Қашан 20 миллионға жетеміз?

0
253

 Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есебіне сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтарда еліміздегі халық саны 18632,2 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 10893,8 мың (58,5%), ауылдықтар – 7738,4 мың адамға (41,5%) жеткен.

Ресми ақпарат бойынша 1989 жылы елімізде жүргізілген халық санағында халық саны 16 млн 537 мың адам болды, яғни 30 жыл уақыт аралығында Қазақстан халқы 2 миллионға көбейген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында «2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 25 миллионға жетеді, олардың ішінде экономикалық тұрғыдан белсенді халық үлесі 11 миллион адамды құрайды. «Сол себепті жаңа туылған нәрестелерге қаражат береміз, көбірек туылсын дейміз: әлемдік сарапшылардың пікірінше, туу көрсеткіші 2,11%-дан кем болса, кез келген ұлт 25 жылда жойылады. Сол себепті қазіргі таңдағы Қазақстандағы бэйби-бумды қолдау керек»,-деп атап өткен болатын. Сондай-ақ 2020 жылы халық санын
20 миллионға жеткізу туралы да меже болғанын ұмытқан жоқпыз.

Алайда көріп отырғанымыздай қазір елімізде 18 миллионнан сәл-ақ асатын тұрғын бар. Биыл маусым және қазан айында елімізде жалпыұлттық санақ өтеді. Санақ науқанына бюджеттен 8 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр.

…Арттыратын 6-шы, жеткізетін 7-ші бала

       Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері жалпыұлттық санақ бұған дейін екі рет, 1999 және 2009 жылдары өткен еді. Соңғы санаққа қазынадан 1,1 миллиардтеңге бөлініп, оның 700 млн теңгесі ұрланғаны ел есінде. Дегенмен, алдағы жалпыұлттық санақ науқанының қалай өтетінін уақыт көрсете жатар. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болжаған 20 миллиондық өсімге неге жете алмай қалдық деген сауал төңірегінде ой өрбітсек.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары Қазақстанда ел иесі, жер иесі – қазақтардың саны күрт кеміп, қазақ тілі мен ділі, мәдениеті мен білім-ғылымы өз елінде өгейдің күйін кешіп, шетқақпайланды. Кадр мәселесі, ұлттық байлық пен әлеуметтік игіліктер бөлінісі де қазақ халықын жетім баладай жекіп, «сүтке тиген күшіктей» күйге жеткізген кездер болыпты. Ертегідей елесі қалған сол жылдары Мәскеуде оқып жүрген, кейін қазақтың демограф-ғалымы атанған Мақаш Тәтімов қазақты қорлық пен құрып кетуден құтқаратын, ұлтсызданудан сақтайтын бірден-бір жол – халықтың санын көбейту, оның атамекендегі үлес салмағын өсіру, ұлт­тың демографиялық тінін жақсарту екенін терең түйсініп, саналы түрде сезіне жүріп, қазақ демография ғылымының негізін қалап кетіпті. Мұны айтып отырған себебіміз қазір елімізде дәл Мақаш Тәтімовтай қазақтың демографиялық саясатын жеріне жеткізе зерттейтін, түйсікті түрткілеп, жүрекке жеткізе ұқтыратын демограф-ғалым жоқ.

Мақаш Тәтімовтың айтуынша, демографияда да мінез-құлық болады екен. Яғни, Мақаш ата «Ұлтжанды болмасаң да, балажанды болу»– қазақтың демографиялық мінез-құлқы, бұл мінез-құлық егер әр отбасында 2 баладан артық сәби дүниеге келмесе, бұзылады» дейді. Айтуға оңай шығар, бірақ Мақаш Тәтімовтың пайымынша, «Әр отбасында екі баладан төмен болса, ол халық құрдымға кетті деген сөз. Бірінші бала ұл болса, әкесінің орнын басады. Екінші бала қыз болса, шешесінің орнын басады. Ал бірақ қоғамда біреуі үйленбей қалады, белсіздер бар, бедеулер бар, мүгедек жандар бар, тіпті қызтекелер бар және тағы басқа. Міне, осының бәрінің орнын толтыратын – үшінші бала. Өсім беретін – төртінші бала, көбейтетін – бесінші бала, арттыратын – алтыншы бала, жеткізетін – жетінші бала».

«Бұралқы сөз – күлмекке жақсы»

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың «Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде төленетін жәрдемақы енгізілді. 370 мың отбасы жыл басынан осы жәрдемақыны ала бастады. Қазіргі уақытта байқасаңыздар жеті баладан ары қарай жәрдемақы мөлшері біркелкі. Сондықтан, біз осы мәселені қарастырып, сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Сонда сегіз балаға 74 000 емес, 85 000, он балаға – 106 000, он бес балаға – 159 мың теңгеден төленетін болады», – деген мәлімдемесін сан-саққа жүгіртіп, ащы мысқылмен «сойып» жатқандар бар. Министрдің аузынан шыққан алты ауыз сөз «бұралқы сөз – күлмекке жақсының» кері болғанымен, астарында халық санын арттырса деген арманның жатқанын аңғаруға да болар еді.

Жалпы елімізде «демографиялық дүмпу»педагог, демография зерттеушісі Мақсат Имандосовтың айтуынша, 1987 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен.Сол жылы 417 000 бала дүниеге келген.Ал тәуелсіздік жылдары ең жоғары көрсеткіш 2016 жылы тіркеліпті. Ол кезде 400 000 бала дүниеге келіпті.

Қазір статистикалық деректерге сәйкес ТМД елдерінің ішінде соңғы 30 жыл көлемінде 67,1 пайыз өсіммен өзбек халқының саны артып келеді. Бауырлас қырғыз халқы 1989 жылдан бері 43,1 пайызға, ал тажіктер 78,6 пайызға, түркімендер 65,6 пайызға өскен. Қазақтар 12,1 пайызға ғана артыппыз. 30 жылда екі рет “демографиялық дүмпу” болды дегеннің өзінде бір жылда –1987 жылы 417 000 бала, ал  2016 жылы 400 000 бала дүниеге келіпті. Өзбекстанда 2018 жылы 9 айда 553 000 сәби жарық дүние есігін ашқан. Сөйтіп, 30 жылда өзбек халқының саны 33 миллионға өсті.

«Дербестігіміз – демографияда…»

Ал демографиясы мен демократиясы тұралаған (былтырғы от құшағында кеткен 5 сәби-періште тағдыр сөзімізге дәлел) қазақ елінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар бағдарламалар (баспанамен қамту, әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларды қолдау) жүзеге асырылып жатыр.            Алайда түйінді мәселе тиын-тебенмен шешілмейді. Шындап келгенде мәселенің түп төркіні тереңде. Кешегі дүнген-қазақ «қақтығысы», бұған дейінгі ара-тұра қазақтар мен басқа этностар арасындағы кикілжіңдер “сен тимесең, мен тимен” деп “жабулы қазан” күйінде қалдыратын ұсақ-түйек емес. Мақаш Тәтімовше айтсақ, «Біздің халқымыз үшін демографиялық майдан – ең шешуші ұлттық майдан. Осы басты майданда жеңсек – ертең саясатта да, экономикада да, тіл мен ділде, мәдениет пен дінде, салт-дәстүрде де біржола жеңіп шығамыз. Дербестігіміз – демографияда…».

Сондықтан Үкімет ел ертеңіне алаңдаса, қазақтың саны мен сапасын артыруға күш салуы керек. “Көп қорқытады, терең батырады” демей ме қазақ?! Ендеше, санымыз артса, тіл де діл де өз тұғырын табар. Үкімет алдымен сауатты демографиялық саясатты іске қосса ұтар еді.

Тәуелсіздік жылдары 3 миллиондай аборт жасалған

Бұл үлкен қасірет. Адам қолымен жасалған қасірет! Бүгінде демографияның өсім бермей жатқанының тағы бір факторы, журналист Кәмшат Тасболаттың айтуынша, «Айтыстың өлмейтін тақырыбы, айта-айта жауыр болған тақырыбы –екінші әйел алу. Бұрын шалдар айтатын, қазір әлі отбасын құрып үлгермеген жастар айтады. Айналайындар, Қазақстан ажырасу бойынша әлемдегі 200-ге жуық елдің ішінде алғашқы ондықта. Бір отбасын жарылқап алыңыздаршы. Бізге отбасы институтын сақтау маңызды. Ал мынандай идеялармен тағы артқа кетеміз. Оның үстіне, «Еркек қырықта да қыз алады, қырықтағы қызды кім алады» дегендей тар ой-өріспен тұйықталып қалған елміз ғой. Ал сосын білімді қыздарымыз шетелге шықты деп ренжиміз.

Екінші әйел алу өте ауыр тақырып. Бұрынғы адамдар, ата-бабаларымыздың пиғылы таза еді, теңдік, әділдік болатын. Қазір пейіл тар, ниет қара. Нәпсінің құлы боп жүргендер тағы бар. Мұндай жағдайды басқа бермесін, ал берген күннің өзінде не бәйбіше 3-4 баламен зарлап қалады, не тоқал 1-2 баламен зарлайды. Еркекке де оңай емес, ұрыс-керіс, стресс, өмірдің қысқаруы… Ал жалпы екі әйелге бірдей үй алып беріп, жағдайын жасаймын дегендерге арнайы заңның да қажеті жоқ. Заңмен жүретін ел емеспіз. Біреулер үн-түнсіз жүріп, төрт әйел алу лимитін де орындап тастаған шығар-ау… Заң деп «еркектік заң» қабылдатқанша, қолда бар заңдардың сапасын арттыруды неге ойламаймыз?

Медальдің екі жағы бар екенін ескерсек, демография мен демократияның «ауылын» аңсап жүргенде, «ел есін жиып, етек жеңін жапты» деп масаттанған соңғы 30 жылда 3 миллион бейкүнә шақалақты «жатырында тұншықтырсақ», қашан, қалай 20 миллион боламыз? Біз ойланатын, біздің билік ойланатын кез келді. Неден қателестік? Неден бастауымыз керек? Бұл жолайрық… Ойланайық!

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.