ІЗДЕМЕЙ, ТЕКСЕРМЕЙ ЖАЗАМЫЗ немесе біз батыр бабамыздың мүрдесін қалай таптық?

0
673

Кеңес үкіметі кезінде Сыпатай батыр жөнінде жақсы лебіз болмағанымен, сирек те болса теріс пікірлер де болды. 2000 жылы Бақтияр Әбілдаев ағамыз жазған «Сыпатай батыр» кітабының бір жерінен қате жіберіп алдық па әйтеуір көп уақыт өтпей Кабдеш Жұмағұлов ағамыз  батырды жамандап жазды. Мүйізі қарағайдай Темірбек Қожекеев ағамыз «Біріккен батпақ биіктегіні былғамас» деген түгел дерлік деректерден тұратын мақала жазып дауды тоқтатқан еді. 2010 жылдары шамамен мынандай жағдай қалыптасты. Ағамыз Аян Нысаналин «Жүрекжұтқан» деген, ал  қарындасымыз Үміткен Сүйіншіқызы «Сыпатай батырдың саяси келбеті» деген мақалаларын жариялады. Садық Смағұлов ағамыз  «Абай КЗ» порталында «Сыпатай батырдың саяси келбеті – сатқындық» деген атаумен бірнеше мақаласын оқырман назарына ұсынды.  Садық Смағұлов ағамызға жауап ретінде Әбіл Бүрлібаев үш материал жазды. Үшінші материалды Мұхтар Қазбекпен бірге ұсынды. 2013 жылы Меркіде ғылыми – практикалық конференция өтті. Конференция өтісімен Садық Смағұлов ағамыз Т. Тебегеновтен бастап біраз азаматтарымызды сынады.

2014 жылы Қасым Аманжолұлы  шыққан  мақаласына жауап ретінде Мұхтар Казбек, Маден Кожекеев, Мұсахан Иманқұлов мақала жариялады.

Садық Смағұлов ағамыздың жазғандарына жауап ретінде жазылған мақалаларда, ағамыздың 3-4 сұрағына жауаптар жазылмай қалғандықтан  мүмкіндігінше қолда бар деректерді пайдаланып жауап жазайын.

  1. Қоқандықтар Әлімқұл ханның тапсырмасымен «қазақты сатқан Сыпатай өзбекті сатпай ма?» деп басын кестіріп алады. Денесі еріп келген адамдарына беріледі. Қазақтың жерінен топырақ бұйырмай қырғыз жеріне, Шалдуардағы Андас ағасының бейітіне көміледі.

Марқұм Жүсіпбай Алтайбаев  «Ағыбай батыр» романын жазып жүргенде «Сыпатайдың басы жоқ» деген сөзді естиді. Анығын білу үшін Меркеге барып, бірінші хатшы Сауранбаевқа жолығады. Бірінші хатшы өз кезегінде төрт-бес көнекөз ауыл ақсақалдарын жинайды. «Осындай сөздің бары рас. Андас ағасының қасына қойылыпты. Бірақ кейінгі дүрбелең замандарда олардың үстіне көп адамдар тағы да жерленген. Бергі ашаршылық нәубетінде де көп адамдар жер қойнына берілді. Сүйектері мидай араласып кеткен шығар. Әруақтарды копарылыстырып қайтесіздер!?» депті. Жүсекең де осы сөзге тоқтаған екен.

Мақаланың осы жерін оқығаннан соң мазам кетті. Меркедегі көпшілік жиналған жерлерде төрелік айтып, жігін жатқыза сөйлейтін мырзалар мен ханымдар жаза ма деп едім, ешкім жазбады. Өздерін жоғары санап «Жазды, қойды, ит үреді, керуен көшеді» дегенімен «Ағыбай батыр» романына жазылып кеткендігінен бұл сөз жерде қалмайды. Қанша уақыт өтсе де бұл шындыққа жанаспайтын мәселе болғанымен, күйедей жағылып, алдымыздан көлденеңдеп шығып тұратынын түсініп, Меркіге барып Қаймолдаев Өмірзақты іздеп тауып, «мына мақаланы оқыдың ба?» дегенімде «оқығаным жоқ, естідім»  деді. «Садық Смағұлов ағамыздың мақаласына  шындықты тауып жазбасақ, бұл шындыққа жанаспайтын мәселе болғанымен, бүкіл Ботбайға, Дулатқа, Үйсінге жағылған қара күйе болайын деп тұр, қалай болса да шындықты іздеп табу керек» дегенімде, «мен қазір киініп шығайын, Сыпатай батырдың ұрпақтарымен сөйлесейік» деді.

 

 

Алдымен кесенеге барып Құран оқып шыққаннан кейін Маратбек Шынәзұлының үйіне бардық. Үйге кіргеннен кейін Өмірзақ колындағы қағаздарын Мұратбекке  берді.Мұратбек «Сыпатай батырдың саяси келбеті − сатқындық» дегенді оқып, Өмекеңе «бұл қалай?» дегенінде: «сен киін, машинамен «Қызыл ту» ауылындағы Тоғызақтың үйіне баралық» деді. Тез киініп, машинаға отырғаннан кейін Әшімқұл аға «1980 жылдардың аяғында Сыпатай батыр кұмбезін қайта салардың алдында ескі күмбезден құлап үйілген топырақ, кірпіштерді қазып, тазалағанда Тоғызақ екеуіңіз қатыстыңдар ма?» деді. «екеуміз де басынан аяғына дейін қатыстық» дедім. Садық Смағұлов ағамыз болса ? жылы интернетте жарияланған мақаласында «Сыпатай батырдың денесі ағасы Андас батырдың жанына көмілген деп жазыпты, соны анықтау үшін Алматыдан Тоғызақ екеуіңді, басқа туысқандарды іздеп келе жатырмын» деді. Тоғызақ ағаның үйіне келген соң Әшімқұл аға жағдайды түсіндірді. Мен өзімнің көзіммен көріп, қолыммен істегендерімізді Тоғызақ ағаның көзінше  былай деп айтып бердім:

«Сыпатай батыр бабамыздың күмбезін қайта тұрғызудың алдында бұрынғы ескі күмбездің құлаған кірпіштерін, тас араласқан топырақтардың бәрін, бұрынғы іргетасты тазалап, жаңа құйылатын іргетастың орнын анықтап алу керек болды. Ол үшін Сыпатай батыр баба ұрпақтары: Омаров Қасым, Әбдірәсілов Жапарқұл, Әбдікеримов Сейітхан, Жәнәбілұлы Бекетай, Шынәз Рақышұлы, Дәбер Бекетайұлы, Тоғызақ Болатбекұлы, Жақсығұл Бекетайұлы, Сәйдинов Байзақ, Қалиев Жанұзақ, Жапарқұлұлы Серік, Дүйсенов Жолдасбай бастаған қариялар мен жастар бар 28 адам жиналды және басқалары қосылып барлығы 42 адам болдық. Бір мал сойып елді шақырып, құран оқыттырып, құдайы тамақ беріп тазалау жұмысын бастадық. Бұл жұмыстарды аудан басшылары ұйымдастырғанымен, негізінен Дәбер Бекетайұлы, Тоғызақ Болатбекұлы, Шынәз Рақышұлы үшеуінің басшылығымен өзіміз атқардық. Тас араласқан ескі күмбездің құлаған кірпіштері, топырақтары үлкен төмпешік болып жатыр екен. Бірінші күні соны зорға тазаладық. Қазып іргетасқа жақындағанымызда бұрыш жағынан күрек бір қатты затқа тиді. Ақырын аршып алғанымызда баласымен қатар жатқан адамның сүйегі табылды. Іргетастың деңгейінде, жердің бетінде жатқандықтан  адамның бұл жерге жерленбегені, ашаршылық заманда күмбезді паналап келіп өлгендігі және бірте-бірте күмбез құлап топырақтың астында қалғаны белгілі болды. Ары қарай іргетасты жердің беткі деңгейіне дейін тазалағанымызда, тағы бірнеше адамның сүйегі табылды. Барлық адамдардың сүйегін ретке келтіріп, ертесіне бөлек-бөлек жерледік. Жердің бетінің деңгейінен кішкене төменнен қаланған іргетастың бір жері жалпақ, бір жері биік болғандықтан екінші күні зорға тазаладық. Үшінші күні аудан басшыларынан адамдар келіп: «Тарих және этнология институтынан адамдар келеді, қолдарында қазып тексеруге ұлықсат қағазы бар» дегеннен соң, бұрынғы күмбездің іргетасының ені мен ұзындығынан үлкенірек етіп өлшеп алып, бір жарым метр қазғанымызда күректеріміз қатты затқа тиді. Қазғанды тоқтатып, сүймен темірмен ақырын ұрып көріп едік,  дүңкілдеп асты қуыс екені белгілі болды. Енді ақырын төмен түсетін баспалдақты іздеп, сүймен темірмен әр жерін ұрып көріп едік, шығыс жағындағы екі бұрыштың ортасы дүңкілдемеді. Сол жерді күрекпен тазалап едік баспалдақ көріне бастады. Дәбер, Тоғызақ, Шынәз, Жақсығұл  ағаларымыздың айтуымен «қолында қаздыруға ұлықсат қағазы бар адам келмесе ары қарай қазбаймыз, баба әруағы бізді кешірмес» деп қазу жұмысын тоқтаттық. Екі күн күттік, келетін адамдар келмеді. Аудан басшыларына, Тарих және этнология институтынан ешкімнің келмегенін және ешкімнің қолында қазу жұмыстарын жүргізуге болады деген ұлықсат қағаздың жоқ екенін айтып, қазу жұмыстарын біржолата тоқтаттық. Сол күні құрылысшылар келіп іргетас құю үшін қазылған жердің төрт бұршынан бұрғы салып топырағын тексерді. Ортасына бұрғы салғанда,  бұрғы кабірдің бетін жапқан ағаштың қоқымын шығарды.  Кешегі сүйменмен ұрғанда дүңкілдеген жердің асты қуыс екеніне, сол жерде Сыпатай батыр бабамыздың денесі бар табыт жатқанына құрылысшылар да, біз де толық көзімізді жеткіздік. Тағыда бір мал сойып елді шақырып, құран оқыттырып құдайы тамақ бергеннен кейін, біз іргетастың ортасын, өзіміз қазған жерді сары топырақпен толтырдық.

 

                                                                                            Әшімқұл  Ақпейілов

 Шежіреші, өлкетанушы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.