«Qazaqstan dauiri» газеті оқушылар арасында осындай тренинг өткізуді бастады

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында халықаралақ «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналы «Білім – инновациялық» халықаралық қорымен бірлесе отырып, осы мекемеге қарасты ұлдар лицей интернатының оқушыларына электронды темекінің бала ағзасына зияны туралы «Электронды темекіден балаңызды қорғаңыз!» атты тренинг өткізді. Тренинг өткізудегі басты мақсат денсаулыққа зиян келтіретін әуестіктерден жастар бойын аулақ ұстауға үндеу еді. Мамандардың айтуынша, адам ағзасынан бизнес жасаушылар соңғы жылдары өз тауарларын өткізу үшін жасөспірімдерді нысанаға алған көрінеді. «Әсіресе ата-анасынан жырақта жүрген жастарды көздеп отыр» дейді елордадағы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының дәрігер -үйлестірушісі Қанат Жайықұлы Хамзин. Ұлдар лицейі алдына дәріс оқып, өз ой-пікірлерімен бөліскен Қанат Жайықұлы, жиналған оқушыларға электронды темекінің адам ағзасына зияны мен психологиялық тәуелділікке соқтыратын ауыртпалығы туралы кеңінен түсіндіріп берді. Айта кететін жайт, орталық мамандары, оқушылар арасында электронды темекіге қайдан, қалай қол жеткізетіндерін зерттегенде, көбісі оны ОЛХ сайтындағы интернет дүкеннен 2-3 мың теңгеге сатып алатынын айтқан. Ал негізі нарықта электронды темекінің бағасы 100 мың теңге шамасында тұрады екен. Яғни бұл темекі өндіруші кәсіпкерлер қазірден арзан бағаға өнімдерін сатып, өздеріне болашақ клиенттер жинап жатыр деген сөз ғой. Ал біздің мақсатымыз осындай жастарымыздың денсаулығына кесірін тигізгісі келетін зиянкестерге қарсы тұру, және дәрістер арқылы балаларымызды рухани-мәдени тұрғыда тәрбиелеу. Кездесу соңында балалар тәрбиесі мен салауатты өмір салты жөнінде білімін әлі де жетілдіретін дәрістер оқу туралы лицей ұстаздарымен әріптестік шығармашылық қарым-қатынаста болуға уағдаластық. Жиналған оқушылар өз ризашылықтарын білдіріп, электронды темекінің зияны туралы ақпарат алғандары үшін рақмет айтты.

Зүбайра Тілегенқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз