Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 26 сәуірде Семейде зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде: «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зияны нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемі анықталмақ. Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», – деді.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған тапсырмасы бүгінгі күнге дейін орындалған жоқ. Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде жасалынбай отыр.

Тарихқа жүгінсек, 1947 жылдың 21 тамызында бұрынғы КСРО үкіметі Сарыарқаның қалың қазақ халқы орналасқан Павлодар, Семей, Қарағанды, Азғыр, Барсакелмес өңірлерінде әскери қажеттілікке жер беру жөнінде арнайы қаулы қабылдады.
Осы қаулыға сәйкес, Павлодар облысы Май ауданындағы жер аумағының 80 пайызы осы әскерилердің иелігіне бөлінді. Дүниежүзіне «Семей полигоны» деген атпен әйгіленген аймақтың көлемі — 18500 шаршы шақырымды құрайды немесе ядролық сынақты жүргізуге 800000 гектар жер аумағы осы облыстардан әскери қажеттілік үшін бөлінген көрінеді. Май ауданына қарасты Сталин, 3-бесжылдық атындағы Жаңа күш, Алғабас колхоздарын тыйым салынған белдеуден өте алмай қалғандықтан және осы шаруашылықты басқарып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете алмайтын болғандықтан, бұрынғы Семей облысы Жаңасемей ауданының қарамағына беру ұйғарылған.

Тағы бір масқаралық, жоғары лауазымды қызметте де, екі сатылы Парламентте де қаншама академик-депутаттарымыз, қаншама абзал азаматтарымыз жүрсе де Смағұл Сәдуақасұлы, Темірбек Жүргенов, Жұмабек Тәшеновтей бір «темір» Нарком қазақтың өз орнында отырмағаны ма?
Енді бұл көзбояушылық – заңсыздықты бірінші орынбасары болған А.Павловтан бас-тап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол кездегі үкіметінен сұрау керек шығар?
Дегенмен көзбояушылыққа айналған заңсыздыққа кезінде қазақ елінің Жоғарғы Соты ғана қарсы шыққан көрінеді. Олар әлеуметтік «өтемақыны» 1992 жылғы «Заңда…» көрсетілгендей «төмен айлық еңбекақымен» өтеуді талап еткен. Ал Үкімет болса «айлық есептік көрсеткішпен» есептесуді жөн көрген.
Сот өз дегенін талап етіп, Билікпен «тістесіп» отырған соң Үкімет жылдамдатып, бұрынғы қабылданған Заңға толықтырулар мен өзгертулерді алдын ала кіргізе отырып, дүниежүзілік тәжірибеде жоқ керіқайтарым күшпен 1999 жылы 16 қарашада бір Заңды қайта қабылдаттырып жіберген. Бір шыққан Заңға қандай да бір пайыз көлемінде толықтырулар мен өзгертулер енгізілсе де, ол Заңды түбірімен қайта қабылдауға ешбір Парламенттің құқы жоқ, өзі Заң шығаратын Парламент депутаттарының бірде-біреуінің осындай заңдылықты білмегені ме? Және мұндай білместіктің «кесірінен» халық қалаулыларының өзі осындай заңсыздық қолайсыздыққа ұрынғаны көрініп-ақ тұр. Бұл дегеніңіз, атқарушы Билік шыққан Заңды мүлтіксіз орындаудың орнына, диктантты дұрыс жазбаған оқушылар секілді Сенат пен Мәжіліс депутаттарын партаға қайта отырғызып, қателерін көздеріне шұқып отырып, негізгі жеңілдіктердің көбін алып тастап, «өтемақыларды» енді «есептік көрсеткішпен» өтеуді талап еткені көрініп тұр. Осындай жүні жұлынған тауықтай, жарымжан, мүгедек, көп жеңілдіктерінен айырылған, дұрысырақ айтқанда «піштірілген» Заңды қайта қабылдаттырып жіберген. Олай болса, Үкіметтен келген Заңды емес, «заң жобасын» үтір, нүктесіне дейін өзгертпестен, қосылған толықтыруларымен қоса қабылдайтын болса, ол уақытта бізге Сенат пен Мәжілістің «жылы орындарында» отырған жүздеген депутаттардың, осыған қоса бұл қос палатаның аппараттарында отырған жалақылары жоғары қызметкерлердің де халыққа не қажеттілігі болады?

Жоғарғы сот пен
биліктің арасындағы текетірестер

Сонымен кері қайтарым күшпен қайта қабылданған Заңды «заңсыздық» деп таныған Жоғары Сот пен Биліктің арасындағы осындай «текетірестер» жалғаса берген. Мәселен, Курчатов қаласындағы дәрігер Шамбасов Алмас Полигонның экологиялық қосымша өтемақысын «төмен айлық еңбекақымен» алған болса, ал мұғалім болып қызмет істейтін әйелі Баян өзінің еңбегінің қосымша өтемақысын «төмен айлық есептік көрсеткішпен» алған көрінеді. Сонда бұл қандай Заңдылыққа жатады?
Бұл кезде болашақты көздеген Н.Коржова Министрдің кеңсесін тастап, Қаржы министрлігінің вице-министрі қызметіне тағайындалады. Сөйтіп ол отырған орнында шу шығарғанымен, Семей полигоны құрбандарының есебінен миллиардтаған қаржыны үнемдеген ерекше «дарын иесі» ретінде жоғарылаған болуы керек.
Соңында бұл Заңсыздыққа мүлдем тосқауыл қою үшін Жоғарғы Соттың Азаматтық істері жөніндегі төралқасы мен Президиумы 2000 жылғы 23-наурызда «полигонның өтемақысы» тек «төмен айлық еңбекақымен» берілсін» деген №4г-3-2000 нөмірлі Қаулы шығарады.
Осындай шешіммен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бұл даулы мәселеге бірауыздан нүкте қоймақшы болады. Бірақ жоғары лауазымды билік бұған тоқтап қалмайды. Керісінше, алдын орағытып өту үшін бетперделерін сыпырып тастап, ашықтан ашық сахнаға шыға бастайды. Сөйтіп үш министр, атап айтқанда, бұрынғы Қаржы министрі Мәжит Есенбаев, сол кездегі Әділет министрі Бауыржан Мұхаметжанов және Еңбек пен тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Серік Сүлейменовтер «… төмен айлық еңбекақының» мөлшері «еңбектің өлшемі» ретінде пайдаланылады, сондықтан ол көрсетілген әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін есептік құрал түрінде пайдалануға жарамсыз. Алайда өздерінің алып-қосарлары жоқ, диктантты біреуден көшіріп алғандай сауатсыз әрі мүгедек «түсініктемені» негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне Жоғарғы Соттың өз шешімін өзгертуге ықпал етуін сұрап, хат жолдайды.
Үкімет басшысы да өз тарапынан үш министрдің қол қойған хатының дәлелдемелерін «баяғы жартасты» мақамына келтіре отырып, Жоғарғы сотқа осы мәселеге байланысты өз шешімін өзгертуге ұсыныс етеді. Әрине, бұл Жоғарғы Соттың төрағасына «сырттай шығарылған Өкім» болатын. Алайда Жоғарғы Соттың сол кездегі төрағасы халықтың мүддесін көздеген марқұм Мақсұт Нәрікбаев бұл өкімді өз ұстанымында қасқайып тұрып азаматтықпен қарсы алған.
Сондықтан Мақсұт Нәрікбаев пен Жоғарғы Соттың 8 Президиум мүшелерін қазақ халқының «Даңқ» кітабына алтын әріптермен жазылғанын қалар едім.
Осындай заңды өздері өрескел бұзған заңсыздықтан кейін, үкіметтің қара-пайым халықтан «заңдылықты» талап етуге моральдық құқы бар ма?!

«Невадаға» жылына
1 млрд доллар бөлінеді
ал бізде ше?

Көп ұзамай Мақсұт Нәрікбаев 2000 жылдың 1 қыркүйегінде Сенаттың Қаулысымен қызметінен босатылады. Кейін Жоғарғы Соттың мүшелері де қызметінен алынады.
Бұл жерде тереңірек ойланып көрсеңіздер, Жоғарғы Соттың төралқа мүшелері ғана емес, бүкіл қазақ халқы жеңіліс тапты. Себебі біз ұрпақты сауықтыру үшін, келер ұрпақтың келешегі үшін қызмет етуіміз керек еді.Ал Билік болса, керісінше, полигонның, ядролық сынақтың құрбандары болған халқының есебінен миллиардтаған қаржыны арсыздықпен үнемдеп қалмақшы болды.
Үкіметтің мұндай шешімі бізге керісінше, басқа жағынан әсер етпекші. Дәлірек айтқанда, мәңгүрттенген, мүгедек, не болса соған немқұрайлы қарайтын, ақылы кеміс, жарымжан ұрпақты өмірге әкелуге себепші болмақшы. «Радиация» жергілікті тұрғындардың «генетикалық кодын» зақымдап, біздің талай ғасырлар бойы бұрын өткен ата-бабаларымыздан аса маңызды ақпаратты әкелетін және бұл эстафетаны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап беретін ұрпақ сабақтастығына жататын, Абайды Абай еткен, қазақтың даналығы мен тектілігінің өзегіне «қол салып», ұлттың өзін-өзі сақтау иммунитетінің түбіріне балта шауып жатыр…
Мұндай сұрқия зұлымдыққа жол бермес үшін, жапон халқы секілді ұрпақты заманауи аппараттармен емдеп, тұрмыс жағдайын көтеріп, сауықтырумен айналысу керектігін бірі білсе, бірі білмес.
Американдықтар «Невада» сынақ полигонынан зардап шеккен тұрғындардың денсаулығына бөлінген және экологиялық қосымша қомақты өтемақыларды, радиацияға ұшыраған жерлерді өңдеу үшін жыл сайын 1 миллиард доллар көлемінде қаражат бөледі екен. Ал бізде болса бөлінгеннің өзін бөліп жеп жатыр.
Бұл жерде Н.Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзін келтіргелі отырмын: «Қазақстанда және жер шарының басқа да нүктелерінде сыналған ядролық сынақтар – адамзат баласына қарсы жасалған қылмыс! Халық қаншама жылдар қасіретті сынақтың құрбанына айналды. Бұдан былай бізде бұған мәңгілікке тоқтау қойылады. Себебі өмір өлімнен де күшті!» деген болатын.
Алайда билік Елбасының бұл сөзінен де тиісті қорытынды шығармағанға ұқсайды.
Ол аздай «Семей полигоны…» туралы Заңға әділетсіздік, арсыздық жасаған, заңсыздыққа жол бергендер, атом бомбасының кесапатынан бірнеше бөлікке жарылған қара жердің қатпарларын, қара шөп пен өлген көлдерді, өкпесін іртік-іртік ет секілді түкіріп тастап өлгендерді, етке құр сүлдесінің жабысқанын, жиырма жасында еркектік қабілетінен айырылған ақкөз жастарды көрмегендер ғана радиация сәулесінің құрбандары болып қиналып өлген жақындарын жерлемегендер ғана осылай айтуы да немесе осылай ойлануы да мүмкін.
Бұдан шығатын бір-ақ қорытынды, «Заң қай тілде жазылса, сол тілге қызмет ететінін» білетін уақыт жетті. Ендеше заңдар енді міндетті түрде тек мемлекеттік тілде ғана жазылуы керек. Қажет болған жағдайда басқа тілге аударылсын.

1992 жылғы «Семей
полигоны» жөнінде Заңға қайта оралуымыз керек

Сондықтан менің айтарым, қазақтың ұлттық мүддесіне толық жауап беретін 1992 жылғы 18 желтоқсанда (Тәуелсіздік күнінде) қабылданған «Семей полигоны туралы…» Заңды – «Заңдардың эталоны» ретінде қабылдау керек дегім келеді.
Алайда бұл заңға да толықтырулар енгізіп, полигонның «нақ өтінде» радиацияның эпицентрінен 25 шақырымда орналасқан, (Семей қаласы 150 шақырым қашықтықта тұрады) Май ауданының Ақжар, Май селосы мен Май елдімекенін «төтенше» зонаға, ал ауданның қалған аумағын, сонымен қатар, Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданын да «жоғары» зонаға, Май ауданына іргелес жатқан Баянауыл мен Аққу (бұрынғы Лебяжье) аудандарының елдімекендерін «көтеріңкі» (повышенная) зонаға жатқызу керек деп есептеймін.
Екінші, Семей полигонынан зардап шеккендерге ұлттық «Жапал» деген атау беріп, «өтемақы» мен «зейнетақы», тұрғындардың еңбекақыларына «экологиялық қосымша» қосуға «өтемақылардың» бәрін, «төтенше зонаға» – (бес), осылай төмендей беріп, бесінші әлеуметтік экономикалық статус жеңілдігін алған аймақтарға – (бір) «төмен айлық еңбекақының» мөлшері тағайындалса екен дегім келеді. Себебі, заңда «төтенше зонаға» – 5 «төмен айлық еңбекақы» тағайындалғанда, ал екінші «жоғары зонаға» бірден екі жарым есеге төмен түсіп кеткен. Бірден 50 пайызға төмен түсетін ол ешбір логиканың шеңберіне жатпайды. Әлде адамдар радиациядан қорғану үшін ауадан «дуал» жасап қойған ба?!
Ал шындығына келгенде, бұл бір сыртқы ортаның әсер ету факторының көрінісі.
Осы «Эталон» заңынан кейінгі заңдардың бәрін қазақтың ұлттық мүддесінің тұрғысынан қайта қарап, саралап, сұрыптау керек дегім келеді. Себебі бұған заңдарды биліктің қалай болса солай, өзінің ыңғайына қарата келтірген болып, көпе-көрнеу «бұрмаланғаны» нақты көрініп тұр.
Тағы бір ойланатын жайт, Үкімет Май ауданы тұрғындарының өтемақысын «бюджетте қаражат жоқ» деген сылтаумен он жыл бойы өтемақы ала алмай келгендеріне қарамастан, 1999 жылғы (кейінгі қабылданған) заңда Шығыс Қазақстан облысының Зырьяновск, Самарск, Серебрянск аудандарының тұрғындарын «төмен» радиациялық зонаға кіргізіп жіберген. Ол аздай Полигон мүгедектеріне 3500-7000 теңге көлемінде өтемақы берілсе, ал екінші дүниежүзілік соғысқа, Ауған соғысына қатысқандарға 180 000 теңге көлемінде зейнетақы тағайындалған көрінеді. Мұндай қаржының неліктен, ненің құрметіне, бюджеттен қалай бөлінгенін де білмеймін.
Бұған тіркес тағы бір қынжыларлық оқиға, бір Қазақстанның ішінде басқа жаққа, мәселен, Май ауданынан облыс орталығына көшіп кеткен тұрғынға, еңбекақысына «экологиялық қосымша» төленбейтін көрінеді. Ал оның орнына Германия мен Ресейге көшіп кеткендер, Полигонда «тұрды» деген анықтама алса болды, ол азамат мемлекетаралық келісімшартқа сәйкес, біздің елден экологиялық қосымша жәрдемақыларды да алатын болған. Сонда біздің елдің заңы, өзіміздің игілігімізге жүрместен шетелдік азаматтар үшін қабылдана ма?! Бұл тағы қандай сорақы заңдылық?!
Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Семей полигоны» жабылғанымен, сынақ алаңында қалған соңғы зарядтың қазақтың қуғын-сүргін күніне орайластырып, 1995 жылы 31 мамырда химиялық жарылыс тәсілімен көзі жойылды. Жергілікті халық өтемақысыз радиация зардабын тағы тартты. Бұған қосымша, Америка мемлекетінің талабымен «Семей полигонындағы» атом бомбасын жаратын шахталарды мүлдем жою үшін 2000 жылғы 27 шілде күні жүздеген килотонналық алапат жарылыс орын алды. Оның өтемақысын Америка мемлекеті өзінің мойнына алды және 7 миллион доллар көлемінде бізге бағалап берді. Алайда радиация зардабын тағы да жергілікті тұрғындар көргенімен, сынақтың «өтемақысы» неліктен берілмегенін мен білмеймін.
Әрине, жоқтаушысы жоқ ел – жетім, елі жоқ ер – жетім, ұлым дейтін елі болмаса, ұлтым дейтін ері қайдан шықсын!
Мақаламды қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметованың мына бір өлең жолдарымен бітіргелі отырмын:
Қазақты
жамандама
қазақ,
Халық қой, қазақ деген
аз-ақ қана!
Мәңгілік ай астында, жер бетінде,
Қазақтың қамын ойлар қазақ қана!
Мақаланың соңында Хафиз Матаев пен Кешірім Бозтаевтың, «Полигон туралы шындықты» жазған Май ауданының тумасы Қалиақпар Қалымұлының әруақтарына бағыштап, жандары жаннатта болсын дегім келеді.
Ағайын, қандас бауырлар!
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы «тектілігінің өзегіне түскен, таңбаланған жұлын құртынан арылмаса», енді қайтып тірілмесі анық.
Асқар Сәрсенбай,
жазушы-әлеуметтанушы
«Желтоқсан көтерілісі» бірлестігінің мүшесі, Алматы қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.