Олар адасудың азабын көріп қайтты

0
652

Сириядан «Жусан» операциясы арқылы Қазақстанға қайтадан қоныс аударған оралдық Арайлым (есімі өзгертілді) ешқандай діни білім алмастан, шаңырағында болмаған тыныштықты құлшылықтан іздеген. Ол кезде кейіпкеріміз 28 жаста болған. Он жыл бойы некелі жарының құқайына көніп келген үш баланың анасы отбасындағы ойраннан қажи бастайды. Әскери қызмет атқарған күйеуі тіпті оған қол көтере бастаған. Ақыр аяғында ерлі-зайыптылар ажырасып тынған.
Намазға жығылған, өзін исламның «сунна» бағытын ұстанушымын деп санайтын туған інісімен өз бетімен «ілім-білім» алған Арайлым мұның соңы қорқынышты оқиғалармен түйінделерін білген де жоқ еді. Жоғары білімді бойжеткеннің шағын кәсібі де болған екен.Желден жүйрік уақыттың тапшылығы кейіпкерімізге діни білімін арттыруға мүмкіндік бермеген. Бір-екі рет мешітке барғанымен, ол жерде дін саласы мамандарына жолығудың сәті түспепті.
2015 жылдың жазында жайлы өмір іздеген бауыры әпкесін Түркияға баруға, шариғат заңымен «Халифат» елінде тұруға көндірген. Он жас пен төрт жас аралығындағы үш перзентімен бірге алды-артына қарайламастан оның «адасқан ақылын» тыңдаған Арайлым бір айдан кейін Шам еліндегі от пен оқтың ортасынан бір шыққан. Сол жаққа отбасымен кеткен досының шақыртуымен барған Арайлымның інісі де әйелін, бала-шағасын бірге алып кеткен. Кейіпкеріміздің айтуынша, інісін жат пиғылды адамдардың тобына Талғат есімді жігіт тартқан екен.
– Менің Сирия туралы ешқандай түсінігім болған жоқ. Намаз оқығанмен, ғаламтордан да дін туралы өз бетіммен ештеңе ізденіп көрмеппін. Ал шет жердегі қорқынышты оқиғаларды көргенде, жаза басқанымды түсіндім. Бірақ кейін қайтуға бәрі кеш еді. Елге шығу үшін қомақты қаржы қажет, тіл білмейтініміз тағы бар, – деген Арайлым Сирияда кешкен сергелдең кездері жайлы баяндап берді. Ол бастапқыда дағыстандықтармен бірге болыпты. Оларға діни сабақтар өткізуге тыйым салынған. Бес уақыт намазды да әркім өзінше оқитынын байқайды. Інісі байланыс саласында жұмыс жасаған. Қиын күндерді бастан кешкен Арайлым мұқтаждық салдарынан өзі тәжікстандық, ал ұлты памирлік азаматқа күйеуге шығады. Екеуінің ортақ сәбилері болған. Ол бұларды Сириядан алып шығуға әрекет жасап көрген, бірақ кейін өзі қаза тапқан.
Үрейленген адамдар, жарылған бомба даусы, қираған үйлер, опат болған адамдар. Жерлесіміздің айтуынша, ол жақтағы көрініс осындай. Бірақ өзінен бұрын балаларын көбірек ойлаған жас ана қаладан-қалаға көшіп, қауіпсіз жер іздеумен болған. Бірақ туған елдегідей тыныш өмір ол жақта қайдан болсын… Қауіпсіз деген елді мекеннің өзін бомбалап, інісінің әйелі мен төрт баласы шейіт болған.Жарылыстан аман қалғанымен, қатты жараланған бауырын Арайлым Сириядан кетерде өзге ұлттың қызымен үйлендіріп кеткен. Елге бағыт алғанымен, Түркияның шекарасында төрт баласымен екі жыл тұрған кейіпкеріміз 2019 жылы қыркүйек айында «Жусан» операциясы арқылы елге қоныс аударыпты.
34 жастағы келіншек осылайша аман-сау елге оралды. Алайда бұл адасушылық оның жанына жара салып кеткенін жасыра алмады. Сирияда қалған інісінен хабар-ошар жоқ. Асқар тау әкесі перзенттерінің күйігінен о дүниелік болған. Арайлымның кіші інісі де дінге бет бұрған, Абу-ханифа мәзхабын ұстанады. Ол Сирияға кеткен ағасы екеуі діни ұстаным жағынан жиі сөзге келіп қалады екен.
– Қиыншылықта өткен төрт жыл маған үлкен сабақ болды. Отанымнан жырақта жүріп, жат елдің салқындығын сезіндім. Дін жағынан тіпті сауатсыз болған екенмін. Дәстүрлі дінді, соның ішінде Әбу-ханифа мәзхабын ұстану керек. Сонда ғана адаспайсың, – дейді жерлесіміз.

Толық оңалу – уақыттың еншісінде

«Жусан» операциясымен елге оралғандарды және терроризм мен экстремизм бабы бойынша түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталушыларды оңалту бағытында теологтар жұмыс жасауда. Солардың бірі – Арман Нұрахметұлы.
– «Жусан» операциясымен елге оралған қыз-келіншектердің әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелестік. Мақсатымыз – олардың діни деңгейін білу, дәріс беру барысында қандай дүниелерге көңіл аударту қажеттігін бағамдау. Мен өзім орыстілді топтармен жұмыс істеймін. Нәтижесінде бірнеше сабақтар өткізуді жоспарлап, шаруаны бастап кеттік. Ең алдымен, дәстүрлі бағыттағы мәзхаб танымымен, ислам дінінің идеологиясымен және сенім мәселесімен таныстыруды көздеп отырмыз. «Нұр-Мүбәрак» университетінен шыққан теолог Серік Тәжібаевтың «Пайғамбар ақидасы» атты кітабын негізге алдық. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады, – дейді теолог маман.
Айтуынша, бір кездері түрлі себептермен, жалған ағымның жетегіндегі туыстарымен не басқалармен бірге шекара асып, соғыс өртіне тап болған жерлестеріміздің діни сауаттылығы төмен. Қаракөздердің өз Отанындағы тыныш өмірді тәрк етуіне тағы да сол діни сауатсыздық себеп болған.
– Олардың кейбіреуі араб қарпін сәл танығанымен, діни білімдері жоқ. Ал біреулері ешқандай діни білім алмаған, ол жаққа күйеуімен немесе туыстарымен бірге кеткен. Ол жерде де діни білім алуға мүмкіндік болмағандықтан, елге сол күйі қайта оралған. Ал біз оларға дінді барынша жеңіл түсіндіруге тырысудамыз, – деді ол.
Олардың өзге адамдардан айырмашылығы шамалы. Бір ғана белгілері – намаз оқып, хиджаб киіп жүргендері. Ислам дінін күрделендіріп, өздерінің адасқан сенімдеріне теліп, жат ағымның жетегінде кеткен нәзік жандардың бұған дейінгі білім-біліктіліктері де зерделенуде.Алдарынан қандай күндер күтіп тұрғанын сезбеген қыз-келіншектер Ислам мемлекетінде «бауырларымен» бірге шариғат заңдарымен өмір сүруді армандапты. «Ол жақта сабақ беретін санаулы адамдар болды, бірақ оның ешқандай жүйесі болмады» деп еске алады Сириядан келген қандастарымыз.
Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Айдынгүл Серғазы Сириядан қайтарылған, қателікпен жаза басқан адамдардан үркудің қажеті жоқ деп санайды. Себебі кез келген жанның қателікке ұрынуы мүмкін. Теологтың ойынша, діни білім ақ пен қараны ажырату үшін қажет. Жат ағым жарға жыққан әйел-азаматшалардың діни білімін арттырумен қатар белгілі бір кәсіпке оқыту жүргізілуде. Олар осы бағытта қоғамға бейімделу үстінде. Аналарымен бірге шет жерде тағдыр тауқыметін көрген балалар да назардан тыс қалмауда. Олардың арасындағы 7-17 жастағы ұл-қыздармен патриоттық сабақтар өткізіледі.
Теологтар терроризм мен экстремизм бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған сотталушылармен де жұмыс атқарады. Сенімдері адастырған олар да ақыр соңында темір торға тоғытылған. Енді олармен оңалту жұмыстары жүргізіліп, дәстүрлі діннің бағыт-бағдарлары түсіндірілуде.– Діни білімі бар адам радикалды топқа қосылмайды, қолына қару алып қарапайым халыққа қарсы соғыс ашпайды. Түзету мекемесіндегі аталған санаттағы сотталушыларға 2018 жылдың жаз айларынан бері сабақ берудемін. Менің тобымдағы 15 адамның 10-ы дәстүрлі дінге бет бұрды. Қалған бесеуі де 70-80 пайыздай дұрыс жолға бағыт алды, – дейді Арман Нұрахметұлы. Теріс идеология сенімдеріне селкеу, жүректеріне дақ түсірген азаматтарды бұл «дерттен» бірден толықтай арылтуға кепілдік жоқ. Ол – уақыттың еншісіндегі іс.
Отанында жүріп, ойлары дүдәмалдана бастаған қазақстандықтар Сирияға кеткенге дейін Дарын Мубаров, Саид Бурятский, Абдул Халил сынды «көсемдерінің» уағызына жүгінген екен. Бірқатары теріс діни бағытқа жетелейтін уәһәбилік жолды ұстанған. Осы жол оларды Сирия асып, сергелдең өмір кешуге дейін жеткізген.Жат ағымның соңына ілесудің соңы жарға жықтырған жерлестеріміз 2011-2012 жылдары кеңінен таралған теріс діни ілімді насихаттаушы өзге ұлт өкілдерінің аударма түріндегі үгіт-насихаттарын көп тыңдаған. Бүгінде мұндай аудио-бейне жазбалар интернет желісінде әлі де кездеседі. Оларды жоюмен құзырлы органдар айналысу үстінде.

Елге келгендер тағдыры – театр сахнасында

Әрине, болар іс болды. Сирияға барғандар сұрапыл соғысты көріп, бейбіт тіршіліктің мәнін түсініп қайтты. Енді мұндай келеңсіздіктердің алдын алу жұмыстары қалай жүрудеa?
Дін саласы мен жауапты органдардың мамандары бұл ретте жастарға баса көңіл бөлуде. Мектеп, колледж, университет жастарымен, мемлекеттік қызметкерлермен кездесулер ұйымдастырылуда. Үнпарақтар таратылып, әлеуметтік бейнеүзіктер көрсетілуде. Дін – нәзік мәселе болғандықтан, бұл шаруалар да ұқыптылықты қажет етеді.
Облыстық театрда Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге қайтарылғандардың тағдыры жайлы қойылым көрсетілді.Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрында бұған дейін жат ағымға арбалғандар туралы режиссер Мұқан Томанов «Жәннат» қойылымын сахналаған еді. Ал еліміз бойынша тұңғыш рет Сириядан оралған қазақстандықтар туралы жазылған «Жусан» психологиялық драмасының авторы – «Серпер» әдеби сыйлығының иегері, жас ақын Мәрлен Ғилымхан. Театр репертуарын толықтырған спектакльдің режиссері – «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, бұған дейін де бірқатар қойылымдарды сахналаған Самал Әбуов. Қойылымда «Жусан» гуманитарлық шарасымен елге қайтарылған, басынан өткен ауыр жағдайдан психологиялық соққы алған Жәдігер есімді жігіттің жан арпалысы баяндалады.
– Бұл – мемлекеттік тапсырыспен жазылған дүние. Драманы жазар алдында теологтармен, арнайы қызмет өкілдерімен, театр сыншыларымен, режиссермен жұмыс жасадық. Сириядан келген әйел адаммен сөйлесіп, ол жақтағы жағдайдан хабардар болдық. Қойылымға сол көріністер өзек болды. Біздің мақсатымыз – дұрыс жолды таңдаңдар деп ұран тастау емес, шетке кеткендердің қандай күй кешкенін көрсету. Одан әрі түйін шығару – көрерменнің еншісінде, – деді автор. Айта кету керек, бұл – ақын М.Ғилымханның драматургия саласындағы алғашқы туындысы. Жас қалам иесі өзінің кез келген өлеңінде дін көрініс тапқан деп біледі. Оның пікірінше, адам өз-өзін іздеу арқылы дінге барады. Өзін зерттеу арқылы адам дінді зерттейді. Сонымен қатар ақын Абайдың ілімдерін, Шәкәрімнің өлеңдерін оқып, қазақы таным-түсінік, дәстүрлі дін туралы көбірек оқып, зерттеген.
Тобықтай түйін
Құзырлы органдар берген мәліметке сүйенсек, шет елдегі террористік белсенді аймақтардан Қазақстанға кері қайтарылған азаматтардың ішінде батысқазақстандықтар да анықталып, олар облыс аумағына 2018 жылдың қараша айынан бастап келе бастаған. Сол уақытта екі әйел-азаматша туған жерге оралса, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылған «Жусан» операциясы да адасқандардың атамекендерімен дін аман қауышуына септігін тигізген. Аталмыш іс-шара арқылы өңірімізге 25 әйел, 3 ер адам, 66 бала кері қайтарылса, депортация шарасымен Түркия арқылы үш әйел балаларымен және бір ер адам келген. Бүгінде қарулы қақтығыс аймағынан келгендердің жалпы саны – 30 әйел, 82 бала (оның ішінде ата-анасынан айырылған жетім балалар саны – төртеу, мектеп жасындағылар – 41). БҚО аумағына қайтарылған төрт ер-азаматтың үшеуіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, сотталса, біреуі – қамауда отыр.
Бейбіт заманда бүлік шығарып, кейін бармақтарын тістеген отандастарымыз бастан кешкен азапты күндерінен сабақ алды деген ойдамыз. Өмірдің сын сағаты жалғасуда. Адасқандар өз Отанындағы мамыражай тірліктің қадірін түсінгені абзал.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
«Qazaqstan dauiri» газетінің
БҚО бойынша меншікті тілшісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.