ҚР Білім және ғылым министрлігі назарына!

Қазақстанда балалар мен әйелдердің құқықтарын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Мемлекет адам құқықтары мен бала құқықтары бойынша барлық негізгі конвенцияларды ратификациялады. Ұлттық заңнама және стратегиялық құжаттар қабылданды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы және 2025 жылға дейінгі Ұлттық іс-шаралар жоспары осы міндеттемелерге сай келеді. Үкімет балаларды қорғаудың, жастарды дамытудың, оқытудың және жұмыспен қамтудың маңыздылығын айтуды жалғастыруда. Қазіргі таңда ең көп тараған түрі – бір топ агрессивті оқушылардың басқа оқушыларға түрлі зорлық-зомбылық жасауы, оларды түрлі жолдармен қорқытуы, тіпті физикалық және психологиялық соққы жасауы болып табылады. БҰҰ балалар қорының қазақстандық кеңесі (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы балаларға білім беру және құқығын қорғау туралы бағдарламасының статистикасы бойынша Қазақстанда әрбір үшінші мектеп оқушысы сыныптастарынан зорлық-зомбылық көрген. Ол – психологиялық немесе физикалық, зорлық-зомбылық, бопсалау, кемсіту, бір сөзбен айтқанда – «буллинг» (ағылшынша bullying, bully – бұзық сөзінен шыққан). Бұл мақала негізінен оқушылар арасындағы буллинг мәселесін талқыға салмақ.

Оның құрбандары кімдер?

5-9 сынып оқитын әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болады. Оған қатысу ұлдар арасында көп таралған . Бүгінгі күні буллинг – бүкіл әлем мектептерінде таралған құбылыстардың бірі. Буллинг (ағылшын тілінде bully – қорқыту) физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, қорлау дегенді де білдіреді. Теріс әрекеттер физикалық байланыс, сөздер немесе басқа да әдістер түрінде болуы мүмкін, мысалы, бет көрінісін өзгерту немесе әдепсіз қимыл, сондай-ақ буллингтің құрбанын топтан, қауымдастықтан әдейі шығарып тастауға ұмтылу. «2018 жылы ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» «Health behaviour in school-aged children» (HBSC) зерттеу тобы ғалымдары, жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерттеу үшін қазақстандық оқушылар арасында сауалнама жүргізді. Мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізу барысында соңғы екі айда олардың буллингке/ кибербуллингке қаншалықты жиі қатысқаны немесе өздері оның құрбаны болған-болмағаны жайлы сұрақтар қойылды. ҚДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының айтуынша, буллинг құрбандарының да, қатысушыларының да ілеспе және болашақта психикалық денсаулыққа байланысты проблемалары бар. Белгілі болғандай, 11-15 жастағы жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет буллинг құрбаны болған. Буллингке ауыл балаларына қарағанда қала оқушылары жиі ұшырайды. Ұлдар мен қыздар арасында буллингтің таралуы 15 жасқа жақындағанда азаяды. 11-15 жастағы жасөспірімдердің 20 пайызы мектепте басқа адамдардың буллингіне айына бір немесе бірнеше рет қатысқан. Осы мінез-құлықтың таралуы 11 және 13 жастағы ер балалар арасында өте жоғары. Сонымен қатар, жаңа технологиялардың дамуымен және әлеуметтік желілердің әсерінен буллингтің жаңа түрі – кибербуллинг пайда болды. Кибербуллинг мысалдары: қорлайтын хабарламалар жіберу (мәтін немесе интернет арқылы), әлеуметтік желілерде елемеу пікірлерін жариялау, кемсіту фотосуреттерін орналастыру, сондай-ақ электрондық нысанда біреуді қорқыту. Кибербуллинг депрессия, үрей, өзін-өзі төмен бағалау, эмоционалдық бұзылу, психобелсенді заттарды қолдану және суицидтік мінез-құлық сияқты ауыр проблемаларды дамытуға ықпал ете отырып, жасөспірімдердің денсаулығына теріс әсер етеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12 пайызы кем дегенде бір рет немесе одан да көп мәрте кибербуллингке ұшыраған. Жасөспірімдердің 11 пайызы кем дегенде бір рет басқа адамдарды кибербуллинг құрбаны етуге қатысқан. Айта кетейік, мұндай мінез-құлық ұлдар арасында кең таралған. Ғалымдардың пікірінше, буллингті мектеп деңгейінде төмендету шаралары буллингтің алдын алу бойынша бағдарламаларды енгізуді, ата-аналарды тартуды, тәртіптік әдістерді қолдануды, мектептегі әлеуметтік ахуалды жақсартуды, балаларды қадағалауды қамтиды. Ұлттық деңгейде кешенді стратегиялар мен алдын алу бағдарламалары, жоғары ақпараттандыру, сондай-ақ буллинг пен кибербуллинг құрбандарына қолдау көрсету қызметін дамыту маңызды. ҚДСҰО зерттеу тобы ғалымдарының пікірінше, зорлық-зомбылықтың алдын алу және денсаулық сақтау қызметтерінің өзара іс-қимылын жақсарту және зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заңдарды бағалау – буллинг пен кибербуллингке қарсы күрестің негізгі құрамдас бөлігі.

2016 жылы Мюнхенде біраз адамның өмірін қиған бір жоғары сынып оқушысы қылмыс жасап болған соң өзіне қол жұмсап, бақилық болған. Бұл оқиға бойынша қалада бірнеше күнге созылған қаралы күн жарияланды. Құзыретті органдар оқиға себебін әшкереледі. Оқушы тарапынан жасалған осыншама үлкен агрессияның себебі – буллинг болған. ­Өткен аптада Түркістан облысында оқушы мен студент арасындағы жанжалдың соңы пышақтасумен аяқталды. Оқиға Арыс қаласында болған. Мектеп оқушысы мен колледж студенті төбелесіп, студент жеңіліп қалады. Құрдасынан жеңілгенге арланған бозбала көмекке достарын шақырыпты. Сөйтіп, төрт  жігіт 10 сыныптың оқушысын пышақтап тастаған. Көп қан жоғалтып, түнделетіп жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген 16 жасар Эльхан Махсумов Арыс ауруханасында жатыр.  Бес рет пышақталған 10-шы сынып оқушысына дәрігерлер бірнеше ота жасапты. Төбелеске қатысқан 16-17 жастағы балалардың барлығы бұрын-соңды тәртіпсіздігі болмапты. Еш жерде есепте жоқ. Енді тым ауыр баппен тергеліп жатқан кәмелет жасына толмаған ұлдың тағдырын сот шешетін болады. Оның жанындағы оқушылардың да жазаға ілінер-ілінбесі белгісіз. Әзірге анығы, 18 жасқа да толмай кешқұрым көше кезген балалардың ата-анасына әкімшілік айыппұл салынады. Бұл оқиға көпке бармай әшкереленді. Сезіктілер ұсталып тиісті шаралар жасалды. Бұл елімізде орын алған соңғы күндердің ең үлкен «буллинг» оқиғасы болатын. Жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік жасап, түрлі зомбылық әрекеттері жарияланған бейне түсірілімдер ғаламторда толып жүр.

Мұндай келеңсіздікке не үшін барады?

Буллинг – тәрбие мен қоғамның психологиялық мәдениетінің төмендігінің проблемасы болып табылады. Өкінішке орай бұл құбылыс күн санап өсіп келеді. Әлем бойынша қарыштап өсіп жатқан бұзақылық тенденциясының себебін осы саланың мамандары бірнеше әлеуметтік факторлармен түсіндіреді:
⁃жұмыссыздық,
⁃кедейлік,
⁃қылмыс көлемінің көптігі,
⁃тиісті заңдардың жоқтығы, немесе заңдардың пайдасыздығы мен әлсіздігі,
⁃зорлық-зомбылық, қатыгездік, надандық әрекеттеріне төзіммен қарау, көз жұму және БАҚ арқылы ондай келеңсіздіктерді жария ету, әскери әрекеттер (азаматтық соғыстар, көтерілістер), қандай да бір бала құқығын қорғайтын нәтижелі әрі тиімді жұмыс жасайтын жүйенің болмауы.

Кез келген баланың буллинг жәбірленушісі аталуы мүмкіндігі – ең үлкен қауіп болып табылады. Әдетте физикалық кемшілігі бар балалар буллингке душар болады деген түсінік басым болғанымен шындығында жәбірленуші аталу үшін қанадай да бір кемшілік қажет емес. Бала психологиясының үлкендерден ерекшелігінің бірі – баланың бірдей өз ортасында өз орны болғанын қалауы, ол жерде құрметке ие болуға тырысуы. Бір топтың ішінде өз орнын табу үшін бала қолдан келгенінің бәрін жасауға дайын болады, тіпті қылмысқа дейін. Міне осылайша балалар қате әрекеттерге қадам жасай бастайды.

Бұл кезеңде буллермен де қажетті жұмыстар жасалуы керек. Оның да теріс әрекетке бару себебін анықтап, барынша көмек берілуі керек. Өйткені әр агрессивті әрекеттің артында бір психологиялық проблема тұрады. Ол балалар да ата-анасы мен психолог маманның жәрдеміне мұқтаж. Төменгі және орта буын оқушылар өз проблемаларын ата-ананың және психологтың көмегінсіз шеше алмайды.

Смартфондардың кеңінен қолданылуы жасөспірімдер бір-бірін қорлайтын,  ұрып-соғатын және оны бірігіп жасайтын желіде көбірек бейнелер пайда болуына әкелді. Бұрын мұндай құбылыстар  кездесетін, біз олар туралы аз білетінбіз. Бір адамның командасындағы кез келген агрессивті қудалау, мейлі ол ұрып-соғу, қорлау, мазақ ету немесе кең таралған бойкот – елемеу, мұның бәрі зорлық-зомбылықтың бір түрі болып табылады және қорлау деп аталады, немесе «қорлау» деген жақсы таныс сөз.

Өкінішке орай, бұл Қазақстанда жиі кездесетін құбылыс. ЮНИСЕФ-тің мәліметтері бойынша республиканың 40 мектебіндегі 402 баланың ішінде 33 пайызы мектепте психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды, атап айтқанда, келеке-мазақ, қорлау және кем дегенде 36 пайызы зорлық-зомбылыққа душар болған. Мектеп оқушыларының арасында  өткізілген сауалнама бойынша әрбір үшінші бала буллинг құрбаны болған.

 

Буллингпен қалай күресеміз?

Біріншіден, Ата – ана мен мектеп арасындағы тығыз қарым – қатынас, бірлік, ынтымақ жарасым тапқан жағдайда оның бала тәрбиесіне тигізетін ықпалы да нәтижелі болмақ.

Екіншіден, Ұлттық салт-дәстүрлерімізді жандандырып, сол тұрғыда балаларымызды тәрбиелеу

Үшіншіден,  Әрбір бала біздің байлығымыз, болашағымыз. Құқық және заң орындары қызметкерлерімен кездесулер жасап, буллингтің зияндылығын, болашақтарына балта шабатындарын, бұл қылмыс екенін жеткізу.

Төртіншіден, Имани жұмыстар жүргізіп, мешіт пен мектеп арасында тығыз байланыс орнату.

Бесіншіден,  мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін арттыру, ата-аналардың өздерін тәрбиелеу.

Қадірлі ұстаз, ата-ана!

Сіз бұған қалай қарайсыз? Қосымша қандай шараларды, қажеттіліктерді ұсынасыз? Ең бастысы баланың бұлай қатыгезденіп, буллингтің дендеп бара жатқанына көз жұма қараған министрлік не дер екен?

 

 Гауһар Тұрсынқожа

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.