Қазақ бабамыз бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық демекші, қазақ әрқашанда жаулығымен танымал болған. Мәселен, «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау, Орамалы тұрады бес жүз жорға», – деп әнге қосқаннан-ақ қазақ халқы жаулық атты ұлы сыйды қаншалықты бағалағанын ән тармақтары аңғартып тұр. Ақ орамалдың осындай маңызын ескеріп, қазақ қыздарына насихаттау мақсатында жақында Жетісу ауданындағы әл-Мадина мешітінде «Жаулық Жаратушы сыйлаған ұлы сый» атты рухани кеш ұйымдастырылып, қазақтың тарихындағы ақ жаулықты аналарымыздың өмірінен өнегелі көріністер қойылды. Кешті ұйымдастырған әл-Мадина мешітінің ұстазы Меруерт Кәрібаева.
Шара нәзік жандылардың орамал тартуымен басталды. Кеш барысында ғибратты қойылымдар қойылып, қызықты ойындар ойнатылды, одан бөлек түрлі бейнероликтер мен ақ жаулықтың құндылығы жайында уағыз-насихат айтылды.
Қасиетті Құранда: Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің аятында: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарына және мүмін әйелдерге айт! (Үйлерінен шығатын болса) үстеріне жамылғысын жапсын! Бұл оларды жеңіл тануға, оларға бөтен еркектердің тиіспеуіне жақын!» деп бұйырды. Иә, Алла Тағала әйел азаматына орамал тағуды тарту еткен. Әйел заты осы ерекшеліктерін қорғай білген кезде ғана қоғамдағы биік мәртебесін сақтай алады. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден бір қорған.
Шара соңында көрермендер рухани кештен алған әсерлерін айтып, ыстық ықыластарын білдірді. Осындай үрдіс Қазақстанның барлық аймағында жалғасын тауып, ақ жаулықтай байрақ қазақ қыздарының сәніне айнала бергей!

Раиса Үмбетбаева

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.