«Ел құлағы – елу» демекші, технология өрістеп, әлеуметтік желі кеңінен қолданысқа түскен заманда билік тізгінін ұстаған шенеуніктерге де тықыр таяна бастаған тәрізді. Себебі, бәрі халықтың көз алдында. Баяғыдай қылтың-сылтың, таса-қуыс жоқ жасырынатын. Бәрі жіті назарда. Бәрі видео-камера нысанасында. Әр қимылың, жұмысқа деген ынта-жігерің де «бұғауда». Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, күні кеше, Мәжіліс депутаты, қып-қызыл коммунист Владислав Косарев ақсақалдың Парламент төрінде «қалғып» кеткенін айтсақ та жетіп жатыр. Сол бір сәтті мүлт жібермеген жаңа технология жетістігі – ұялы телефондар айдай әлемге қарт коммунисттің «қылығын» жайып салды. Демек, ғаламдық жетістіктер өрістей бастағанда, қызмет тетігін ұстаған шенділерге де жауапкершілік жүгі ауырлай түсетіндігі аңғарыла бастады.
Өткен жылдың соңында президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсыныс жасаған болатын.
Атап айтқанда, мемлекет басшысы «партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30% квотаны қарастыру және саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету қажет екенін ерекше атап өтті.
Осыған орай, әділет министрлігі тиісті заң жобаларының тұжырымдамаларын әзірлепті. Олар: «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы; «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.
Бірден айтайық, Әділет министрлігі дайындап жатқан Заң жобасы бойынша партиялық тізім бекітілгенде (Мәжіліс пен мәслихат) 29 жасқа дейінгі кандидаттар мен әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы керектігі жазылыпты. Алайда мандаттарды партияның өзі таратады. Бұл заң жобасының қаншалықты жүзеге асатыны уақыт еншісінде. Әлі қаншама сүзгіден өтері де белгісіз….
Әділет министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, экс-сенатор Серік Ақылбай кандидаттардың жас ерекшелігін 35 жасқа дейін көтеру керек деп санайтындар санатында секілді. Себебі 29 жасқа дейін олар қажетті өмірлік тәжірибе жинап үлгермейді.
«Мен өзім судья болдым, бұрынғы сенатормын. Әріптестер дұрыс айтады, мәжілісте, әсіресе, сенатта өмірлік тәжірибесі бар адамдар отыруы тиіс. Неге біз 29 жасқа қадалып қалдық? Нақты негіз де жоқ. Осы мәселеге жүйелі түрде қарау қажет. Мәселен, мәжілісте отырған 29 жастағы бала халықпен кездесті дейік. Ал оның барлық сұраққа жауап беруге тәжірибесі жете ме? Мен өзім 60 жасымда барлық сұраққа жауап бере алмадым. Меніңше, біздің заң шығару органымызды балабақшаға айналдыруға болмайды. Жас ерекшелігін 35 жасқа дейін көтерген дұрыс», – дейді Ақылбай мырза.
Әрине пікірлер әртүрлі өрбіді. Кейбіреулер «Бала – баланың ісі шала болады» дегенге дейін барды. Қазақта «Жаста болса да бас болған» деген мәтел барын алға тартқандар да кездесті. Мысалы «Келісу» кәсіби медиаторлар одағының директоры Сара Ыдырысова өмірлік тәжірибесі бар кейбір депутаттардың ұйықтап отыратынын еске салды. «Қазір интернетте ондай видеолар көп. Біздің «ұлы» депутаттарымыз ұйықтап отырады. Меніңше, оларды толығымен жаңарту қажет. Сосын 60-70 жастағы жолдастарымызды парламентке өткізбеу керек. Енді, олардың арасында мықтылар да бар. Дегенмен, жасы келген адамдар, көп жағдайда, шаршап отырады, бай өмірлік тәжірибесі болса да, басқа нәрсемен айналысқаны дұрыс», – деді Ыдырысова қат-қыл дауыспен. Және мына бір ойын да жасырмады. Оның пайымдауынша, депутаттардың жалақысын азайтып, барлық жеңілдігін алып тастаса, парламенттің кәсіби деңгейі көтеріледі. Себебі ондай жағдайда жұмысқа халыққа шын жүректен жұмыс істегісі келетін азаматтар келеді.
Қалай десек те, қоғамдағы «қартаңдарға» деген қыжыл билікке жетіп оларды ойландыра бастағаны аңғарылады. Талқыға түсіп жатқан жаңа заң жобасы сөзіміздің айғағы! «Көш жүре түзелетінін» ескерсек, алда әлі халық қолайына жақпайтын қаншама заң бар. Олар да кезегі келгенде «мен мұндалап» бой көрсетері анық…
Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.