Қазақтың ханы Хақназар

0
790

Тарихтан белгілі 1465 жылы Керей мен Жәнібек Сарысу мен Шу аймағында Қозыбасыда қазақ хандығының іргетасын қалап, дербес қазақ хандығы құрылды. Жәнібек ханның кезінде қазақ хандығының жері кеңейіп, халқы миллионнан асып, қуатты мемлекетке айналған.

Жәнібек ханның кезінде хандықтың өзіндік құрамы мен заң жүйесі қалыптасады. Жәнібек хан қазақ санасында әділетті әмірші, халықтың қамын ойлайтын тұлға ретінде қалыптасып, халықтың оны Әз Жәнібек атауы тегін емес. Жәнібек қазақ елінің іргесін бекітіп, төңірегіндегі елдермен бітім жасасып, бейбіт өмір сүргізеді. Ал Қасым ханның кезінде хан ордасы бірде Жетісуда, бірде Арқада, енді бірде Жайық бойында тұрақтап, қалың қазақтың ортасында болады. Ел басқаруда жаңаша жүйе кіргізіп, «Қасым ханның қасқа жолы» деген жарғы қазақ елінің қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады. Осы жарғыға сәйкес халықтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін, және адамдар мен ру-тайпа арасындағы қатынастарды қалыптастырады. Қасым хан 1520 жылы Қазақстанның батысындағы Сарайшықта дүние салады. Қасым хан қайтыс болған соң қазақ хандығында 1518 жылдан 1535 жылға дейін бірнеше хандар болды. Көбісі мемлекетті басқара алмай қазақтың көп жерлерін жауға беріп қойды. 1535 жылы хан тағына Жәдік сұлтанның баласы Тоғым хан сайланды. Тоғым хан бытырап кеткен, бірліктен айырылған қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, елдің саяси бірлігін қалыпқа келтіре бастайды. Дегенмен Тоғым хан бастаған ісін толық аяқтай алмайды. Қазақ жеріне көз тіккен өзбектер мен моғолдардың біріккен қолы Ыстықкөл маңындағы Сан-тас деген жерде бас қосып, 1537 жылы 27 шілде күні қазақ пен қырғыздың қолын ойсырата жеңіп, Тоғым хан мен оның тоғыз ұлын және отыз жеті сұлтанды шейіт қылады. Бұл қазақ-қырғыз тарихындағы қаралы күн еді.
Қазақ ордасының қайтадан нығайып, Қасым хан хандығының кезіндегі бейбіт өмірге қайта келуі Хақназар ханның есімімен байланысты. Хақназар хан Қасым ханның ұлы, жастайынан әскери өнерді меңгеріп, саясатпен айналысып, көп нәрсені пайымдап, әскербасы ретінде танылған еді. 1588 жылы хан тағына отырып, қазақ ордасын өте білгірлікпен 43 жыл басқарады. Билікке келген соң қазақ хандығының мәртебесін көтеруге күш салады. Қазақ ордасының шекарасын батыста Еділ мен Жайыққа дейін, башқұрт жерін, Астраханьды алып, орыс патшасы Иван Грозныймен келісімге келіп, Сібір хандығын басып алып, қалмақтарды ығыстырып, Моғолстанды басып алып, бүкіл Шығыс Түркістанды иеленеді. Қазақ-қырғыздың басын қосып, күшті, айбатты, қарулы, қуатты мемлекетке айналдырады.
Хақназар хандық құрған кезеңде қазақтар Еділ-Жайық, Сыр бойын,солтүстігінде оңтүстік Сібір жерін, шығысында өр Алтайдан Жетісу, Ташкентке дейін жерді алып жатқан үлкен қуатты мемлекетке айналып, орыс, қытай мемлекеттерімен сауда-саттықты жолға қойып,тыныш бейбіт өмір сүреді. Ол заманды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деп бекер айтпайды. Халқы өсіп, алаңсыз өмір сүріп, бай-бақуатты елге айналады. Ешқандай ұрыс-керіс, келеңсіз жағдайлар болмайды. Тек көрші жатқан Бұхар хандығы ғана қазақ жеріне көз тігіп, түртсең майы шығатын шұрайлы жерлерге қызығып, ел тыныштығын бұза бастаған соң Хақназар хан әскерін дайындап, қарамағындағы Ташкент бегі Баба Сұлтанның жауынгерлерін және қырғыз әскерін қосып, Бұхар хандығын бас көтермейтіндей етіп жеңу үшін ұрысқа дайындалады. Қазақ пен қырғыздың бірлескен әскері және Баба Сұлтанның жауынгерлері бірігіп жолға шығады. Күндердің күнінде орта жолда шатырында дем алып жатқан Хақназарды Ташкент бегі Баба Сұлтан опасыздықпен келіп шабады. Қамсыз жатқан Хақназар хан мен оның екі ұлы, інісі Жалым сұлтан екі баласымен қапыда қаза табады. Бұл 1580 жылы 23 сәуір күні болған оқиға. Биыл Хақназар хан мен екі баласының және Жалым сұлтанның екі баласымен қаза болғанына 440 жыл толады. Баба Сұлтанның басын 1582 жылы Шығайханның ұлы Тәуекел алады да Хақназардың кегін қайтарады. Қазақ еліне 40 жылдан аса бейбіт өмір сыйлаған, жерін кеңейтіп, мемлекет дәрежесін көтерген, кең – байтақ жерін жаудан қорғап, болашақ ұрпағына қалдырған қазақ ордасының ханы Хақназар хан осылай сатқындықтың кесірінен абайсызда мерт болған. Дегенмен оның ұрпақтары осы қазақтың кең – байтақ жерін көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпақтарына жеткізді. Дүниеден өткен ержүрек ата-бабаларымыздың ерліктері мен жауынгер батылдығының арқасында Қазақ мемлекетін сақтап, бабаларымыздың арманы Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Жақында Жамбыл облысының әкімдігі Алтын орданың 750 жылдығына байланысты облыстың барлық мектептерінде аптасына 2-3 рет танымдық патриоттық Алтын орда мен Қазақ хандығының хандары туралы 5-11 сыныптарда сабақ өткізуді білім бөлімдеріне тапсырған. Бұған жастардың, бүгінгі ұрпақтың қазақ елі тарихын біліп, хандардың өмірінен мол мәлімет алып, патриоттық сезімдерінің оянуына септігі тиері сөзсіз.
Өткенімізді бағалап, хан-билеріміз бен батырларымызды дәріптей білейік, ағайын. «Өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, еліміз мәңгі жасай берсін!

Мәскеу Нокрабеков

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.