Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Көлгінов қаланың 2019 жылдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы есеп беріп, президенттің Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалу барысы жайында баяндады. Сонымен қатар қала әкімі мемлекет басшысына қаланы абаттандыру және жылыту маусымы жайында ақпарат берді. Президент әкімге жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларды қолдау, үлескерлердің мәселесін түбегейлі шешу және Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымдық дамуы бойынша берілген тапсырмаларды сапалы және уақытылы орындау керектігін атап айтты.
Сондай-ақ, Қ.Тоқаев «Ақорда» резиденциясында жазушы-драматург Роза Мұқанова мен Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижановты қабылдады. Роза Мұқанова мемлекет басшысына Қазақ ұлттық өнер университетінің жас мамандарды даярлау бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында айтты. Әңгімелесу барысында отандық драматургия мен театр өнерін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Ал Ақан Бижанов президентке Философия, саясаттану және дінтану институтының жұмысы туралы баяндап, Қазақстан ғылымының, идеологиясы мен мәдениетінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөніндегі ой-пікірімен бөлісті. Сонымен қатар кездесу кезінде әл-Фарабидің 1150 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын өткізуге дайындық мәселелері сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды әлеуметтік-саяси жаңғырту, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру барысында әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының ғылыми және рухани мұраларын негізге алудың маңызды екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.