«Ақорда» резиденциясында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған ел. Біз бұл тарихи фактіні үнемі есімізде ұстаймыз. Мемлекеттеріміз арасында көптеген бағыт бойынша, оның ішінде, ядролық қаруды таратпау, халықаралық терроризммен күрес және экономикалық ынтымақтастық секілді салаларда тығыз қарым-қатынас орнаған. Сонымен қатар өзара ықпалдастығымызды одан әрі дамыту мақсатында пайдалануға болатын әлеуетіміз де бар», – деді.  Тараптар барлық бағыт бойынша, оның ішінде сауда, инвестиция, IT-технология, демократиялық құндылықтарды ілгерілету және халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл лауазымын ашуға ниетті екенімізді айтты.  Қазақстан президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын айтып, екі елдің экономика, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағыттарында дәстүрлі әрі сенімді серіктестік қалыптасқанын жеткізген АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының басшысы: «Біздің экономикалық байланыстарымыз өте жақсы. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Энергетикалық бағыттағы ынтымақтастықтан бөлек, басқа да салалардағы байланыстарды өркендету үшін әлеуетіміз зор. Бүгін осында өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын», – деді.  Америкалық дипломат Қазақстанның «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын қайтарып алғанын жоғары бағалап, еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, оның экономикасы мен адами әлеуетін күшейтуге қосқан үлесіне тоқталды. Елімізде қолға алынған саяси реформалар жайында да жылы пікірін айтып, оның іске асуына сәттілік тіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз