Жазаны қатайту жол апатына тосқауыл бола ала ма?

0
236

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Заң талаптары бойынша енді ішімдік ішкен жүргізушілер куәлігінен 7 жылға айырылып, 15 тәулікке қамалады. Егер заң бұзу қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 24 тәулікке дейін ұзарады. Ал, адам өліміне алып келген жол апатына кінәлі жүргізуші 10 жылға дейін сотталып, өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылады.
Бұдан бөлек, айыппұл көлемі де артты. Заң талаптарына енгізілген бұл өзгерістер негізінен елдегі жол апатын азайтуды көздейді. Алайда жазаны қатайту жол апатына тосқауыл бола ала ма? Республика көлеміндегі жолдардың сапасы мен қолданыстағы көліктердің техникалық қауіпсіздігі халықаралық стандартқа сәйкесе ме? Халық арасында көп айтылатын айыпты жүргізуші мен айыптаушы жол полициясының «жең ұшынан жалғасқан» ымыраластығының асқынуына түрткі болмай ма? Таяқтың екі ұшы бар екенін ескерсек, барлық саладағы тәртіп пен санадағы ойлау мәдениетін көтеруді де басты мақсат ету керек шығар.

Статистика не дейді?

Статистикалық мәліметтер бойынша елімізде жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңға жуық жағдай тіркеледі екен. 2019 жылы жалпы жылдық қорытындыға сәйкес полиция қызметкерлері республика бойынша мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтаған. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке, ал 1 878 адам жүргізушілік құқығынан айыру туралы жауапкершілікке тартылған.
Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы 115 мыңнан астам заң бұзу дерегі тіркеліп, жүргізушілердің 965-і алкогольдік, токсикологиялық өнімдерді және есірткі заттарын тұтынғаны анықталған. Ал 2020 жылдың алғашқы 10 күні ішінде елордада ішімдік ішіп көлік жүргізген 10-нан астам адам ұсталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бойынша 52 мемлекеттежүргізген зерттеуінің есебіне сәйкес Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткішінде бірінші орында тұр. «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының бас хатшысы, «За рулем» Қазақстан журналының бас редакторы Алексей Алексеев: «Әлемде автокөліктен жылына 1 млн 240 мың адам қаза табатын болса, Қазақстан жолдарындағы апаттардан жыл сайын 3 мыңнан аса адам көз жұмады. Тағы 3,5 мың адам жарақат алады», -дейді. Өкініштісі, бар-жоғы 18 милллион халқы бар Қазақстан үшін жыл сайын тек жол апатынан 3 мың адамды жоғалту сұмдық екені даусыз.

Республикалық және
халықаралық маңызы бар жолдар да ажал апанына
айналған

2019 жылы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда 2547 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 1019 адам мерт болып, 4311 адам жарақаттанған. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2019 жылы жол-көлік оқиғасы 18,6%-ға артса, апаттан қаза тапқандардың саны – 26,3%-ға, жарақат алғандардың саны 22,1%-ға өскен.
Мамандардың айтуынша, жолдарда апаттардың орын алуына негізінен жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы себеп болады. Осылайша, оқиғалардың 33,6%-ы – жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан, 14,1%-ы – көліктердің қарсы қозғалыс жолағына шығуынан, 9,5%-ы – жүргізушілердің көлікті басқара алмай қалуынан, 8%-ы – жүргізушілердің тиісті ара қашықтықты сақтамауынан, 3,6%-ы – көлік басқарушылардың шаршап-шалдығуынан, 3,1%-ы – жүргізушілердің көлікті мас күйінде басқаруынан, 0,3%-ы – көлік құралдарының ақаулылығынан, 27,8%-ы басқа да себептердің салдарынан орын алады екен.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, аталмыш министрлік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жолдағы апат салдарын төмендету мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін жоғарылатуға бағытталған Жол картасын әзірледі. «Қателер жасауға мүмкіндік беретін жол» деп аталатын шведтік жүйенің тәжірибесіне сай енгізіліп жатқан бұл құжат нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге, жол қозғалысын ұйымдастыруға, жол апатының алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға, сондай-ақ, ақпараттық жүйелерді дамытуға бағытталған 49 шараны қамтиды.

Сыбайластыққа сылтау
болып кетпесе…

Қос министрлік мақұлдаған жобаның басты мақсаты жол сапасын жақсарту арқылы «айтып келмейтін ажалдың» алдын алу, апат санын азайту болып отырғаны белгілі. Себебі жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие.Батыс Еуропада жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім Қазақстанға қарағанда 15 есе аз. Ал 2019 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында 1 ғана жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам (жүргізуші) қаза тауыпты. Осло көше¬лерінде бірде-бір жаяу жүргінші қаза таппаған. Бұған қала ішіндегі жылдамдықтың азаюы, жол сапа¬сының жақсаруы сынды фактор¬лар әсер еткен. Норвегиямен салыстырғанда, Қазақстанда жол апатынан қаза табу қатері 11 есеге жоғары.
Бүгінде еліміздегі республикалық маңыздағы жолдың 20 проценті, ал жергілікті аумақта 30 проценті дүниежүзілік стандартқа жауап бере алмайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан жол сапасы бойынша 93-орында. Жыл сайын елімізде жол құрылысына 700 миллиард теңге бөлінеді. Алайда мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты түрде жұмсалмайды. Салдарынан сапа төмендеп, сын көтермейтін жол төселеді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 12,5 мыңнан аса шақырым автожол жаңадан салынды және қайта жаңғыртылды. 2,8 мың шақырым автомагистраль І техникалық санат өлшемдеріне сәйкестендірілді. 2019 жылы елімізде 641 шақырым жол пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 4 мың 400 шақырым автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау бойынша 24 жоба жүзеге асты. Мамандар былтырғы мамыр айынан бастап, жыл соңына дейін өңір-өңірдегі жолдардан 13 мыңға тарта сынама алған. Соның 5400-дейі стандартқа сай емес.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары әлемдік статистика қорытындыларына сәйкес адам шығынын ұлғайтумен қатар, экономиканың дамуына да кері әсерін тигізетін көрінеді.Әлем мемлекеттері жол апатының салдарынан орташа есеппен ЖІӨ-нің 2-4 пайызын жоғалтатын болса, Қазақстан жыл сайын жол апаттары салдарынан 9 миллиард долларға шығындалады, бұл – ЖІӨ-нің 4 пайызын құрайды дейді мамандар. Яғни, біз сапасыз жолдарда адамдарды жоғалтумен қатар, экономикалық тұрғыда да шығынға ұшырап отырмыз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.