Тарихқа айналған тағы бір жылды артқа тастап, жаңа жылдың табалдырығын аттадық. Енді басталған жылдан ел болып күтер үмітіміз көп-ақ. Күдік те жоқ емес. Әсіресе, отандық білім беру жүйесінен жаңғыру күткеніміз жасырын емес. Төңкерістей тың өзгеріс орын алмағанымен, біраз жақсылықтың шеті қылтиды. Сол жауқазын жақсылықтарды төменде сөз ететін боламыз.

Көп уақыттан бері күлім келешек үшін қам жейтін қалың қазақтың көкейін тескен бір жайт – мұғалім мәртебесі туралы Заңның пісіп-жетілуі. Жаңа жылда бұл заң тиісінше күшіне еніп, исі қазақты елең еткізді. Тышқан жылында теңгесі молаятын мұғалімдер енді мәртебелі тұлғаға айналатындай ахуалға жетті. Енді «ата-ана қашан келіп қалар екен? Қай күні одан ұрыс естір екенмін?» деп жаутаңдап отыру – өткеннің еншісіне қалды. Қайратымен өткеннің кемшілігінің орнын толтырмаққа қабылданған заң бойынша ата-ана мұғалімнің жұмыс орнына баса-көктеп келіп, дау-жанжал шығара алмайды. Заңмен қатаң шектелген бұл жайт асқынған жағдайда ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Аталмыш заңның қаншалықты пәрменді боларын уақыт көрсетпек. Өйткені «ұр, тоқпағым, ұр» деп үйреніп қалған қайсыбір ата-аналар мұғалімге жекіру дағдысынан бір-ақ күнде тыйыла қояр ма екен? Соңғы ширек ғасырда мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінде басым құқыққа ие болып келген ата-аналардан келер «құқайды» бір ғана заң тармағы тежей ала ма? Жиырма бес жыл «тізгінді» қолға алып «әдеттенген» ата-аналар а дегеннен айылдарын жия қояр ма екен? Бұның барлығы сөз болып отырған заңның зікіріне орындалу үдерісіне тікелей байланысты. Қағазда ғана сайрамай, тұтас қоғамда құдіретін танытса, ұстаздардың мәртебесі асқақтарына шүбә болмас еді.
Жоғарыда аталған заңда қарастырылған және бір жағымды әрі бір қайнауы ішінде қалған өзгеріс – шәкірті республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орын алса, оны баптаған тәлімгеріне үш айлық жалақы мөлшерінде сыйақының берілетіндігі. Әринe, құлаққа жағымды естіледі. Бірақ «сыйақының салмағы» алтынның буындай еліртсе, бұл сыбайлас жемқорлықтың бұрқ-сарқ қайнаған қазанына айналып кетпей ме? Қоғамның қай саласында да бір тыйылмай тұрған жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық ажырықтай қауламасына кім кепіл?
Алты алаштың жанына бір үміт пен бір күдікті қатар ұялатқан мұғалім мәртебесі туралы Заң ұстаздар қауымын қағазбастылық қыспағынан құтқара алмады. Тәлімгерлер таз кепештерін киіп, ұзақ-сонар қағаздарын түгендеген күйі қала берді. Жаңаруды тілеген, һәм сұраған ұстаздың рухы жаңғыра алмады.

Қазақ тілі қашан дара тіл болып оқытылады?

Жаңартылған білім беру мазмұнына көшкелі бері қазақ тілі пәнінің жетіскені шамалы. Атап айтқанда, ұлт сыныптарында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері дәстүрлі кезеңдегідей жеке-дара пән ретінде оқытылмай, қазақ тілі мен әдебиеті деп кіріктірілген күйде оқытылып келеді. Бұл – «жаңарудың» алғашқы жаназасы. Жаназа емей немене? Тіл мен әдебиет деп аталатын екі түрлі пәнді өзара теліп жібергенде не ұттық? Тілі мүкіс, ойы бұлыңғыр, дүбәра ұрпақ бейнесін жасамақпыз ба? Бұлай деуімнің басты себебі – қазақ тілі мен әдебие-ті деген бір ғана атауға ие болған бұрынғы қос пән «жаңарудан» теперіш көріп келеді.Сонда бұл мемлекеттік тілге деген салқын қабақ па, әлде… Не себепті ұлт сыныптары қазақ тілін дербес пән ретінде оқи алмай, оны қазақ әдебиеті пәнімен біріккен ке-йіпте ғана қаужап жүр? Бұл өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлеу алғышарттарын «абайсызда» жойып жіберу ме, әлде шынымен білместік пе? Бұл сұрақтарға Бас ұстаз жауап берер деген үміттеміз.
Бұған керісінше орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндері де қазақ сыныптарында кіріктірілген күйде оқытылады. Орыс тілі қазақ мектептері үшін екінші тіл есебінде топтарға бөлініп оқытылып жүр. Қазақ балалары орыстың тілі мен әдебиетін бір қырық минут аясына біріктіріп оқуда. Бұдан не аңғаруға болады? Тілдік саясаттың тепе-теңдігін бе, әлде мемлекеттік тілдің әлжуаздығынан ба? Әлжуаздығы дейтініміз – қазақ тілі тәуелсіздік алғалы бері ешқашан дараланып, оқшауланып оқытылған емес. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі енді мектеп қабырғасында-ақ шешімі ширыққан шетін мәселеге айналуы бек мүмкін. Өйткені кіріктірілген қазақ тілі мен әдебиеті деген «су жаңа пәннің» берер жемісі шамалы болмақ.
Жаңартылған мазмұнға көшкелі бері «жаңғырдық, жасардық» деп ұрандатамыз. Ал жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі пәнінің жүктемесі көңіл көншітпейді. 5-7 сыныптарда аптасына үш рет қазақ тілін оқып-тоқыса, 8-сыныпта небары екі сағат қана берілген. Неге оқушының болашақ мамандығын таңдар, өмірге қанат қағар жоғары сыныптарда қазақ тілінің жүктемесі жұтаңданып кеткен?
Қазақ тілі үштұғырлы тілдің жай ғана біреуі емес, ең басты тұғыры болуы тиіс!Ал бізде ағылшын тілі тұғырлы болып ақырып тұр, орыс тілі екінші болып осқырынып тұр, ал қазақ тілі өз елінде үштілділік саясаттың салқынында «жанары жасаурап», үшінші орында тұр. Қашан қазақ тілі дара тіл деп мойындалып, қазақ деген Мәңгілік Елдің ана тілі деп асқақталып, алғашқы кезекте абыроймен оқытылатын болады?

Жаңартылған оқулықтардағы кемшіліктер

2019-2020 оқу жылы дәстүрлі мазмұнда оқитын соңғы 11-сыныптардың легін шығаруымен де ерекшеленіп тұр. Бұдан былай елімізде барлық сыныптар тек қана жаңартылған мазмұнда білім алатын болады. Ал сондағы оқулықтар қандай? Бұл сұраққа толық көңілі толатын ұстазды табу қиын болар. Себебі, жаңа сыныптардағы «тым жаңа» оқулықтар шашыраңқылыққа, жүйесіздікке тап болған. 5-сыныптың жаратылыстану пәнінде химия пәнінің тапсырмалары берілген. География мен биология пәндерінде де осындай «тосыннан келген төтенше кіріктірулер» көптеп кездеседі. «Ұқсас-ау» деген пәндердің етегінен жұлып-тартып, жамау-жамау құрақ көрпе жасағандай жұпыны бір тірлік. 7-сыныптың «Қазақ тілі» пәнінде «Ғаламтор» деген тұтас бір модуль бар. Сонда қазақ тілінде информатика пәнін оқытқандай бір беймаза күй байқалады. 8-қазақ сыныбында «Биологиялық алуантүрлілік» деген бір модуль және бар. Бұл қазақ тілі пәні арқылы биологияны меңгерту ме, әлде қазақ тілін қоя тұрып, оның сағатында биологияны ретті-ретсіз сіңіру ме? Қай сұрағымыздың да бір ғана жауабы бар сияқты: «жаңарып жатырмыз.» Сонда кіріктірмесе, біріктірмесе жаңармай қала ма?
Жаңартылған білім беру мазмұнының басты мәйегі – оңайдан күрделіге қарай оқыту. Ал кейбір оқулықтарда бұл қағидат күшін жойған тәрізді. 2-қазақ сыныбының «Әдебиеттік оқу» пәнінде Абайдың қарасөзі берілген. Философиялық астары терең қара-сөзді қазіргі бала қанша зерек болса да, бірден тұңғиығына бойлап кете алмайды. «Оңайдан күрделіге» ұстанымы бұзылып, ол кері сипат алған тәрізді. Бұған керісінше 8-қазақ сыныбының «Қазақ тілі» оқулығында оқушылардың жас ерекшелігіне сай емес, тым жеңіл тапсырмалар жиі ұшырасады. Мысалы, 2018 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Қазақ тілі» оқулығының 93-бетіндегі 1-тапсырмада былай делінген: «Қазақстанды мекендейтін, өздеріңе ұнайтын жануар туралы әңгімелеп, суретін салыңдар.» Ой-өрісі жетілген 8-сынып оқушыларына бұл тапсырма тым қарабайыр. Жеткіншектерге сурет салғызып, түрлі-түсті қарындаштармен ойнатқанша, олардың шығармашылық қарымын, логикалық ұшқырлығын дамытатын тапсырмалар болуы тиіс еді.
Міне, «жаңартылған» оқулықтардағы ең негізгі кемшілік осы. Бірін біріне теліп жіберу, жүйесіз кіріктіру, біріктіруге көнбесе «байлап беру» сипатымен «байытылған» мұндай оқулықтар болашақ ел ағалары мен даналарын тәрбиелеп шығаруға қауқарлы ма?
Оқулығы олқылықтан бір көз ашпаған отандық білім беру жүйесінің тұлғалары-ұстаздар тапсырып жүрген біліктілік санаттарын көтеру немесе растау мақсатында өткізілетін тестілеу тапсырмаларында да мақсатсыз сандырақ сұрақтар бар. Мысал келтірейік. «Қазақ әдебиеті» пәнінен тест тапсырған мұғалімдерді «Абай қай өзенге шомылған?» деген сұрақ сұңғылалығымен емес, әдебиет тарихына да, әдебиет теориясына да қатысы жоқ бейтараптығымен қайран қалдырған. Мұғалімнің білімін сынауға емес, жүйкесін титықтатуға арналғандай осы тәрізді сұрақтар бірлі-жарым болса да, кейін ұстаздың діттеген межеге бірер ұпай жетпей қалуына тікелей себепші болып отыр. Сұрақты Абайдың қай өзенге шомылғанынан емес, ұлы ақынның шығармашылығынан қойса, бәлкім, ұстаз қажетті ұпайын түгендер ме еді? Мұндай «сиқырсыған сұрақтардың» көксегені не? «Қазақ әдебиетінен» тест тапсырған және бір ұстаздың «Біржан салдың басынан ұрған кім?» деген сұраққа еріксіз күлкісі келген. Ал қайсыбір мұғалімдерге бұл сұрақтың түрпісі тиген. Кімнің қай жерінне кім, қашан ұрғанының есебін түгендеу мұғалімге бұйырған ба? Абайды суға түсірген, Біржан салға басынан таяқ жегізген мұндай «тым сапалы» сұрақтар ұстаздарды «әттең-айлатып» келеді.

Түйін: «Еріктілер жылы» деп жарияланған 2020 жыл білім беру жүйесін барынша гүлдендіріп жібермесе де, ерте көктемде ашылған бүршік жаңалықтарын тарту етті. Жақсылықтың нышаны – мұғалім мәртебесі туралы Заңның қабылдануы. Ал қазақ тілінің бар қасиетімен оқшаулана оқытылуы қазаққа арман болып қалмаса игі еді. Оқулықтағы олқылықтар жылап тұрып жырласақ қырық күн, қырық түнге созылардай. Біз жоғарыда сол қырық қабат мәселенің бір тиегін ғана ағыттық. Салмақты сөз сыбағасы алда болмақ. Жоғарыда аталған олқылықтар мен ұсыныстарға тиісті тараптар құлақ асар деген үмітіміз бар.

Айзат Рақыш,
ұстаз және жазушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз