Қызды қырық үйден тыйып ұстаған қазақ халқы қашаннан да қыз бала тәрбиесіне баса назар аударып, ерекше көңіл бөлген. Қыз тәрбиесін құрсаққа бітіп, құндаққа алған сәттен бастап ойлаған текті ұлтымыз оған бүкіл ұлттың анасы ретінде қарап, қадірлеген, қорғаныш болған. Осы орайда, Түркі халықтарының данагөйі Қорқыт атаның «Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес – ана үлгісін көрмесе» деген нақыл сөзі еске оралады. Бала тәрбиесін бесік жасынан ойлап, етек-жеңін ерте жинатқан қазақ халқы ежелден-ақ тағылым мен тәрбиені, ұят пен ибаны бәрінен биік қойған. Бірақ замандар легі алға сырғыған сайын, ұлттық болмыс өзгеріп, қастерлі құндылықтарымыз келесі орындарға жайғасып қалып жатыр. Соның бір дәлелі — ұлт болашағымен кіндігі орамдасқан қыз бала тәрбиесінің тазалықтан айырылуы.

Қазіргінің балғын бикештерінің көпшілігі Жібектей қылықты, Баяндай биязы еместігі бәріне де белгілі. Бірақ ең сорақысы бұл емес. Көңіл қынжылтар жайттың бірі – жыл сайын елімізде кәмелеттік жасқа жетпей жүкті болып қалған жасөспірімдер саны артып келеді. Статистика мәліметтерінен шошырлықтай сандарды көргенде «Зере мен Айғанымдардың тәрбиесінен қалайша айырылып қалдық, қай тұстан олқылық кетті?» деп еріксіз күмілжи бастаймыз. «Бұның себебі неде?» деген ойға баттық. Бәлкім, қазақ қызының аппақ қардай аңғал, сенгіш көңілінен болар, бәлкім, өзгелердің іс-әрекетіне еліктегіштігіміздің салдары болар?!… Әлде, кінә дамылсыз жұмыстың соңында кеткен әке мен анада ма? Әйтеуір, жасөспірім қара көздерімізді тура жолға бағыттап, орны толмас қателіктен аман алып қалу керек болды. Аталмыш келеңсіз жайттарды болдырмау мақсатында Жезқазған қалалық білім бөлімі де тиімді амал-тәсілдерді ойлап табуға кірісті. Бұл – қазіргі қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұсы болатын. Оның жетекшілігімен қала мектептерінде бала тәрбиесі, әсіресе, қыз бала тәрбиесіне қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішіндегі ерекшесі – аналар кеңесінің құрылуы.

Аналар кеңесі ең алғаш 2008-2009 оқу жылында қаламыздағы маңдайалды білім ошағы №8 қазақ гимназиясында «Парасат» деген атпен құрылды. Содан бері аты айтып тұрғандай қазіргі күнге дейін бұл кеңес парасат-пайымның жарқын үлгісін көрсетіп, үздіксіз жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда «Парасатқа» 54 әже мен жас ана мүше. Әр сыныптың көпті көрген, оқыған-тоқығаны мол, көңілі кең, көкірек көзі ояу араларынан құралған Аналар кеңесінің мүшелері ай сайын бас қосады. Жиналып қана қоймай ұлттық бітім-болмысымыз бен рухани құндылықтарымызды дәріптейтін түрлі шаралар мен сайыстар ұйымдастырды.

– «Парасат» деген атауға ие болған білім ошағымыздағы аналар кеңесінің жұмысы ерекше мақтауға тұрарлық. «Парасат» аналар кеңесінің ережесі, міндеттері мен функциялары, өткізілетін іс-шара жоспарлары кеңес мүшелерінің қатысуымен бекітіледі. Аналар мен әжелер халқымыздың бағзыдан келе жатқан салт-дәстүрлерін әрі қарай да жандандырып, дамытып, одан әрі әспеттеп жүреді. Бұл қаймағы бұзылмаған қазақ ауылын көрмей, аспанмен таласқан биік ғимараттар қоршауында өскен қала балалары үшін өте пайдалы деп білемін. «Парасат» ұйымына мүше аналар мен әжелер әлі оң-солын білмес жас өрім қызғалдақтарымыздан алтыннан да бағалы асыл ақыл-кеңестерін аяған емес. Олар оқушы қыздарға әрдайым турасын айтып жөн сілтеп отырады. Аналар кеңесіне мүше емес аналардың да «Парасаттықтарға» айтар алғысы зор, – дейді ұйымға мүше ана әрі ұстаз Сандуғаш Сейтқазинова.
Қоғамда қыз бала тәрбиесімен қатар, ұл баланың да тәрбиесі өте маңызды. Осы орайда ұлдарға түзу жолды көрсетер көреген кеңесші керек-ақ. Сол мақсатпен қазақ гимназиясында «Парасаттың» ізінше әке, аталардан құралған «Ұлағат» әкелер мектебі дүниеге келді. «Ұлағат» әкелер мектебі де «Парасаттықтардан» қалыспай ер балаларға қазақ жігітке тән батылдық пен байыптылықтың ерен үлгісін паш етуде.
Қаламыздағы аналар кеңесі бар екінші мектеп №11 ЖОББМ.
«Отбасы құндылығы – әр шаңырақтың қазынасы болуы керек» деген қағиданы басты ұстанымы еткен аналар кеңесі 2015 жылы құрылған. Қазіргі таңда кеңеске мүше 29 ана мен әже мүше «Халық – ғажап кемеңгер» аталымдары бойынша түрлі шаралар ұйымдастырып отырады.
Иә, бірінші кезекте балаға ата-ана жауапты. Тәрбиені тақтан да жоғары көрген қазақ үшін ұлт тірегі, ұрпағы бәрінен қымбат. Өмірін өнегемен өрнектеген аналар бар да қазақ ғазиз қасиетінен айырылмасы хақ. Мен оған сенемін. Мендегі – жастарға үлгі болып, жөн сілтер үлкендер үзігі үзіліп қалмаса екен деген тілек қана.

Ақниет Тағыберген,
Жезқазған қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз