Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы болды.

Жиында ведомство басшысы Дәурен Абаев министрліктің 2020 жылға арналған негізгі міндеттері қатарында нақты ақпарат саласында атқарылуға тиіс стратегиялық мақсаттар мен маңызды іс-шаралар жоспарланғанын айтты.
«Ақпарат саласы бойынша, Президент тапсырмасымен халық үніне құлақ асатын мемлекет құру туралы концепция қойылды. Осы тапсырманы шешу үшін министрлік, бірінші, халықпен кері байланыс каналдарының жұмыстарына жүйелі түрде мониторинг жүргізу және талдау жасау туралы меже бекітті. Барлық мемлекеттік орган халықпен жұмыс жүргізу бойынша жауапты бөлімше тағайындап, олар тікелей бірінші басшыға бағыну керек. Екінші, мемлекеттік органдар ақпараттық қызметінің белсенділігін арттыру қажет. Мемлекеттік органдардың БАҚ өкілдерімен байланысын, тиімділігін бағалаудың жаңа критерийлерін енгізу жоспарланды. Үшінші, мемлекеттік органдар мен заң жобаларын қарайтын жұмыс топтарының, қоғамдық кеңестің отырысын онлайн көрсету жалғасады», – деді Д.Абаев.

Ақпарат саласын
дамытудың 2020-2023
жылдарға арналған ұлттық жоспары қабылданады

Дәурен Абаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020-2023 жылдарға арналған Ақпарат саласын дамытудың ұлттық стратегиялық жоспарын құру бойынша жұмыстар басталғанын жеткізді. Министрдің айтуынша, құжат аясында қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігіне байланысты жұмыстар қолға алынады. «Біріншіден, біз мемлекеттік ақпарат саясатын жетілдіреміз. Ол үшін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тетіктері қайта қаралады. Біз нарықтық тарифтер енгізу арқылы санға емес, сапаға ұмтыламыз», – деді министр. Осы орайда интернет желісінде халықтың арасында шынайы сұранысқа ие мультимедиялық контентті ілгерілету үшін мемлекет субсидия беруді қолдап отыр деді Дәурен Абаев. «Екіншіден, біз коммерциялық телеарналар мен радиостансалардың цифрлық эфир тарату алаңында өз орнын алуы үшін қолдау көрсетеміз. Үшіншіден, телеарналар мен радиоарналардың, интернет-ресурстардың аудиториясын өлшеуге арналған өз жүйемізді дайындаймыз. Бұл жүйе БАҚ-тың 2021 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындаудағы тиімділігін анықтау үшін қажет. Төртіншіден, интернет телевидениені реттеу нормаларын дайындау басталады», – деді Дәурен Абаев.

800-ден астам
іс-шара қысқартылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін имидждік іс-шараларды қысқартып, ысырапшылдыққа жол бермей, қазынадағы қаражатты ел мүддесіне жұмсау керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Дәурен Абаев 800-ден астам шараның қысқарғанын айтты.
«Біз Абайдың 175 жылдығын, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Форумдар мен семинарлар айтарлықтай қысқарды», – деді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, министр алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүйелі дамыту стратегиясы жасау керектігіне тоқталды. «Бірінші – «Рухани жаңғыру» амбассадорлары» жобасын жүзеге асыру. Екінші – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың тиімділігі» тақырыбында сараптамалық баяндама жасау және шығару. Үшіншіден, Қазақстанның киелі жерлерінің танымалдығын арттыру мақсатында оларды 2ГИС карта-қосымшасына қосу бойынша жұмысты жалғастыру керек», – деді министр. Бүгінде осы картаға еліміздің 130-ға жуық нысаны кірген.

ЭКСПО павильоны
базасында
ArtHUB құрылады

Биыл Жастарды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаны бекіту керек. Министр «Жастар – елдің экономикалық һәм рухани дамуының локомативі. «Жастар жылы» аяқталды. Бірақ жастар саясаты бойынша стратегиялық, заңнамалық сияқты жүйелі шаралар жалғасады. Бұл бір жылда бітетін жұмыстар емес. Биылғы біздің міндеттер: Біріншіден, 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының жастар саясаты тұжырымдамасын жасау. Екіншіден, жастарды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаны бекіту. Бұл құжатта қолжетімді баспана беру, жұмыспен және сапалы біліммен қамтамасыз ету механизмдері қарастырылады», – деді Д.Абаев. Сондай-ақ «ЭКСПО павильоны базасында ArtHUB құру арқылы шығармашылық жастарға арналған бірегей заманауи алаң қалыптастыру керек. Ол жерде жастар өздерінің жобалары мен бастамаларын жүзеге асырады. Вице-министр Ғабидулла Оспанқұловтың жетекшілігімен, «Zeren» жазғы танымдық лагерін, V Республикалық әкелер форумы және Халықаралық сараптамалық форумын, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік кеңесін құру жұмыстары жүзеге асатын болады», – деді министр.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз