Дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасының әртүрлілігіне байланысты халық тарапынан түскен шағымға сәйкес бағаларды реттеу бойынша жұмыс былтырдан бастап қолға алынып, бірқатар дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленген болатын.
Алайда, баға нарығында ала-құлалық әлі де сақталып отырғаны жасырын емес. Осыған орай ҚР ДСМ Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті «Дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды тарату ісіндегі мәселелер» тақырыбында жиын өткізді. Жиын барысында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков: – Өздеріңіз білетіндей, біз дәрі-дәрмектің шекті бағасын қойып отырмыз. Қазақстанда Ресей мен басқа елдерге қарағанда дәрі-дәрмек бағасының алшақтығы байқалып, соған байланысты біз заңға өзгеріс енгізіп, бағаны белгілеу ережесін әзірлеп, бағаларға шектеу қойдық. Былтыр бірінші жартыжылдықта біраз дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болып шыққан болатын. Бұл бағытта жұмыс тоқтаған жоқ. Осы жылдың 10 қаңтарында біз бұйрықты жаңартып, ала-құла бағалардың санын азайттық. Бірақ әлі де болса ондай бағалар бар. Комитет бағаны көтермеу үшін тиісті жағдай жасайды, – деді.
Комитет төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, дәрі нарығын реттеу бағытында тиісті мониторинг жұмысы тұрақты жүргізіліп келеді. Нәтижесінде былтыр аумақтық департаменттерге 18 шағым түскен. Орталыққа түскен шағымдардың бәрін сараптап, бағаны анықтап, тиісті шаралар қабылданады. Қазір әкімшілік кодекс бойынша Комитеттің тиісті шара қолдануға толық құқығы бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз