Өткен жылы Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашеваны тауып, емін-еркін әңгімелескен едік. Тек атасы емес, өзі де жай адам емес екендігі анық байқалған. Елімізде Ғұмарды екінің бірі білмесе де, Мұхтар Әуезовты әр адам білетіндігі белгілі ғой. На-дежда Бұрханқызы Мұхтар Әуезовпен жиі хат алмасып тұрғандығын, оның ең соңғы хаты да өзіне арналғандығын айтқан. Бірақ ол жолы әңгімеміздің негізгі бағыты Ғұмар атамызға байланысты болғандықтан, ол хаттарға аса мән беріп сөз етуді орынсыздау санағанмын. Әйткенмен қалың оқырманға қажет болар деген оймен жақында ғаламтор арқылы сұрақтар жібергенмін. Көп кідірмей жауап та келді. Ғаламтор арқылы болған шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— Мұхтар Әуезовпен сіз алғаш рет қалай таныстыңыз?
— Әрине, әрбір сауатты азамат сияқты мен де Мұхтар Әуезовтың шығармашылығы мен өмірбаяны туралы жақсы хабардар болған едім. Ал өзімен 1953 жылы таныс-тым. Сол жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетін тәмамдап, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және өнер институтына жұмысқа орналастым. Мұхтар Омарханұлы институтта қазақ фольклоры бөлімін басқаратын еді.
Ол кезде институт тіл мамандарын, әдебиеттанушылар мен өнертанушыларды бір шаңырақ астында біріктіретін еді. Кейін 60-жылдардың соңында Тіл институты және Әдебиет институты болып бөлінді. Сол уақытта институтта республикамыздың белгілі тіл мамандары С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, атақты жазушылар мен әдебиеттанушылар М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Сильченко (мүмкін М.Симашко), композиторлар А.Жұбанов, Е.Брусиловский және тағы басқалары қызмет етті. Жас-тар да көп болды.
М.Әуезов күнде жұмысқа белгілі бір мерзімде келетін. Әрдайым қасынан шәкірттері, жас ғалымдар мен жазушылар бір елі қалмайтын-тұғын. Жас-тармен емін-еркін қатынастан шабыт алатын. Әңгіме барысында олардың жоспарымен танысып, шығармалары туралы ой-пікірлерін білуге құштар еді, жастарға арналған шараларды құптайтын. 8 наурыз бен 23 ақпан мейрамдарына орай өткізілетін әзіл-сауық кештеріне өзі белсене қатысатын. Әсіресе, біздің есімізде 1960 жылғы жаңа жылдық қызықты кеш қалды. Қазақ драма театрынан ұлттық киімдер жалға алынды, «Қазақфильм» студиясынан жарық құралдарымен операторлар шақырылды. Мұхтар Омарханұлы сол кеште өте көңілді болды, күлкілі әңгімелер айтты, өлеңдер шырқады, би де биледі. Деректі фильм түсірілді, ол қазір «Қазақфильмнің» қорында сақтаулы, М.Әуезовтің мерейтой күндерінде Қазақстанның телеарналарында көрсетіліп тұрады.
Мұхтар Омарханұлы орыс тілде жазатын жас ақын-жазушыларды көп жақтырмайтын. Оның пікірінше, өзіңнің ой-толғауыңды толық дәрежеде тек туған тіліңде жеткізуге болады. Дегенмен ол «Менің жаңа «Өскен өркен» романым орыс тілінде де бірге шығуы керек, оны көптілді оқырмандар да түсініп, білулері қажет» деп жиі айтушы еді.
Мұхтар Омарханұлы қазақ пен орыс тілін қатар меңгерген жастарға дән риза болып жүретін. Осыған байланысты менің де ана тілімді білуге талпынысымды құптайтын еді және кеңестерде, конференцияларда жасаған менің алғашқы қазақ тіліндегі хабарламаларыма қолдау білдірді. Бұл туралы сіздерге оның бірінші хатын жолдап отырмын (1-хат).
— Мұхтар Әуезов сіздің атаңыз Ғұмар Қарашты білетіні туралы сіз жас кезіңізде естіп пе едіңіз?
— Институтта мені қазақша Нәдия деп атайтын. М.Әуезов ешқашан менің атамның есімін атаған емес, сондай-ақ менің өмірбаяныма немесе тума-туысқандық байланысыма қызығушылық танытқан емес. Бірақ та ол Ғұмар Қарашевты білді деп ойлаймын. Олай дейтінім, екеуі бірге 1917 жылдың мамырында Мәскеуде Ресей мұсылмандары съезінің жұмысына қатысты. 60-жылдарға дейін Қазақстанда көптеген қазақ мәдениет қайраткерлерінің есімдерін атауға рұқсат етілмеді, аттарын халық зердесінен өшіруге тырысты. Және дінге байланысты тақырыптарға тыйым салынғандығы кері әсерін тигізді.
— Мұхтар Әуезовтың соңғы хатының мазмұны туралы айтып беріңізші.
— Институтта мен екі қызметкермен жақсы араластым. Біреуі – М.Әуезовтың шығармашылығын зерттеуші Евгения Васильевна Лизунова, екіншісі – Абай Құнанбаевтың шығармаларындағы тілдің зерттеушісі Рабиға Ғалиқызы Сыздықова. Үшеумізді де Мұхтар Омарханұлы қатты сыйлайтын, жоспарларымен бөлісетін, үйіне қонаққа шақыратын еді. Жұмысқа келісімен ол мен (институттың ғылыми хатшысымын) және Мүсілім Базарбаев (директордың орынбасары) отыратын кабинетке кіретін еді. Мен Евгения мен Рабиғаны шақырып алып, бәріміз ұзақ және қызықты әңгіме бастайтынбыз. Ұлы жазушы жасырмай өз ойларымен, болашақ істерімен таныстырып, кеңесіп отыратын. Міне, осы үшеумізге М.Әуезовтің екінші хаты (2-хат) арналған. Бұл – оның Мәскеудегі Кунцев ауруханасынан 1961 жылғы 7 маусымда жолданған соңғы хаттарының бірі.
Бізге жазушы Мәскеуге профилактикалық ем-дом алуға бара жатқанын айтқан еді. Ал кейін Есмағамбет Ысмайылов естелігінде Мұхтар Омарханұлы онымен әңгімеде алда болатын отадан және оның салдарынан өзінің қобалжитынын жеткізген. Мәскеуге аттанар алдында Мұхамеджан Қаратаевты шақырып алып, екі сағаттай әңгімелескен. Онда ол Мәскеуге дәрігерлік консилиумға бара жатқанын және өте күрделі ота болатынын айтқан.
Әуезовтың соңғы хаты қимастыққа толы еді. Ол қызғалдақ толы қазақ даласында аунап-қунап демалу арманына жете алмаған өкінішін жасырмайды. Бірақ та 1961 жылдың жаз ортасында ауруханадан шығатынына сендіріп, хатында үшеумізді Ыстықкөлдегі үйіне қонаққа шақырады. Әттең, ол арманы орындалмай қалды…
Мұхтар Омарханұлы біздің жүрегімізде әрдайым сақталуда, асыл мұра етіп қалдырған ойлы кітаптары арқылы біздерді өмірге үйретуде.

Жантас САФУЛЛИН,
«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз