Аграрлық саланы ғылыми зерттеу университеттері арқылы дамтуға болады

0
310

       Нұр-Сұлтан қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің елімізде аграрлық ғылымды дамытудың проблемалары мен келешек стратегиялық маңызды бағыттары, саланың экономикалық мүмкіндіктерін талқылауға арналған көшпелі отырысы болды.

       Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Д. Әділбеков, ҚР Парламенті Сенатының Комитетінің мүшелері, ҚР БжҒМ мен ҚР АШМ өкілдері, «ҰАҒБО» КеАҚ Басқарма Төрағасы Т. Рақымбеков, «С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ» КеАҚ Басқарма Төрағасы А. Күрішбаев, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС Бас директоры А. Агеенко, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС Бас директоры А. Сұлтанов және өзге де ғалымдар мен мамандар қатысты.

Соңғы кездері Қазақстанның кең байтақ, дархан даласының ен байлығын ауылшаруашылығы кешенін дамыту арқылы игеру, ел игілігіне бейімдеу тұрғысында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұжымы қадау-қадау мәселелерді шешу, жиындар өткізіп қана қоймай халықаралық озық тәжірибелерді іс жүзінде экономикаға кіріктіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Оқу ордасының қазіргі мақсаты заман талабына сай маман дайындаумен қатар, ауылшаруашылығы саласында жетістікке жеткен елдер секілді салалық білім ошақтарын ғылыми зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін жеделдету керектігіне ерекше басымдық беруді көздейді.

Кеңеске жиналғандар еліміздегі ауылшаруашылығының алға жылжуына көбіне ақпарат құралдарында аталмыш саланың жетістіктері мен проблемаларын сауатты талдай алатын, тіпті сауатты ақпарат бере алатын мамандардың тапшылығы да кедергі болып жататынын тілге тиек етті. Сонымен қатар университеттің инженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесімен танысып, геоақпараттық жүйелер бойынша Қазақ-Корей орталығы, Big Data орталығы, Жасанды интеллект орталығында болды. Университетте шығарылған өнімдерді тамашалады.

Университет басшысы А. Күрішбаев өз сөзінде қазірдің өзінде ҚазАТУ еліміздегі ірі аграрлық зерттеу университеті болуға толық дайын екендігін мәлімдеді. Егер университтет аграрлық зерттеу мәселелерін кешіктірмей қолға алатын болса, ғылыми және кадрлық мүмкіндіктерге сай мамандар даярлап, ауыл шаруашылығында сенімді серіктес болуға жол ашылмақ.

– Осыған орай университетімізде аграрлық сектордың экономикасына арналған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға бағытталған халықаралық жоба жүзеге асырылатын болады. Алдағы уақытта ҚазАТУ Франциядағы AgroParisTech университетімен бірге қосдипломдық білім беру жүйесіне көшу мен оқу бағдарламаларын жаңғырту бойынша жол картасын жетілдіріп жатыр,- деді Ақылбек Күрішбаев.

 

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.