Павлодарда Наурыз мейрамында 7 ауыл және 70 киіз үй тігіледі

0
361

Павлодарда Наурыз мейрамында 7 ауыл және 70 киіз үй тігіледі

Облыста Наурыз мерекесі 14-22 наурыз аралығында, яғни 9 күн аталып өтілетін болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық құндылықтарын жүзеге асыру контекстінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлаудың мәні жоғары, – дейді Ернұр Дәуенов. – Осы орайда, биыл аймағымызда Наурыз мерекесі ерекше сарында, жаңаша форматта аталып өтіледі. Әз-Наурызды отбасылық мерекеге айналдырып, әрбір адам алыстағы ата-анасына сәлем беріп, ағайын-туысты аралап, мейрамды жақындарының арасында қарсы алуына мән беріледі. Ұлыстың ұлы күнін мерекелеудің әрбір күні бір атаулы іс-шараға арналады. Атап айтқанда, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. Сонымен қатар, 12:00-ден 14:00-ге дейін облыстық халық радиосы эфирінен мерекелік құттықтау жолдауға болады. 15 наурыз – Шежіре күні. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Елдің, өлкенің тарихы, ерлігі баяндалады. Осы күні облыстық архивте фотоқұжаттық көрме ұйымдастырылады.

Сондай ақ, 16 наурыз Жайлау күні болып бекітілді. Бұл күн жаратылысты аялау мақсатында табиғат аясында уақыт өткізу, көктемдік тазалық жұмыстарын жүргізу, көшет отырғызу, қоршаған ортаны жақсарту, өскелең ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыру күні болып табылады.

17 наурыз – еріктілердің қатысуымен игі істер күні. Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс жасайды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Сол күні, сағат 11:00-де Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай барлық еріктілерді Павлодар қаласындағы Абай көшесін қардан және қоқыстан тазалауға шақырылады. Осы күні жергілікті әкімдіктер түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады.

18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні. Наурызды тойлау декадасының бұл күні ұлттық спортқа арналады. Осы орайда, таңғы сағат 7:30-да Ertis Promenade сахнасы жанынан бастау алатын жалпы халықтық жүгіру өтеді. Оған қоса, Потанин атындағы мұражайда студенттердің қолымен жасалған әртүрлі техникалық бұйымдар қойылған ою-өрнек көрмесі ұсынылатын болады. Сондай-ақ, Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында сағат 18:30-да Ш.Айтматовтың «Жәмилә» лирикалық драмасының премьерасы қойылады.

19 наурыз – Зияткерлік күні. Осы күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады. С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада фольклорлық кеш өтеді.

20 наурыз – Жоралғы күні. Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады. Салт-дәстүрдің, ырым-жырымның адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі. Осы күні облыстың барлық музейлері тегін жұмыс жасайды.

21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні. Бұл күні тұрғындарға қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлерін әзірлеу және ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасау ұсынылады. «Замандас» қоғамдық қоры мен облыстық көркемсурет музейінде наурыз көже дайындаудан шеберлік сағаты өтеді.

– Ал, 22 наурыз – Бұқара күні болып бекітілді, – дейді басқарма басшысы. – Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін 7 ауыл тігілетін болады. Бұл Абай, Әл-Фараби, С. Торайғыров, Ш. Құдайбердіұлы, Б. Момышұлы, М. Шамсутдинова және И. Байзақов ауылдары. Барлық ауылдар биылғы жылғы мерейтойлық іс-шараларға байланысты құрылатын болады. Киіз үйлер ішінде мұражайлардан әкелінген көрме қойылады. Айта кетерлігі, 8 наурызға байланысты өтетін облыстық деңгейдегі шараларды өткізбеу туралы шешім қабылданғанына байланысты Наурыз мейрамына да байланысты сұрақтар қойылуда. Осыған қатысты ҚР Президентінің әкімшілігінен ешқандай нұсқаулықтар келген жоқ. Сол себептен Наурызды өткізу жоспарда бар.

Сондай-ақ Ернұр Дәуенов эстрада жұлдыздарын шақыру туралы әлі шешім қабылдабағанын және биыл жергілікті әртістерді көбірек қатыстыру жоспарланып жатқанын айтты.

Айгүл Жүсіпова
Фото: Ольга Бугаева, ӨКҚ
pavlodarnews.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.