол тартуда. Қиырда білім іздеуші келесі топ – қиын болса да, баратын елінің тілін үйреніп тегін оқитындар. Олар Германия, Чехия, Польша, Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне барады. Осындай талапты жастар DAAD тәрізді әртүрлі халықаралық стипендиялық бағдарламаларға қатысып, гранттар алуды көздейді. Оқуы тегін, өмір сүру шығынын көбінесе өздері көтереді. Кейбір азаматтар білім алуды сылтау-ратып иммиграция мақсатында Канада, Аустралия, Жаңа Зеландияға кетуді көксейді. Болашағын Қазақстаннан тысқары санайтын осындай жандардың ойы – сол елдің азаматтығын алып, судай сіңіп, тастай бату. Жастардың тағы бір легі оқу ақысы мен өмір сүру деңгейі салыстырмалы түрде арзанырақ Польша, Чехия, Венгрия, Түркия мен Кипрге баруда. Ол елдерде бір жылдық оқу ақысы мен өмір сүру шығыны шамамен 6 мыңнан 11 мың еуроға дейін.
Тағы бір мәселе, қазақ жастарының біразы бүгінде «гастарбайтер» атанғаны рас. Расында да, біздегі дипломы бар мамандардың шетелде жүк тасып күнелтіп жүргені жанға батады. Оңтүстік Кореяға барған шетел азаматтарының егістікте, зауыттарда, құрылыста, мотельдерде қара жұмыстар атқаратыны туралы жазған болатынбыз. Сол секілді шетелге ақша табамын деп кеткендерге де қара жұмыстан басқа ештеңе ұсынылмайды.
«Қазіргі нарықтық заманда екінің бірі еңбек мигранты деп айтсақ, қателеспейтін шығармын. Әсіресе «көршінің баласы шетел асып, бір жылдың ішінде пәтерге ақша жинап қайтыпты» деген әңгімелерді естіген соң шетелге шығып жұмыс істегісі келетіндер күн санап артып жатқанын байқауға болады. «Шетелде айына 4-5 мың доллар табуға болады» деген сияқты әңгімелерді елде жүрген кезде мен де еститінмін. Айына одан да көп табуға болады. Ең бастысы, қажырлы еңбек ету керек, қажырлы дегенді басқаша айтар болсам «жыртылу» керек», – дейді ол. АҚШ-қа көбі туристік немесе студенттік визамен баратын көрінеді, ал бұл визалар арқылы онда заңды түрде жұмыс істеуге болмайды, сондықтан оларға заңсыз жұмыс істеуге тура келеді екен. Айдар өз сөзінде Америкаға келгендерді қандай жұмыстар күтіп тұрғанын айтады.
Әр жұмыстың жалақысы әр түрлі

«Америкаға алғаш келген кезде керемет мамандықтың иесі болмасаңыз, халықаралық тәжірибеңіз болмаса, онда сіз бұл жақта қара жұмыс істейсіз. Көбіне ұсынылатын жұмыс – мувинг, яғни үйді, кеңсені көшіру. Тапсырыс беруші қай жақтан қай жаққа көшу керектігін айтып хабарласқан соң компания 2-5 адамға дейін қызметкерлерін жібереді. Мұнда негізінен 3 қызметкер болады: форман, драйвер, хэлпер. Әрқайсысының жалақысы әр-түрлі. Сағатына формандар 20 доллардан, драйверлер 16-17 доллардан, хэлперлер 14-15 доллардан алады. Одан бөлек шайпұл береді. Ол клиенттің мәрттігіне байланысты 10, 20, тіпті 100 долларға дейін кете береді. Бұл жерде жұмысшылар айына 5-6 мың доллар көлемінде ақша табады. Мұндай жұмысты табу қиынға соқпағанымен бұл маусымдық қызмет түрі болып саналады. Жаз айларында қыза түседі де, қыста мүлде болмауы мүмкін. Сондықтан онда үнемі жұмыс істеу мүмкін емес. Оның үстіне бұл өте ауыр еңбек болып саналады. Бұдан сәл жеңілдеу саналатын такси, тамақ тасу қызметімен айналысатын компанияларға да жұмысқа тұруға болады. Ал қыз балалар үй, кеңсе тазалығымен айналысатын клининг компанияларда жұмыс істейді. Сондай-ақ даяшы, бала күтуші де болады. Аталған жұмыс түрлеріне сағатына 13-15 доллардан төленеді. Шетелде еңбек мигранттарына қара жұмыстан басқа жұмыс табу өте қиын. Кореяның біраз қаласын араладым. Экономикалық жағынан өте дамыған мемлекет. Жұмыс жағына келсек, ол жақтағы жұмыстар өте ауыр. Мен алғаш барған кезде Сеулде болдым. Алғашында қаланы қызықтап жүрдік. Кейіннен ақшамыз таусыла бастады. Тілді де, қайда бару керектігін де білмейміз. Ешкімді танымаймыз. Сөйтіп жүріп құрылыс басында мрамор таситын жұмысқа орналастық. Әрқайсысы 80 келі болатын тастарды арқаңа салып тасисың. Ол үшін күніне 100 доллардан төлейтін болды. Бұл ол жақта көп ақша болып саналмайды. Нәтижесінде бізді алдап соқты, ақшамызды толық төлемеді. Оны істеп отырған кәрістер де емес, сондағы өзбектер. Біз ештеңе де дәлелдей алмадық, себебі біздің құжаттарымыз дұрыс болмаған соң полицияға ұстатып жібереміз деп өзімізді қорқыта бастады. Түнгі 3-те далаға, жаңбырдың астына қуып шықты. Қалтада небәрі 100-150 доллары ғана бар төрт жігіт көшеде қалдық. Арзандау демалыс кешендерінің бірінде екі аптадай тұрақтаған соң Кореяның басқа қаласына кеттік. Жалпы мигранттар үшін ондағы өмірді оңай деп айтуға келмейді. Ол жақта екінің бірі шыдай бермейді. Көп уақыт өтпей- ақ елге қайтып кеткен жігіттерді көрдім. Жұмыс кезінде біреудің саусағын жұлып кеткен, теңізге батып тұншыққан, күш түсіп, жүрегі тоқтап қалғандар да болды. Әрине, жұмыс қаншалықты ауыр болса, жалақы да соншалықты жоғары. Айына 1500-3000 доллар аралықта төленеді. Өз басым Оңтүстік Кореяға баруға болады немесе болмайды деп кеңес бере алмаймын. Бірақ менің басымнан өткендер оңай болған жоқ», – дейді. Шетелдегі жұмыс жағдайы осындай екен. Қалай десек те білімділер елде қалуы керек. «Өз елім, өлең төсегім», «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» дегенді ұмытпай, шетелге ағылып кетіп жатқан жастар ойланса екен.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.