«Сауда соғысында» ақ ту көтерілді

Күллі әлемнің назарында тұрған АҚШ пен Қытай арасындағы атышулы «сауда соғысының» соңы бейбітшілікпен аяқталғандай болды. Бейжің мен Вашингтон арасындағы екі жылдық теке-тірестің ақыры екі елдің өзара келісімге келуімен аяқталды. 15 қаңтарда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ екі ел арасындағы сауда-экономикалық келісімінің бірінші бөлігіне қол қойды. Көлемі 86 беттен тұратын Келісімнің жалпыға жария болған нұсқаларында айтылуынша, Трамп мырзаның айтып келген «теңсіз сауда қатынасы» АҚШ- тықтардың пайдасына шешілген сияқты. Оның дәлелі, алдағы уақытта АҚШ-тан Қытайға экспортталатын заттардың көлемі 200 млрд долларға жететіндігі. Бастапқы келісімдерде айтылған негізгі мазмұндардың ішінде Қытай тауарларына салынатын америкалық салықтың азаюы, Қытайға ауылшаруашылығы және энергетика тауарларын көптеп экспорттау, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіру, интеллектуалды жекеменшікті қорғау, АҚШ-тың қаржылық қызметтеріне салынған кедергілерді алып тас-тау секілді маңызды түйіндер қарастырылған. Ал екі алпауыттың «кедендік салықтармен атысып» жатқан кездегі белгіленген тарифтер (яғни АҚШ жағынан Қытай тауарларына салынатын кедендік салықтың жоғарылауы) қазірше қала тұратын болды.
Соңғы күндері әлемдік БАҚ беттерінде бұл келісім туралы пікір білдірген сарапшылардың пайымдаулары да бірдей емес. Біреулері «Трамп дегеніне жетті. Қытаймен арадағы теңсіз сауда қатынасы ендігі жерде АҚШ пайдасына шешілді» деген байламға келіпті. Ал екінші біреулері «бұл сауда соғысы екі елдің де экономикалық қуатын әлсіретіп, дүниежүзілік экономиканың өсуін баяулатуға әкеліп соқтырды. Әлем экономикасының өсуі соңғы 10 жылда ең төменгі шекке дейін құлдырады. Ал саяси ұпай тұрғысынан алғанда, алда келе жатқан Президенттік сайлауға дайындалып жүрген Трамп үшін ауыр сынақ болып тұр. Есесіне Қытайлықтар таяу уақытта мемлекет басшысын сайламайтындықтан ұпайдан ұтылған жоқ» деп тұжырым жасапты. Шынымен де екі жылға созылған «Сауда соғысы» АҚШ-тың да, Қытайдың да өндіріс көлеміне айтарлықтай салқынын тигізумен қоса, әлемдік экономиканың қалыпты қарқынмен өсуіне кері әсер етті. 15 қаңтардағы мәлімдеме жариялана салысымен, көп өтпей мұнай бағасы аздап қымбаттап, валюталық айырбас жағында да өзгерістер біліне бастады.

Мұнай нарығы
туралы болжамдар
Екі ел арасындағы алғашқы келісімнің арасындағы энергетика салысындағы алыс-беріс тақырыбына тоқталған сарапшылардың күдігі мұнай нарығына ауа бастады. «Қытай елі алдағы екі жылдың ішінде АҚШ-тан көп мөлшерде шикі мұнай сатып алатын болса, бұл әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай ықпал етеді» дейді халықаралық сарапшылар. Бұл реткі келісімдердің ішінде «Қытай жағы 2017 жылғы 9,1 млрд долларлық мұнай импорты келісімнің негізінде алдағы уақытта 52.4 млрд доллардың көлеміне жектізуге келіскен. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 18 млрд долларға, 2021 жылы 39 млрд долларға жетеді» делінген. Бұл көрсеткіштерге онан ары көз жүгірткен сарапшылар тағы да екі түрлі болжам жасап отыр. Оның алғашқысы «АҚШ-тың мұнай экспортының 40 пайызы Қытайға бағытталатын болса, ол Қытайға мұнай сатып отырған өзге елдердің мүддесіне тиімсіз болады. Сонымен қоса шикі мұнай импортына тәуелді болып отырған Жапония, Үндістан, Корея қатарлы ірі тұтынушыларға да жаңа нарықтар іздеуіне тура келеді» дейді. Ал бұл көзқарасқа ұқсамайтын болжамдар айтқан сарапшылар: «АҚШ көпвекторлы сауда саясатын ұстанатындықтан, тек қана Қытай нарығына сүйеніп қалуды қаламайды. Сондықтан бұлай алаңдап кетуге негіз жоқ» деп отыр. Қалай дегенмен де алдағы уақытта әлемдік мұнай нарығында тың өзгерістер туылатыны сөзсіз. Қытай қазіргі таңда аса ірі мұнай импорттаушы ел ретінде мұнай өндіруші мемлекеттердің басты нысанасы болып есептеледі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қытай нарығына мұнай сатып отырған елдердің алдыңғы бестігіне Сауд Арабия, Ресей, Ангола, Ирақ, Иемен елдері кіреді екен. Егерде АҚШ-тан танкерлер арқылы Қытайға жеткізілетін мұнайдың көлемі барынша артып, бағасы арзандайтын болса, бұл өзге де мұнай өндіруші елдердің экономикасына ауыр соққы болары сөзсіз. Бұл жерде АҚШ пен Қытай арасындағы баға саясаты басты рөл атқаратын болады. «Ол сонымен қоса, Жапония, Үндістан, Корея секілді шетел мұнайына тәуелді мемлекеттерге де өз әсерін тигізеді. Яғни олар өздеріне тиімді бағамен тауар жеткізіп беретін серіктестер іздей бастайды» дейді мұнай нарығы туралы «жауырын қарап отырған көріпкелдер». Қытайдың мемлекеттік статистика мекемесінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы қараша айына дейін Қытай елі өздерінің мұнай кеніштерінен 15.7 млн тонна шикі мұнай өңдеген екен. Ал шетелдерден енгізілген мұнай көлемі 45.5 млн тоннаны құрап 2018 жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға артқан. Бұл Қытайдың мұнай саласында жыл өткен сайын шетел мұнайына тәуелділіктің басым болып отырғандығын айғақтайды.
Қазіргі таңда мұнай нарығы мен құнды қағаздар саудасы өзара байланыста екендігін ескерсек, алдағы уақытта доллардың долы қатындай құтырмайтындығына ешкім де кепілдік бере алмасы анық…

Қазақстан экономикасына қандай әсері бар?
Орталық Азия аймағында Қытаймен көрші отырған қазақ елі мұнай экспортында Қытайға иек артады.1997 жылдан бастап Қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласына кірген Қытайлықтар қазіргі таңда шикізат өндірісі мен өңдеу жағында маңызды ойыншыға айналып үлгерді. Қазақстан мұнай нарығында Қытайдың екі үлкен компаниясы аса танымал болып есептеледі. Олар CNPC (Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы) мен CITIC (халықаралық Қытай сауда-инвестициялық компаниясы). Бұл компаниялар елімізге кірген 20 жыл аралығында, бірте-бірте Қазақтандағы мұнай өндіру орындарының акцияларының басым бөлігін иемдене бастады. Қытайдың мұнай компанияларының Қазақстан экономикасына тигізіп отырған ықпалы өз алдына бөлек қарастыратын тақырып. Алайдаәлемдік мұнай саудасының «майы шылқып жатқан» қазақ елін айналып өтпейтінін ескерсек, алдағы жылдар Қазақстан экономикасы үшін де тәуекелдерге толы болатын түрі бар. Өйткені біздегі экономикалық дамудың негізгі көзі елдің шикізат әлеуетін пайдалануға тікелей тәуелді болуында. Шикізат өндірісі арқылы мемлекет қазынасын толықтырып отырған ел ретінде, мемлекет қазынасына құйылып жатқан қаржының 60 пайыздан астамы мұнай саудасынан келеді.
Еліміздің географиялық орналасуы да белгілі шектемелерге ұшырайтындығын ескерсек, Қытай нарығы біз үшін басты ойыншы болып қала береді. Ендеше Қытайдың мұнай нарығына Орта Шығыс елдеріне жеткізіліп келген импорттың 50 пайызын еншілеп отырған сауданы қысқа ғана екі жыл ішінде АҚШ-тан жеткізілетін арзан мұнай ығыстырып шығарады дегенге сену де қиын сияқты. Бұған қоса Ресейден жеткізілетін ірі көлемдегі «мұнай өзені» ағысын тоқтата қалмасы анық. Әрине, мұның барлығының арт жағында аса күрделі «ойындар» жүретіні белгілі. Ал осынау додадан қазақ елі қатты зардап шегеді деп алаңдауға негіз жоқ па дейміз… Мұның бірнеше себебі бар. Қазақстаннан Шыңжаңның Майтау мұнай айыру зауытына жеткізіліп жатқан қара алтынның жылдық мөлшері 6 млн тоннаның айналасында. Қазақ елі бұл көрсеткішпен Қытай нарығында бәсекеге түсіп отырған үлкен бестіктің ішіне ене алмайды. Осы жерде Ресей мұнайының құны мен қазақ мұнайының мүддесі қатар кететіндігін де ескерген жөн. Әлемдік держава ретінде орыстар да майлы жіліктерін АҚШ-қа текке тастап кетпейтіні белгілі. Екіншіден, танкерлер арқылы Қытайға тасымалданатын мұнайдың барлығы Қытайдың теңізге жақын орналасқан оңтүстік аймақтары мен адамы жиі қоныстанған ішкі өлкелерін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, ол мұнайды Шыңжаң сынды батыс аймақтарға жеткізілу үшін қыруар шығынды қажет етеді. Сондықтан Қазақстан мұнайы Майтау қаласында өңделіп барып, Шыңжаң, Гансу секілді шеткері провинцияларды қамтамасыз етуге жұмсалатындығын ескерсек, Қытайлар Қазақстанмен болған келісімдерін бірден үзіп кетеді деуге еш негіз жоқ. Ал мұнай саудасының есебі АҚШ долларымен жүргізілетіндігін ойласақ, мемлекет қазынасы ортая қоймасы белгілі. Оның ең жағымсыз әсері теңге мен доллар бағамындағы өзгерістерге тірелетіндігінде. Яғни ішкі нарықтағы зат бағасының қымбаттауына соқтыруы мүмкін. Ал мұндай тығырықтан халықты аман алып өту ел басқарған көсемдерге ауыр сын екені белгілі…

Ерқазы Сейтқали

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз