Баланы жастан

0
400

Түнгі қаланың тіршілігі бір бөлек. Әсіресе, демалыс күндері қаланың түнгі тіршілігі ерекше тыныс ала түседі. Тыныштығымызды күзеткен тәртіп сақшыларымен қатар кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын Ювеналды полиция қызметкерлері да бұл күндері аяқтарынан тік тұрып, бас-көзсіз жүрген бала, түнгі «жорыққа» шыққан жасөспірімдердің соңына майшам алып түседі. Себебі, түнгі уақытта емін-еркін жүрген кәмелетке толмаған жеткіншектерді де жиі кездестіруге болады.
Компьютер клубын тұрақты мекен еткен балалар көп. Түнгі уақытта компьютер клубынан ұсталатын жас жеткіншектер көптеп сналады. Ересектердің қарауынсыз жүрген жеткіншек мектепке баруды да қояды. Балалардың мектепке бармай кетуіне де осы компьютер клубтары себепші болып отыр. Клуб әкімшілігінің айтуынша әлгі бала мұнда келгенде түрлі сылтау айтатын көрінеді. «Анам үйден қуып шықты. Баратын жерім жоқ» деген желеумен осында сағаттап отыруды әдетке айналдырған. Осыдан кейін, күніне компьютер клубтарында қанша сағат уақытын сарп ететінін есептей беріңіз.
«Goodlike»-тің әкімшілігі ақша табу жолында балалардың жасына тағы басқасына қарамайды.  Басын бәледен алып қашып жасөспірімдердіңата-аналары алдында жауапкершіліктен қашады. Алайда, бір ескеретін дүние, кәмелет жасына толмаған жеткіншектерге түнгі 22:00-ден ары қарай компьютер клубтарынан табылуға болмайды. Яғни, бұл жерде оның компьютер ойнағаны, не ойнамағаны маңызды емес. Түнгі уақытта сол жерден табылғанының өзі заң бұзушылық саналады. Мұны компьютер клубының әкімшілігі білмейді десеңіз қателесесіз, «Goodlike» компьютер клубына кіре бергенде бірінші көзге түсетін де түнгі уақытта балаларға мұнда келуге тыйым салынғаны жазылған тақтайша. Жарқыратып іліп қойғандарына жол болсын. Ювеналды полиция бөлімі мамандарының айтуынша, ата-ананың уысынан шығып кету үшін балалары түрлі айла-шарғыларға барады.  Алматы қаласында шамамен алғанда 40 шақты компьютер клубы бар. Жедел шара кезінде тексерілгенімен олар жұмысын жалғастыра береді.

Кейбір ата-аналар кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта жүруін тәртіп бұзушылық санамайды. «Адам өлтіріп қойып па?» деп полиция инспекторларының өздеріне бас салады. Ал балаға бірдеңе болса, «полиция қайда қарап отыр» деп бар кінәні соларға артатындары да өтірік емес. Мұндай шара өзін-өзі қорғай алатындай жағдайға жете қоймаған жасөспірімдерді әртүрлі заң бұзушылықтан, арам ниетті адамдардың құрбаны болудан сақтайтынын естен шығармаған жөн.

Компьютердің адам ағзасының физиологиялық жақтарына тигізер зияны айтпаса да түсінікті нәрсе. Дене белсенділігінің аздығы, компьютер клубтарында жарық, белгілі температура, санитарлық режимдер нормаларының сақталмауы жасөспірімдердің организмінің дамуына кері әсерін тигізеді. Бір жағынан әртүрлі прогрессивтік жаңалықтарда дисплейді қолдану адам өміріне көптеген жеңілдіктер туғызса, екінші жағынан жаңа проблемалар туғызды – «дисплей ауруы» пайда болды.Дисплеймен жұмыс жасағанда одан бөлінетін электромагниттік сәуле көзге әсер етеді. Әрине, ол әркімнің көру жүйесінің бастапқы жағдайы мен адамның жасына байланысты болады.

Терминалды көру дисплейін қолданғанда «астенопия» деген жағдай туады, яғни көздің көру қабілетінің функционалдық бұзылуы.

Шектен шыққан ойынпаздық дерті – «лудомания»деп аталады. Компьютер құмаралық «аддикцияға» шалдықтырады Бала күнінен бастап,маңызды бір істерге, жауапкершілікке, өз өмірі үшін өзі жауап беретінін сезіндіруге дағдыландырғанымыз дұрыс. Құмар ойын есірткіден де жаман кесапат екенін түсіне тұра, тоқтау қиын.

Жанашыр мамандар «ғасыр дерті» деп бағалап отырған бұл сырқатпен күрес жалпыхалықтық іске айналуы тиіс. Себебі ТМД елдері ішінде компьютер мен интернетті пайдалану ісінде Қазақстан алдыңғы қатарға баяғыда-ақ шығып қойған. Ендеше, егер аталған компьютеромания ауруы кейбір отбасы мүшелерінде пайда болғаны анықталса, оған қарсы тиімді шаралар осы бастан жүргізілуі тиіс. Ал егер ондай сырқаттың ауылы әлі алыстау сияқты көрінсе, онда аталған дерттің алдын алу, тұтынушыларға заманауи технологияларды пайдалануды қалай тиімді жүргізуге болатыны жайлы сауат ашу курстарын жүргізген лазым. Оған көбінесе дәрігер-мамандар және High-tech, яғни жоғарғы технология мамандары міндетті түрде қатыстырылғаны абзал. Әйтпесе, осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын компьютерлік ең соңғы жаңалықтарды елдеріне енгізу үшін жылына бірнеше миллиондаған доллар қаржы бөлген елдердің бүгінгі таңда сол технологиялық дамулардың зияндарымен күрестерге соншама қаржы бөлуге мәжбүр болғанын айта кеткеніміз жөн болар. «Е-е-е, қайтер дейсің?» – деп енжарлыққа салынып, сол үкіметтердің кебін киіп жүрмейік.

 

Гауһар Тұрсынқожа

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.