Сенатта көші-қон мәселесіне арналған жиында депутаттар Қытай азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарына қатысты мәселені көтерді. Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Өткенде Алматы облысының елді мекендерін аралағанда мынау Еренқабырғаны жайлаған елден келіп, біздің қазақ қыздарына үйленіп, азаматтық алып жатыр деген мәселе өте өткір қойылды, қатты айтылды. Осындай жолмен қанша шетелдік азаматтық алды? Осының тізімі мен нақты саны бар ма?»— деп сұрады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев: «Ондай шетелдіктер бар. Себебі қазақ қызына үйленгеннен кейін азаматтық алуға тыйым салатын заң жоқ. Ал, қазақ қызына үйленген шетелдік бес жылдан кейін Қазақстан азаматтығын ала алады. Оның туыстарына да сондай мүмкіндік беріледі. Ол жақын туыстарына ғана қатысты. Біздің қыздарымыз тұрмысқа шыға ма, жоқ па, ол жеке бастың шешімі ғой. Біздің есебіміз бойынша шетінен барлығы шығып жатқан жоқ. Иә, кей кезде кездеседі»,— деп жауап берді. Осы орайда сенаторлар шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын беру мерзімін қайта қарау қажеттігін жеткізді. Сенатор Дана Нұржігіт: «Біздің азаматтығымызды үш жылда алу ол аз ғана уақыт қой. Америка, Ұлыбритания сияқты елдер 10-15 жылда ғана береді. Соның өзінде үлкен еңбекпен, қара термен алып жатады. Мысалы, мен білетін Қазақстан азаматы 11 жылда әрең алды. Үш жыл болсын, бес жыл болсын, ол тым аз»,— десе, әріптесін қолдаған  сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Соны көбейтсе, қалай болады екен? Мысалы, Араб Әмірліктерінде азаматтықты мүлдем бермейді. Бұл – үлкен мәселе, көкейтесті мәселе. Біздің көршіміз ғой. Сондықтан абайлау керек, зерделеу керек. Саяси жағы да бар»,— деді.  Марат Қожаев шетелдіктерге Қазақстан азаматығын беру мерзімін ұзартуға қатысты мәселенің зерделенетінін жеткізді.

Ал біздің уәжіміз мынау: Қызымыз жат жұрттыққа тиді ме азаматтығынан айыру керек. Заң да солай шығарылсын.

Ермек Сахариев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз