Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО мүше елдерден Қазақстан азаматтары әкелген шетелдік көліктерге төленетін салық пен алымды 2021 жылдың 1 наурызына дейін шегере отырып, тіркеу туралы Үкіметке тапсырма берген болатын.

Олар сары түспен ерекшеленеді

Ресми ақпаратқа сәйкес Армения, Қырғыз Республикасы, Ресей мен Беларусьтен Қазақстанға 170 мыңға тарта көлік құралы кіргізілген. Бұл көліктерге ҚР Ішкі істер министрлігі арнайы сериялы және типтік нөмірлер беріп, техникалық паспортқа көлікті тіркеу шарттары туралы сәйкес белгі қояды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, министрлік 18 цифрымен сары фондағы нөмір үлгісін шығарды. Енді шетелдік нөмірлі көлігі бар жүргізушілер заңды түрде тіркеліп техникалық паспорт алуы керек. Құжатқа сәйкес кедендік баж салығын 2021 жылдың 1 наурызына дейін төлеуге болады.
Ал, «Уақытша тіркеу үшін арнайы қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмір белгілері, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар және бастапқы тіркеу үшін төлем түбіртегі, мемлекеттік нөмір мен техникалық паспортты дайындағаны үшін төлемдер чегін ұсыну керек. Шарттары өте қарапайым, азаматтарға бұл көліктерді заңдастыруға, сондай-ақ қайта өңдеу мен кедендік бажды бір жылға кешіктіріп төлеу мүмкіндігі беріліп отыр», – деді Марат Қожаев.

Тіркеу үшін 10 мың теңге және 600 мыңнан
1 млн-ға дейін қаражат жұмсалады

Мұндай көліктерді елімізде ресми тіркеу үшін жүргізушілер мемлекеттік нөмір мен техникалық құжатына шамамен 10 мың теңге және бастапқы тіркеу үшін көлік құралының шығарылған жылына байланысты 600 мыңнан 1 млн теңгеден астамға дейін сома төлеуі керек. «Сома салық заңнамасы аясында бекітілген. Ол барлығы үшін бірдей. Армениядан және басқа аумақтан әкелінген көлік құралдары үшін еш айырмашылығы жоқ», -деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
Сонымен қатар, ол автомобильдерді тіркеу үшін бөлінген мерзімді де түсіндіріп берді. «Азаматтардың арасында жалған ақпарат тарап, ХҚКО-ларда дүрбелең болмауы үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай тіркеуді азаматтар өз көліктерін заңдастырып үлгеруі үшін барынша ұзақ уақыт жүргіземіз. Төлем жасау мерзімі шегерілген мүмкіндігі бар аталған жеңілдік кезеңі ақпанда басталып, 2021 жылдың наурызына дейін жалғасады», – деді ол.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.