Ел басшысы компанияға билет бағасын арзандатуды ұсынды.

Ашық күнде жай түсіргендей халықты шошытқан, Алматы әуежайынан ұшып шыққан ұшақ апаты көптің есінен шыға қоймағаны анық. Сондай-ақ ескірген ұшақтар мен сатылымдағы билет бағасы да үлкен проблемаға арқау болғаны тағы рас. Елді үрей билеп, «айшылық алыс жерлерге» жылдам апаратын ұшаққа деген күдік күшейгені де рас.
Осындайда халықтың көңілін орнықтыру үшін Ел Президенті Тоқаевтың бір әрекет жасауы заңдылық. Күні кеше Мемлекет басшысы «Air Astana» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдады.
Кездесу барысында Питер Фостер Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық әуе компаниясының қазіргі жағдайы мен оны дамытудың жоспары, атап айтқанда, жолаушылар тасымалының ішкі көлемін арттыру және жаңадан ашылған шетелдік бағыттар, әуе билеттерінің бағасын арзандату шаралары жайында баяндады.
Питер Фостердің айтуынша, «Fly Arystan» еншілес әуе компаниясын ашқаннан бері Қазақстан әлемдегі әуе тасымалы бойынша ішкі нарығы жылдам дамып келе жатқан елдердің қатарына қосылады екен.
Сонымен қатар ол Қазақстан Президентіне компанияның әуе паркінің жаңаланғаны, оның ішінде, «Boeing-757» ұшақтарының ұзақ жолға арналған «Airbus А321» әуе кемесіне алмастырылып жатқаны туралы айтты. Бұдан бөлек 2023 жылға дейін «Boeing-787» ұшақтарын сатып алу жөніндегі жоспарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы «Ашық аспан» режимін одан әрі дамытудың және жаңа шетелдік бағыттарды ашу, оның ішінде, Сингапур, Нью-Йорк секілді әлемнің басқа да ірі қалаларымен қатынас орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтары үшін әуе билеттерін арзандату бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға баса мән берді.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.