«Биылдан бастап көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы енгіздік. Қазір ол жәрдемақыны 370 мың отбасы алып жатыр. Енді төрт баладан аз, яғни 1, 2, 3 балалы отбасылар да сондай жәрдемақы берілсе деген өтініштерін айтуда. Осындай сауалдар болғаннан кейін, министрлікте әртүрлі тәсілдерін қарап, қаржыны есептеп көрдік. Бірақ бұл мәселе, қаржы мүмкіндігіне байланысты. Атап өткендей, бізде 370 мың көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны алуда. Соның ішінде аз қамтылған 125 мың отбасы бар»,- деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі есеп бойынша бір, екі және үш балалы тұрмысы төмен отбасылардың саны 190 мыңды құрап отыр. Қазақстан бойынша 1-3 баласы бар отбасылардың саны 2 млн 904. Бұл көрсеткіш жәрдемақы көлемін тағы 15 есе ұлғайту керектігін көрсетеді. Сондықтан бұл әлі де зерттеледі. «Бұл бағытта 15 еседен артық қаражат талап етіледі. Екіншіден, «дәулетті, жағдайы жақсы адамдарға осы жәрдемақыны төлеу керек пе, жоқ па» – ол да үлкен сұрақ. Сондықтан біз бұл мәселеде ешқандай шешімге келген жоқпыз. Бірақ оның бәрін қарап жатырмыз»,- деді Біржан Нұрымбетов.

Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік топтама қашан беріледі?        

            «Біздің жоспарымыз бойынша ақпан айының 5-іне дейін келісімшарт жасалып бітеді. Атаулы әлеуметтік көмекке қаңтарда өтініш берген азаматтардың тізімі белгіленді. Атаулы әлеуметтік көмекке ие болған азаматтар кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға да ие болады. 10 ақпаннан қаңтар айының атаулы әлеуметтік көмегі төлене бастайды. 15 ақпанға қарай әлеуметтік топтама да халыққа жеткізіледі», – деді министр Біржан Нұрымбетов. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері республика бойынша 97,5 мың отбасы немесе 504 мың адам жергілікті атқарушы органдарға өтініш берген. Оның 64 пайызы балалар, 41 пайызы көпбалалы отбасылар. Қазіргі уақытта 2 260-тан астам учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. 47 мың отбасыға немесе 237 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. «Балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтама да беріледі. Ол жаңа тәртіп. Бұған қатысты жұмыстың бәрін атқардық. Жергілікті атқарушы органдармен бүкіл тетігін пысықтадық. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу тәртібі жүреді. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тиісті тапсырмасы мен рұқсатын берді. Дәл осы аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы бір көзден сатып алу жөнінде Үкімет өз тарапынан әкімдіктердің ұсынысы бойынша 543 жеткізушіні белгіледі»,- деді министр Біржан Нұрымбетов.

3 жасқа дейін бала күтіміне жәрдемақы төленуі мүмкін

            «Бала күтіміне жәрдемақыны арттыру мәселесіне бастамашылық жасамақпыз. Бүгінде ол бала 1 жасқа толғанға дейін төленеді. Біз бұл мерзімді 1,5 немесе 3 жылға дейін ұзарту нұсқасын қарастырып отырмыз. Қазіргі уақытта шамамен 387 мың ана бала күтіміне байланысты аталған жәрдемақыны алады. Оның ішінде Әлеуметтік сақтандыру қорынан алатындардың саны аздау»,- дейді министр Біржан Нұрымбетов. Бүгінде бала күтімімен отырған жұмыс істемейтін  аналар бюджеттен ай сайын 1 жыл бойы 15-24 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Ал жұмыс істейтін аналар Әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын жалақысының шамамен 40 пайызын алады. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта бала күтімі мен мүгедектік бойынша жәрдемақыны қайта қарастыру жоспарланып отыр. «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемлекеттік қолдау керек. Біз мүгедектігі үшін күтімге жәрдемақы төлеу бастамасын көтермекпіз. Бүгінде ата-аналар мен қамқоршыларға мүгедек бала күтіміне, сонымен қатар бала кезінен бірінші топтағы мүгедек бала күтіміне жәрдемақы қарастырылған. Бірақ, бала кезінен мүгедек емес бірінші топтағы ересек мүгедектер бар. Олар да күтімді қажет етеді. Сондықтан қосымша жәрдемақы енгізу дұрыс болар еді. Бұл әзірше министрліктің жоспары ғана. Үкіметке және атқарушы органдармен келісуге әлі енгізілген жоқ», -деді министр. Яғни, мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту және тұрмыс сапасын арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалар жұмыс істей бастады.

PS: Алайда атқарылып жатқан жұмыс жылдар бойы қордалаған мәселелердің түйінін шешуге жасалған алғашқы қадамдар ғана екені түсінікті. «Сананы тұрмыс билеген қоғамда» мемлекет жәрдемақы беріп немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындау арқылы «жыртыққа жамау» ғана болып жатқанын түсінуі керек. Үкімет жасап жатқан бұл «жақсылық» экономиканың дамуына, ішкі нарықтағы өндіруші қаблеттің өркендеуіне, халықтың тұтынушы психологиясының өзгеруіне әсер ете қоймайтыны ақиқат. Былтыр ақпанда «жанып кеткен жас өскіндердің» қайғысын да қалқалай алмайды. Десек те мемлекет халықтың «қажетін» қанағаттандыру, оларды еңбекке жұмылдырып, экономикаға қосу жоғары биліктің басты міндеті екенін ұққаны анық.

            Ал мемлекет экономикалық саясатты сауатты жүргізбей, тұрмыстық және әлеуметтік саланы жәрдемақымен қамтамасыз ету арқылы экономикалық тығырықтан шығамын десе, ертегіге сенген баладан еш айырмасы жоқ.

            Расында мемлекет саясаттанушы Досым Сәтпаев айтқандай, елде тұрақтылық емес, тұралау болып жатқанын мойындауы керек.

 

 

1 Пікір

  1. менің бір балам бар кеум жүмыста жоқ өзім де жүмыс жоқ қатты қиналып кетім өтінем маған көмек керек уиім жоқ маған көмектесет деген оимен жазып отырмын егер осы хатымды оқысаңыз алла разы болсын маған көмектесіңіз

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз