Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың білім беру саласы қызметкерлерімен кездесті. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен жиын барысында салаға қатысты сан түрлі мәселе сөз болып, шешімін күткен мәселелер талқыланды.
«Ең негізгі мәселе – бәріміз жұмылып білімнің сапасын көтеруіміз керек», – деген облыс әкімі осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылуы керектігін атап шықты. Облыстың 40 мың педагогының алдындағы басты үш міндетті нақтылап өтті. Олар: білім, тәрбие және тәртіп.
Жиында мектептерді өзінің жекеменшігі көретін кейбір мектеп директорлары қатаң сынға ұшырады.

– Оқу орындарының кейбір басшылары «Менің мектебім», «Менің ұстаздарым», «Менің шәкірттерім» деген сияқты тіркестерді қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп – мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс, – деген Бердібек Мәшбекұлы олардың «керекті адамдармен» байланыс орнату арқылы өсіп, соңында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға баратынын ескертті. «Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата-аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді», – деп қынжылды өңір басшысы.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ата-аналар комитетінің жұмысына қарата: «Ата-аналар комитеті іс жүзінде жұмыс істемейді, ал педагогтар инертті ұстанымға ие. Бала тәртіп бұзған жағдайда ата-аналарға шағымдана алмайды», – деді. Өз кезегінде облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали бұл мәселеге қатысты бірқатар мәселелерді алға тартты. Әсіресе бүгінгі жас ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті жете сезінбейтіндігі, мектепке келгенде керісінше, өздерінің құқықтарын алға тартатынын, «Анаға тағзым», «Бақытты бала» орталықтары, «Оқушылар сарайы» сынды нысандардың құрылысын салуды жеделдету қажеттігін, одан да басқа бірқатар мәселені жеткізді.
Ал облыс әкімінің «Бір мектепте бір жыл ішінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің екі дерегі тіркелген. Бұған қалай жол беруге болады?» деген сауалына Т. Рысқұлов аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы аталған мектеп директоры жұмыстан кеткенін және түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып жауап қатты.
Ал саладағы жеткен жетістіктер туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова баяндап шықты. Ол 1891 мұғалім республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанса, облыс оқушылары пәндік олимпиадаларда 132 медальға қол жеткізгенін, сондай-ақ, өңірдің 10 мектебі республика бойынша 100 үздік мектеп қатарында екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол педагогтардың біліктілігінің төмендігін, жоғары оқу орындарында сырттай бөлімде оқып, диплом алатындардың жайына назар аудару қажеттігін атап өтіп, өңірдегі білім ұяларына 100-ден астам мектеп инспекторы қажеттігін айтты.
Ал облыс әкімі Масаншы ауылындағы мектептердің бірінен он жыл бойы бірде-бір «Алтын белгі» немесе «Үздік аттестат» иегері шықпағанын, тек бір ғана түлектің ЖОО-на грантқа қол жеткізгеніне назар аудартып, Қордайдағы оқиғаның түпкі себебін осындай мәселелерден іздеу керектігін жеткізді.
Жиынға қатысушы, білім беру саласының ардагері Камилаш Ахметова: «Кейінгі кездері мұғалім үшін ең басты мақсат – көп сағат алу. Тезірек сабағын беріп, үйге кетуге асығады. Ал балалардың сапалы білім алуы үшін кім жауапты? Дұрыс тәрбие мен білімге ден қоймаған жеткіншектер түрлі құқық бұзушылықтар жасайды. Біз бұл орайда ұлттық дәстүрді, дала философиясын, Абай мен Шәкәрім еңбектерін негізге алу керекпіз», – деп ой қосты.
Мемлекет тарапынан мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы жақсартылып, оқу процесінде қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жаңаша типтегі, заманауи мектеп ғимараттары салынып, түрлі жағдай жасалып жатқаны, сондай-ақ «Педагог мәртебесі» туралы Заңның қабылданып, мұғалімдердің мерейі үстем болуына мейлінше мүмкіндік туса да, балалардың білім сапасының артуына кейбір педагогтардың ықыласты еместігін ашып айтты. Сондықтан мектеп рейтингтерін құрудың маңыздылығы, мұғалімдердің кәсіби өсуге ден қоюы, оқу жүйесіне заманауи әдістемелерді енгізу, жаһандану жағдайында жаңаша ойлана білу жайы айрықша ескерілді.
– Әрине, мектептерде 200-ден астам мұғалімнің жетіспеушілігін біз өзіміз шешуіміз керек. Өзімізде жоғары оқу орындары бар. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы дұрыс жұмыс істеуі керек. Ауылға барған мұғалімдерге жағдай жасалуы қажет. Ал мектептердегі әжетхана, күзет, камера мәселесіне қатысты Үкіметтің берген тапсырмасы бар, алдағы қыркүйекке дейін біз ол мәселені шешеміз. Сондай-ақ мектептерде, әсіресе ауылдық жерлерде кейбір кітаптар мен оқулықтар жетіспейді. Оны да біз шешуіміз керек. Бұл деген ұят, – деген облыс әкімі «Kundelik» жүйесіне қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті.
– Бүгінде балабақшаларға қатысты мәселе жоқ. Бірақ мәселе оның басшылары мен қызметшілерінде болып тұр. Оларда тәртіп жоқ. Ол жайлы маған әлеуметтік желі арқылы және басқалай шағымдар келіп жатады. Олар ақша алады, пара алады, баланы ұрады деген секілді. Сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мәселесін қадағалауымыз керек. Балалар үшін салынған нысандар пайдаланылмай бос тұрса, оның пайдасы не? Миллиардтаған ақша жұмсалды, енді оны ары қарай зерттеу керек, онда балалар шұғылданып жатыр ма, бос уақытын тиімді өткізіп жүр ме? – деген облыс әкімі өзге де мәселелерге тоқталып, жергілікті бюджеттен дарынды балаларға грант бөлуді қолдайтынын айтты.
Сондай-ақ әр мектептен «Ізет», «Түлек» деген сайт ашылсын. Оның екі түрлі мағынасы бар. Біріншіден, онда оқып жатқан оқушылар «ол мектептің білім сапасы қандай, түлектер қазір қайда оқып жатыр, қайда қызмет жасайды?» дегенді білу үшін. Екіншіден, сол мектепті бітірген әрбір түлек мүмкіндігі болса өзі оқыған білім ұясына жан-жақты қолдау көрсетсе. Әрбір мектептің директорына осындай тапсырма берілді. Олар өздерінің түлектерінің базасын жасау керек және олармен жұмыс істеу керек», – деді.
Спорт залдар мен білім беру және мәдениет нысандары барлық жергілікті тұрғындар үшін, әсіресе, жастар үшін қолжетімді болу керектігін баса айтқан Бердібек Мәшбекұлы алдағы уақытта олардың ашық тұрған-тұрмағанын өзі кез келген уақытта барып тексеретінін ескертті. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі аймақтың барлық оқу орындарына таралуы қажеттігіне де ден қойылды.
Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларды БАҚ пен әлеуметтік желілердегі сыни ескертулерге жедел әрі мұқият назар аударып, тиісті шара қолдану қажеттігін ескертті.

Маржан Рақай

 

https://aqjolgazet.kz/?p=112485&fbclid=IwAR2GQEHAj-qpifodnM73qpOw7sAAwcUEcMAIZSboeF83XaRjTrvfDQjaVjs

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз