«Осы біз, қазақ, бір-бірімізді қашанғы аңдимыз?

0
466

«Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе?». Аңду, тыңшы болу, бірін-бірі сату… Абай бабамыздың уақытында да мұндай қасиетсіздіктер өршіп тұрған-ау шамасы. Мұхаңның «Абай жолындағы» қым-қиғаш шайқас, алыптардың бақталастығы, өліспей беріспейтіндігі, іштен  шалуы, сатып жіберуі дейсің бе, бәрі-бәрі бар ғой. Мұндай елде ынтымақ – бірлік деген болмайды, берекесі кетеді, кім көрінгеннің мазағына айналады. Ол қашан басталды өзі? 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бе? Иә, иә, буырқанып,  қаһарланып ақ патшаға қарсы шыққан қазақ екіге жарылды. Ынтымақ – бірлігінің жоқтығынан Абай бабамыз айтқандай  4 млн. қазақтың біразын ақ патшаның мұздай қаруланған әскері қырды да тастады. Одан кейін қазақты ақ пен қызылға бөліп алып, бір-біріне айдап салды. Жиырмасыншы жылы аштан қырылды. 1932-33 жылдары Голощекиншіл қазақ белсенділерінің зорлық-зомбылығынан тағы да 2,5 млн. қазақтан айырылдық.

Тағы да аңду, тағы да бірін-бірі сату, тағы да бірін-бірі жамандап, содан сұқ саусақтардың ұшында қазақтың қаймағы сыпырылды. Сонда нағыз халық жауы кім? Сатқан ба, сатылған ба?

Тәуелсіздік кезінде бай мен кедей болып бір бөлінсек, сонымен бірге орыс тілді,  қазақ тілді болып екіге жарылдық. Өз дінімізді сатып, басқа секталардың құшағында кеткен қазақ қаншама десеңізші?!

Осылай бірімізді-біріміз құрдымға тартып кете береміз бе, әлде… «Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай  тыныш таба ма?» Тыныш таппас, тыныш таппас! Біз бәріміз содан қорқамыз.

Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.