Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында зейнетақы жинағын баспана алу, емделу, білім алу секілді мақсатты қажеттілікке жұмсауға рұқсат беру туралы мәселе көтерген болатын.
Осыдан кейін үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, Қазақстандағы зейнетақы жүйесін дамыту жөнінде 2020 – 2024 жылдарға арналған жол картасын әзірлеуге кіріскен болатын. Әрбір қазақстандықтың есепшотында қанша ақша бары, азаматтардың орташа өмір сүру жасы, бұған қоса, зейнетке шыққаннан кейін ол адамның шамамен қанша жыл өмір сүретініне дейін зерттеліп жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Біз қажетті есеп-қисапты жасап шықтық. Қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Сондықтан біз әрбір адамның есепшотындағы қаржы зейнет жасына жете ме, жоқ па, осыны ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 миллион теңгеге жетпейді. Ал қажетті сома, шамамен 10-12 миллион теңге болуы тиіс. Ондай азаматтардың саны – 102 мың адам», деп түсіндірген еді.
Алайда арнайы жұмыс тобы 1 шілдеге дейін азаматтардың баспана алуға немесе оқуын төлеуге зейнетақы қорларынан қаржы алу механизмін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыратын болды.

Қордағы қаржы қалталыларға ғана тиесілі ме?

Қазіргі жағдайда арнайы жұмыс тобының соңғы есептеу қорытындысына сәйкес енді 30 жастағы ер азамат жинақ қорына 6 миллион 700 мың теңге, ал әйелдер 9 миллион 600 мың теңге қаржы жинаса жинағын ем-домға жұмсауына болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: «Бүгінде еліміздегі жұмысшылардың арасында тиісті жарнаны жинағандардың саны 113 мыңға жуық екен. Егер 50 жастағы ер адамның зейнетақы қорында 7 миллион 244 мың, зейнет жасындағы ер адамда 8,2, ал зейнетке шыққан әйелдердің жарнасы 10,1 миллион теңге болса, бұл қаражатты ішінара пайдалана алады», –дейді.
Бірақ мұндай ақшаны екінің бірі жинамасы анық. 30 жасыңда зейнетақы қорына 7 миллиондай ақша жинау үшін қанша айлық болуы керектігін Еңбек министрі есептемеген сыңайлы. Экономика сарапшысы Жангелді Шымшықов: «Қарапайым халықтың ешқашанда 30 жаста 6 жарым миллион таба алмайтыны бесенеден белгілі. Ол тіпті, қиянат. Шындыққа, ақиқатқа жасалған қиянат. Елімізде 9 миллион жұмысшы болса, соның 500-700 мыңы өз зейнетақы қорын пайдалану мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл – министрліктің межесі. Бірақ осыншама қаржыны қандай жалақымен жинауға болады деген сауалға ешкім нақты жауап бермейді», –дейді.

Ең төменгі жалақымен 40 жыл жұмыс істесе де…

Дегенмен, еліміздегі қазіргі ең төменгі 40 000 теңге жалақымен қарапайым жұмысшы 10 жылда зейнетақы қорына қанша ақша жинайтынын есептеу қиын емес қой. Қарапайым арифметиканы білетін кез келген адам 40 000 теңге жалақы алатын жұмысшы 10 жылда зейнетқорына 500 000 теңгені зорға жинайтынын біледі. Яғни, 40 000 жалақымен 40 жыл жұмыс істеген қарапайым шаруа зейнетақы қорына 2 миллион ғана жинай алады.
Ұлттық банк баспасөз-қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 10 798,3 млрд теңгені құраған. Ақша қаражаты және теңгеге салынған қаржы құралдары 7 201,0 млрд теңгені немесе 66,7%-ды, шетел валютасына салынған қаржы құралдары 3 597,3 млрд теңгені немесе 33,3%-ды құраған.
Бірақ БЖЗҚ қорына жиналған бұл қаржыдан қарапайым жұмысшыға ешқандай қайыр жоқ. Белгілі журналист Амангелді Құрмет: «Зейнетақы қорындағы 500 000 теңгеге үй түгілі несиеге Лада-гранта алсаңыз, соның алғашқы жарнасына жете ме екен? Әрине, Ладаның бастапқы жарнасы шамамен 320-350 мың шамасында, оның өзінде 10 пайыз жарна болса ғана. Ал 20 пайыз болса 500 мың жетпейді. Айтпақшы, зейнетақы шоттарындағы қаржы бір жағынан елдегі әлеуметтік жағдайды сипаттауы мүмкін. Жылдар бойы жинаған жарнасы 500 000 теңгеге әрең жеткен азаматтар саны 5 млн-нан асса, онда кедейшілікті жоюға бағытталған шаралардан қайыр болмады деген сөз. Дамып жатқанымыз, жалпы ішкі өнім мөлшері жан басына шаққанда 9 мың доллардан асқаны жайлы деректер мифке ұқсап кететін тәрізді. Әлде зейнетақы қорындағы қаржыны бізге білдірмей жымқырып жүргендер бар ма? Әйтеуір 5,3 млн шоттың әрқайсысында 500 000-ға әрең жететін сома жиналғаны жайлы ақпарат анық. Сөйтіп, жиған-тергеніміз бір бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасына жарамайтынына көзіміз әбден жетті. Осындай азғана тиын-тебен жиналған шоттардағы қаржыны үй алуға алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік беру үшін Үкімет қандай тетік ойлап табар екен, сол қызық болып тұр. Әлде зейнетақы жарнасын тек 5 млн теңге жинаған 26 пайыз салымшы ғана үй алуға пайдалана ма? 5 млн теңге жарна жинаған адам орта есеппен он жыл бойы айына 400 мың теңге немесе 20 жыл бойы 200 мың теңгеге жуық жалақы алып отыруы керек. Ал мұндай азаматтар үйді шекесінен шертіп жүріп, сатып алуға қауқарлы келеді», – дейді. Демек, зейнетақы қорындағы ақшадан қарапайым жұмысшы дәмеленбей-ақ қойса болады.

Зейнетақы аннуитеті деген не?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: «Зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тапсырманы былай қойғанда Қазақстанда «зейнетақы аннуитеті» деген бар. Оған сәйкес, ер адам 55 жасқа, ал әйел 51 жасқа жеткенде өз жинақтарын «зейнетақы аннуитеті» ретінде рәсімдеп, ақшаны ала алады. Бірақ ер адамдар – 10 миллион, ал әйелдер 12 миллион теңге жинауы шарт», – деді. Осы тұста «Зейнетақы аннуитеті деген не?» деген сұрақ туындайды. Латын тілінен алғанда annuus – жыл сайынғы деген мағына береді екен. Яғни, БЖЗҚ-дан төленетін төлемдердің баламасы болып келетін жинақтарды алу тәсілі.
Зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жинақтардың жеткілікті мөлшерін сақтандыру ұйымы есептейді. Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау немесе кейіннен зейнет жасына толған кезде зйнетақы қорынан кесте бойынша алу үшін БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарын сақтау – салымшының өз қалауы. Сондықтан зейнетақы аннуитетін алу үшін салымшы зейнетақы аннуитеті шартын мұқият оқып, ондағы біржолғы төлем, жылдық төлемдер мөлшері, кепілдік мерзімі және тағы басқа да бөлімдеріне назар аударған жөн. Бірақ бұл қарапайым жұмысшы үшін қиялдауға да болмайтын шаруа екені түсінікті. Десек те зейнеткерлік аннуитетті қалай алуға болатынын да сараптап көрейік.

Зейнеткерлік аннуитет қалай беріледі?

Мемлекеттік аннуитет компаниясының басқарушы директоры Әлемжан Ақажановтың айтуынша, зейнеткерлік аннуитетті алу үшін, яғни зейнетақы қорындағы ақшаны ай сайынғы төлем ретінде мерзімінен бұрын пайдалану үшін есепшотта жинақтың нақты бір мөлшерін жинау қажет. Оның көлемі жыл сайын экономикалық көрсеткіштерге қарай өзгеріп тұрады. Мәселен, биыл ер адамдар үшін қажетті соманың мөлшері 10 809 889 теңге болса, әйелдер үшін 14 485 100 теңгені құрайды. Оған қоса, нақты жас ерекшелігі де белгіленген. 2020 жылдан бастап қажетті соманы жинап, зейнеткерлік аннуитет шартымен ай сайынғы төлемді ерте алуға болады. «Ол үшін зейнеткерлік аннуитет туралы келісім жасалады. Салымшының есепшотындағы ақша өмірді сақтандыру компаниясына аударылады да, кесте бойынша ай сайын зейнетақы төлемдері беріле бастайды. Мәселен, біз  адамның зейнетақы жинақтарын 110 жасқа дейін жоспарлап қоямыз. Зейнеткерлік аннуитет арқылы зейнет жасқа жетпей, тиісті төлемдерді ай сайын алуға болады. Талап бойынша бір төлемнің мөлшері минималды зейнетақыдан кем болмауы тиіс. Әрине, жинақтың сомасы көп болса, ай сайынғы төлем де көбейе түседі», – дейді Ә. Ақажанов.
Қазір қолда бар ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда зейнеткерлік аннуитет келісімшартын 60 мың адам рәсімдеген. Бүгінде зейнеткерлік аннуитетті барынша қолжетімді ету үшін тағы да қосымша шаралар қолға алынып отыр. Алдағы уақытта осы қызметтің тағы екі түрін енгізу жоспарланған. Біріншісі «бірлескен аннуитет» болса, екіншісі – «кейінге қалдырылған аннуитет». Қазіргі кезде осы жобалар бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. «Мысалы, «бірлескен аннуитет» ерлі-зайыптыларға арналған. Егер біреуінде зейнетақы жинақтары жеткілікті, ал екіншісінде жеткіліксіз болса, бірлескен аннуитетті алуға рұқсат беріледі. Осылайша, ерлі-зайыптылардың зейнетақы жинақтарын қосып, біреуінің ақшасын екіншісіне құюға болады. Сөйтіп, жетпей тұрған соманы толықтыруға мүмкіндік бар. Нәтижесінде екеуі де зейнетақы төлемдерін ерте алады», – дейді Әлемжан Ақажанов.
Ал «кейінге қалдырылған аннуитет» бойынша қазіргі жас ерекшелігіне қатысты талапқа қарамастан, зейнеткерлік аннуитет келісімшартын жасауға мүмкіндік беріледі. Бірақ есепшотта қажетті сома болуы шарт. «Мәселен, адам 45 жасында қажетті соманы жинаса, зейнеткерлік аннуитетке құжат тапсыра алады. Соның арқасында кепілдендірілген табыс ставкасын белгілеп, алдағы төлемдердің индексациясын қамтамасыз етуіне болады. Ал артық ақшаны инвестициялауға мүмкіндік бар. Сонда қосымша табыс түседі. Меніңше, алдағы бір-екі жылда осы қызметтер іске қосылады», – дейді Ә. Ақажанов. Маманның сөзіне қарағанда, зейнеткерлік аннуитетті алғаннан кейін жұмыс істейтін адамдар зейнетақы қорына тағы ақша жинайды. Сөйтіп, 63 жаста зейнетақы қорынан да, аннуитет компаниясынан да төлемдерді алып отырады. Оған қоса, базалық зейнетақыны да ала беруіне болады. Жақында Сенатор Нұртөре Жүсіп осы аннуитетке балама бола алатын «Әулет» бағдарламасының жобасын ұсынды.

Сенатор ұсынысы

«Әулет» бағдарламасы көп түйткілді шешер еді

Сенатор зейнетақы жинағын әлеуметтік қажеттілікерге пайдалануға қатысты бірнеше талқылаулар мен басқосулар кезінде Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі тарапынан берілген ұсыныс көңілінен шыққанын айтты. «Қазір азаматтардың көбі «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы арқылы үй аларда бастапқы жарнаны жинақтай алмайды. Сондықтан, бір отбасында 4-5 адам жұмыс істесе, олардың бірінің зейнетақы жинағы 1 млн, екіншісінікі 2 млн теңге болуы мүмкін. Солардың жинақтарының бір бөлігін ортақ мақсатқа жұмылдыру тетіктерін жасаса деген ұсыныс бар. Қазақта әулеттік жүйе өте жақсы қалыптасқан ғой. Айталық «Әулет» деген бағдарлама ашып, көмек ретінде зейнетақы ақшасын аударуға мүмкіндік беріп, кейін қайтару мәселесін пысықтаса деген ұсынысты айтқым келеді»,- деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор «Бұл жерде негізгі мәселе – зейнетақы қорындағы қаражатты қалай болса солай пайдалана салу емес, белгілі бір мақсатқа, яғни азаматтардың денсаулығына, біліміне, сонымен бірге тұрғын үй мәселесін шешуде тиімді пайдаланудың тетігін іздестіру болғаны дұрыс» дейді.
Ал зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының құрамында болған Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр Біржан Нұрымбетов пен ведомствоға қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығын» басқаратын экс-министр Тамара Дүйсенованың жұмыс тобы атынан ұсынған шешім «сауатсыз». Біріншіден, зейнетақы жинағын пайдалануға тек салымшылардың 1 пайызына ғана рұқсат беру ұсынылған. Ал олардың басым бөлігінің меншігінде баспана онсыз да бар. Оның үстіне, зейнетақы жүйесін реформалау көзделген жоқ. Яғни, шешімнің таяз екені көрініп тұр», – дейді.

PS: Көріп отырғанымыздай, егер зейнетақы қорындағы ақшаңыз жеткілікті болса, ай сайын қосымша төлемдер алуға, баспана алу үшін пайдалануға, жинақтың белгілі бір бөлігін ем-домға жұмсауға болады. Негізі бастама жақсы-ақ. «Бейнетімнің зейнетін бер» деген қазақ үшін маңдай тер, адал еңбекпен жиналған азын-аулақ қаржысы дер кезінде кәдеге жарап жатса жаман ба? Бірақ жоғарғы билік ұсынып отырған зейнетақы қорында жиналуға тиіс соманы қарапайым халық өмір бойы тірнектеп жинаса да мүмкін емес екені сан санай білетін кез келген адамға түсінікті.
Тәуелсіздік алғалы – 30 жыл. Билік «айлық өсті, баспана салып жатырмыз, жұмыс орындары көбейді» деп есеп берумен келеді. Алайда «бөркін қазандай қылып» қабылдаған бағдарламалары нақты жұмыс істей бастағанда, «шикі» немесе әлі де «иі» қанбаған болып шығады. Неге?
Ақылға қонбайтын тағы бір ұсыныс Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төрағасы тарапынан жасалыпты. Оның айтуынша, ай сайынғы зейнетақы аударым мөлшерін 10 пайыздан 13 пайызға арттыру қажет екен. Иә, әркім-ақ еңбек етіп, тапқан қаражатының көп бөлігін, зейнетақы қорына ма, әлде депозитке ме жинағысы келетіні анық. Бірақ айлығы шайлығына жетпейтін шаруа ертең жарылқайды екен деп, азғана табысының тағы 3 пайызын зейнатақы жарнасы үшін аударуға келіседі дегенге сенесіз бе?

Тілекгүл Есдәулет

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз