(Таңертең мектебіне асыққан кішкентай қызға)

                                                                               Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,

                                                                                  Мына өмір шыдамдыны ұнатады…                   

                   Мұқағали

Ой-хой, қаңтар, не дейді-ау, ақ қар маған?..

Аяз да тұр алқынып аттатпаған…

Қыс-жақсыдан жылы үміт үзбеген ем,

Дәмем жоқ ед ақ қардан…

Аппақ ғалам!

 

Ұғынсам тегінде осы жайыңды мен,

Жылытар жылуымен жанымды өлең…

Сен қысастық қыласың сұсың суық,

Қарашаның қабарған мұңын көрем…

 

Аздап аяз қарыса…

Не тәйірі!

Жеңбедік пе «мың өліп» мың қайғыны…

Ызғарлы да ызбар қыс сөз болып па,

Қашанда Адам – адамның үлгі айбыны.

 

Үскіріп қар үсітіп үдетеді,

(Бір сәт тұру мүмкін де емес тегі).

Арпалыса алдымда бір кішкентай,

Бүрісіп, бүрсеңдеген қыз келеді…

 

Қараймын-ау…

Аяймын, келем бірге…

Ол да өзінен басқа бір сенер кімге?..

Жай басып күртілдеген күртік қарды,

Көнем деу көзінде жоқ күресінге!

 

Құдайым берген қалай күш Адамға,

(Тап-таза кінәдан қыз, күнәдан да!)

Баламдай жаныма ертсем жақын сені,

Өзге емес, өзім ғана ұға алам ба!?

 

Томпаңдап тоңбаса екен қаңтарда қыз,

Сірескен сірі етікке қатқанда мұз…

Жас өмір жалындаған мына саған,

Адаспай бақ қонса екен асқақ нағыз.

 

Тәубе айтып, тәу етемін әр таңыма,

Балаймын әр күнімді бір бағыма.

Келешек кемелінде көрсем сені,

Жоқ сірә, мұрат өзге менде мына.

 

Не дейін?..

Ақ қар…

Аяз…

Қаңтарға да,

Жетерміз ат тағалап Ақпанға да…

«Қайда екен қағылез қыз?» дегенім сол,

Шықты ма тағы алдымнан абайлана.

Шыда деп, шыр-пыр болдым шыр айнала…

Шыда, бала…

                                Арман Надирбаев,

                                Жамбыл облысы Байзақ ауданы Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз