Әрбір адам өзі шыққан биігімен мақтанады. Мен ұстаз болғандықтан шәкірттерім жайлы жақсы нәрсе естісем төбем көкке екі елі жетпей қалады. Мен мақтан тұтатын шәкірттерімнің бірі актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Нұркен Әшімханұлы. Ол өзінің «Жұлдыздар отбасында» берген сұхбатында: «Талант – ананың құрсағында жатқан кезде қанмен даритын дүние» депті. Дұрыс айтылған пікір. Нұркеннің де ата-әжесі, әке-шешесі – өнерлі адамдар.
Бізде жезде болып келетін атасы Өтеуіл қара қылды қақ жарған турашыл адам еді. Ұйғыр ауданына қарасты Шошанай ауылының тарихын жатқа білетін. Өзі аң аулауды ерекше жақсы көретін. Үйінің айналасындағы бақта жемістің барлық түрі өсетін. Сол бір тамылжыған бақтан жемістер жеуші едік. Ал әкпеміз мейірімді жан еді. Немерелерін өте жақсы көретін. Келіні Жәмиланы қызындай көрді. Жәмила ол әулетке өте жас келін боп түсті. Атасы Өтеуіл әкеміз ауылдағы клубта болатын киноға ертіп баратын. Ол кезде Әшімхан аға әскерде еді. Ол өте сабырлы, елге сыйлы, кең пейілді, адамгершілігі мол, көпшіл жан еді. Жетпіске келген кезінде қайтыс болды. Ауылдағы ең сыйлы адам, ауылдың ардақ тұтар азаматы болатын. Ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды. Ал Жәмила жеңешем туралы айтар әңгіме көп. Өте көңілді, ақжарқын, күлсе жүрегі көрінетін жан. Менің ең жақсы көретін адамым. Көрген сайын жеңешеме еркелегім кеп тұрады. Енесін қалай жақсы көретін, ақтық сапарға да өз қолымен аттандырды, осы үлгісін барлық келіндер игеруге тиіс.
Осындай жандардан туылған менің сүйікті шәкіртім Нұркен өнерлі болмауы мүмкін емес. Менің ең сүйікті жазушым М.Әуезовтің «Абай жолы» романын сегіз рет қайталап оқып шыққанмын. Ал Абай рөлін шәкіртім Нұркен 33 жасында ойнап шықты. Бұл мен үшін – мақтаныш. Нұркен өзінің бір сұхбатында «Менің ендігі арманым – Абайдың жанын, Абайдың жүрегін, Абайдың тұла бойында ағып жатқан қанын, соғып жатқан әр тамырын өз қарасөздері, өлеңдері, әндері арқылы сахнаға алып шығу. Оның жанының халық үшін қаншалықты ауырғанын, қаншама трагедияны басынан өткергендігін гримсіз жеткізгім келеді» деген екен. Өте құнды пікір, мақсатына жетсе екен. Биыл Абай жылы. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абайдың 175 жылдық мерейтойын лайықты өткізу жөнінде үлкен міндеттерді халыққа жария етті.
Абай образын халыққа, бүкіл көпшілікке паш еткен Нұркен балам биіктен көріне берсе екен. 2018 жылы зейнеткерлікке шығу мерекемді Шонжы ауылындағы №4 Шонжы орта мектебі, аяулы мекенім ұйымдастырды. Сол мерекеде Астана қаласынан Тұрсынбек Қабатов досымен менің шәкіртім Нұркен де құттықтады. Қандай қатты қуандым десеңші! Шәкіртімнің жылы лебізінен кейін көзіме жас келді. Бұл – қуаныштың жасы еді. Әрбір ұстаз өз шәкіртін мақтан етеді ғой, шәкіртім Нұркен биіктерден көріне берсін!

Жұман МАТАЙ,
Алматы облыстық «Райымбек» газетінің Ұйғыр ауданындағы меншікті тілшісі.
Рая Сартолова,
Ұйғыр аудандық ардагер әжелер алқасының төрайымы, Шонжы ауылы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз