Әбілқайыр ханның хаты немесе ғасыр аферасы

0
879

(Соңы. Басы өткен санымызда)

«Жоңғар» факторы

Қазақ-орыс қатынасында жоңғар факторының стратегиялық маңызы болды. Ресей империясы үшін жоңғар хандығының тиімді жақтары мол еді. Біріншіден, геосаяси жағынан Жоңғарияның орналасуы өте оңтайлы, Цин империясымен бола қалған соғыс жағдайында аумақ плацдарм есебінде ыңғайлы болды, жоңғарлардың қазақ жерінің шығысы мен оңтүстік-шығыс аумағына бақылау орнатуы қазақ руларының Ресей шекарасына жақындай түсуіне септігін тигізетін еді. Екіншіден, Ресей жоңғар қонтайшыларын өз жағына тартуға әрекет жасайды. «Орыс-жоңғар қатынастары» жинағында екеуара келісімдердің орын алғанын көреміз. Империя Жоңғар хандығын өзінің протекторлық құзыретімде деп есептеді, ал қонтайшы одақтасым деп түсінді. Үшіншіден, жоңғар факторын басқа халықтарға қысым көрсету үшін тиімді қолдану мүмкіндігі тағы бар. Төртіншіден, қазақ жүздерінің бірігіп, күшеюі жағдайында жоңғар күшін пайдалану, екі көшпелі халықты бір-біріне айдап салып арандату, екеуін де әлсірету, өз жемісін беретін саяси қадам саналды.
Алайда, Жоңғар мемлекеті Ресейдің айтағына көне бермейтін, өз саясаты өзіне мәлім, нақты саяси бағыты бар әскери мемлекет болды. Хандықтың өмір сүруіне Ресей мүдделі болғандықтан, жоңғар тарапы да өзіне тиімді шарттар жасасып тұрған. Ресей көшпелі, тұрмысы ұқсас екі халықтың достығына мейлінше қарсы болды.
Бір жарым ғасырлық қазақ-жоңғар текетіресі қазақтардың әлсіз тұстарын ашып берді, есесіне дүниеге қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, би-батырларды әкелді. Жалпы соғыс барысында үлкенді-кішілі жүз шақты шайқас болған. Әскери-стратегиялық жағынан жоңғарлардың басымдығы болды. Олардың әскери тәртібі, жауынгерлік дәстүрі, мықты барлау қызметі соғыс барысында өз артықшылығын көрсетті. Дегенмен қазақ халқы жоңғар ісін өзі шешті. «Жоңғар қақпасы» мен «Шаңды жорықта» нүктесін қойды. Бұл жерде Ресей факторы мәселені қазақ пайдасына шешпек түгілі, мүдделі болмады. Қазақ жүздерін өз ықпалына тартуда «жоңғар» факторын империя тиімді пайдаланды. Ескішіл тарихнамада жоңғар тарапынан қазақтардың ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгенде Ресейдің миссионерлік әрекеті арқасында қазақ аман қалғаны ғылыми негізде дәріптелген болатын. Өкінішке орай, әлі де бұл тұжырым өміршеңдігін сақтап келеді.
Сонымен, қазақтарды өз ықпалына тартуда жоңғар агрессиясын өз мүддесіне пайдалануда империя аянып қалмады. Жоңғармен күрес үшін қазақтардың дәме еткен әскери көмек қанағаттандырылмады. Түрлі желеумен, құрғақ уәдемен мәселені жылы жауып отырды. Астыртын әрекеттерге барды. Ол жоңғарларды от қарумен қамтамасыз ету, ақпарат беру, араға от салу, айдап салу, т.б. 1742 жылы 20 мамырдағы Сенат шешімімен Ертіс бойындағы қазақтарды қорғау шаралары қолға алынады. Оның өзі қазақтардың Қалдан Церен ықпалына өтіп кетпеуі үшін жасалған шара болатын. «Ақтабан шұбырынды» алапаты қарсаңында дипломат деп сипатталып келген И.Унковский, шындығында ол артиллерия капитаны, 1722 жылдың күзінде Жоңғар хандығына барып, онда от қару мен артиллерия даярлау ісін қолға алады. 1723 жылы қазақ жерін батыс пен шығыстан бір мезетте шабуыл жасап, түбегейлі басып алу әрекеті жоспарланады, алайда орындалмайды. Қалдан-Церен 70 мың әскерімен Жетісуға басып кірген сәтте, Еділ қалмақтарының ханы Аюке Астрахан губернаторы А.Волынскийдің қолдауымен Жайық бағытына жорығын бастайды. Өз тыңшылары арқылы дер кезінде хабар алған Әбілқайыр хан сол жылдың қыркүйегінде 20 мыңдық қолымен қалмақтар қонысына ескерту ретінде жорық жасайды. Тойтарыс бере алмаған Аюке орыс әкімшілігінен көмек сұрайды, тараптар келісімге келеді. Қалдан-Цереннің Жайық жағасында көшіп жүру арманы орындалмай қалады.
Мысалдар өте көп. Қысқасы, патшалық өкімет көршілес жатқан халықтардың қысымын пайдалана отырып, қазақтарды өз еркімен бодандыққа өтуін көздеді. Осы мақсатта XVIII ғасырда жоңғарларды, Еділ қалмақтарын, Жайық казактарын, башқұрттарды пайдаланса, XIX ғасырда астыртын түрлі айлалармен, іріткі салу арқылы қоқандықтар мен бұхарлықтарды, қырғыздарды қолданды.
Қазақтардың жоңғарлардан екі есе көп екендігін, бірқатар ірі шайқастарда жеңіске жетіп отырғанын ескерсек, ұлт ретінде жойылып кету қаупінің болмағандығына көз жеткізе аламыз. Жоңғар майданын қазақтың өзінің жоюы – соның айқын дәлелі. Арпалысып, біраз жерге барып қалған Қалдан Церен де қазақпен қас емес, дос болу керек екенін түсінді, бірақ кеш түсінді. Билігінің соңына дейін қазақпен бейбіт тұрысты. Достық пен бейбітшіліктің белгісі ретінде тұтқындағы Абылайды босатып, сый-құрмет көрсетіп, қонтайшы әулетінен Топшы сұлуды қалыңдыққа алып береді. Сол кіндіктен қазаққа қиын-қыстау кезеңде тірек әрі басшы бола білген Қасым, Кенесары, Наурызбай, Бопай сынды тұлғаларды өрбітті. Қазақтың намысымен бірге күйді.

Тевкелев – ол кім?

XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында қазақ-орыс қатынасының барысында «А.И.» инициалды Тевкелев есімі жиі ұшырасады. Қазақ билеушілерінен бодандыққа ант қабылдаған тұлға ретінде аталады. Алдымен, түсінікті болу үшін, сол тұлғаның шығу тегін анықтайық. Шын есімі – Құтлы-Мұхаммед Мамешұлы Тәуекел. Алексей Иванович – мемлекеттік қызметте қолданған есімі. Арғы атасы Оразлей Тевкелев, XVI ғасырда орыс бодандығына өткен орта Еділ бойының татар мырзасы. Әкесі Мамеш Касим қаласының билеушісі болған (қазақ сұлтаны Ораз Мұхаммед XVI ғасырдың соңында князь Борис Годунов тұсында Касим иелігінің билеушісі болған).
Тевкелев әулетінің ата кәсібі – тілмаштық, аударма ісі болған. Құтлы-Мұхаммед өзінің қызметін түркі және парсы тілдерінің аудармашысы болып бастайды. Кейін бірнеше Еуропа тілдерін меңгереді. Деректерде оның есімі алғаш 1711 жылы Прут жорығына қатысуы арқылы мәлім болды. Сол жорықта өзіне І Петр назарын аудартады. 1719 жылы тіл үйрену үшін Еділ қалмақтарына жіберіледі. 1722 жылы Парсы жорығына «құпия істер бойынша аға аудармашы» ретінде қатысады. Тап сол жорықта І Петр оған «Қазақ Ордасы» жөніндегі идеясын айтады.
Жалпы Құтлы-Мұхаммед Тевкелев Қазақ ордасындағы дипломатиялық қызметі үшін әкімшіліктен полковник әскери атағын алады. 1734 жылы Сыртқы істер коллегиясының бастамасымен құрылған «Қырғыз-қайсақ экспедициясының» идеялық жетекшісі, осы экспедицияны басқарған Сенаттың обер-секретары И.Кирилловтың кеңесшісі болады.
Жоғарыда айтып кеткендей, Қ.-М.Тевкелев парсы жорығының барысында І Петрден қазақ ордасы жөніндегі ой-тұжырымымен таныс болады. Оған оңтүстік-шығыс көршісін бодандыққа көндіру жобасын даярлау тапсырылады. Алайда І Петр қайтыс болған соң бұл жоба уақытша тоқтатылады. Билікке Анна Иоаннқызы келгенде, бұл «абыройлы әрі Отанға көп пайда келтіретін» қазақ ісі қолға алынады. Қ.М.Тевкелев қазақ билеушілерінен бодандық сұрап келген елшілері болмаған соң, бұндай елшілікті өздері ұйымдастыру керек деп тапты. Ойластыра келе, Тевкелев, Әбілқайыр ұлысына біртіндеп қалмақтар мен башқұрттарды, казак отрядтарын алма-кезек аттандыра бастайды. 1730 жылы кезекті осындай шабуылдан хабар алып, Аңырақай даласынан Кіші жүз жасағымен ұлысын қорғауға Әбілқайыр хан аттанған болатын. Айдап салып, қысым жасау әдісі өз жемісін бермеді, ханнан елші келмеді. Сол сәтте Әбілқайыр ханның ескі досы башқұрт батыры, ол кезде орыс бодандығына өткен тархан Алдарбайды араға салады. Хан ордасында хат жазайық деп қолқа салған Алдарбай, сол Тевкелев жіберген башқұрт батыры еді. Ар жағы белгілі жайт.
Қ.М.Тевкелевтің қазақ-орыс қатынасындағы орны ерекше. Екі жылға жуық қазақтың кіші ордасында болған, көрген-білгенін күнделігіне түсіріп отырды, ғалымдар сол күнделікті дерек ретінде қолданады. Өйткені, дәл сол күнделікте ант қабылдау қарсаңы мен барысы, ішкі саяси-қоғамдық ахуал көрініс тапқан. Біз сол күнделікке енген мәліметтердің барлығына болмаса да, кейбір тұстарына күмән келтіреміз. Күнделікте Әбілқайыр ханның үш рет ант бергені айтылады (1731, 1738, 1742 жылдар). Алайда, ешбір құжатта ант мәтінін кездестірмейміз. Ол тек Құран ұстап ант берді дейді. Келесі. Кіші жүз ханының беделі жоқ деп сипаттайды, оған кез келген қараша қатты сөздер айтады дейді. Тағы да. Ант қабылдау қарсаңында ханның елшімен жасырын кездесу ұйымдастырып тұрғаны айтылады. Қызығы, хан кездесуге өзге жұрт танып қоймас үшін дала қазағының жұпыны киімін киіп келетіні айтылады. Сонымен қатар, антқа басқа ықпалды қазақтарды көндіру үшін аса сабырлы болуды, мүмкіндігінше сый-сияпатпен алдап көндіруді кеңес етеді. Көріп тұрғанымыздай, бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы, сол тұстағы ең мықты қазақ билеушісінің осындай ұсақ істермен сипатталуы көңілге күдік ұялатады. Левшин айтқандай, хан өз беделін Ресейге арқа сүйеу арқылы көтеруді көздеді деген тұжырымына негіз қалап бергендей. Билік қалағанын жасады. ХІІІ ғасырда Италиядағы болон заңгерлері айтқандай: «билеуші нені қаласа, соның заңдық күші бар» («Что угодно государю, имеет силу закона»).
Елімізде Қ.М.Тевкелев тұлғасын зерттеген ғалым тарихшы Ирина Ерофеева, ол татар мырзасының өмірбаянын, тарихын зерттеген, бізге біраз мәлімет береді. Алайда, күнделіктің желісін сол қалпында жеткізеді, бодандық бастамасын қазақ тарапынан көреді. Дегенмен, ақпараттық құндылығын жоғары бағалаймыз. Ал,Тевкелев туралы ащы шындықты башқұрт тарихшыларынан көреміз. Ол бойынша, Қ.-М.Тевкелев башқұрт халқына геноцид ұйымдастырған жендет. Оның жүргізген сорақы іс-әрекеттері башқұрт халқы арасында «Тавтеляу» жыры арқылы сақталған. 1735-1740 жылдары башқұрт көтерілісіне тікелей себепші болған. Ол туралы орталыққа, Анна патшайым атына генерал-лейтенант Румянцевтің рапорттары куә. Тарихшы В.Татищев те И.Кириллов пен А.Тевкелев бассыздығын айыптап, шағымданады. Көтерілісті басу кезінде де А.Тевкелев ерекше қатыгездігімен көзге түседі. Орынбор өлкесінің білгірі П.И.Рычковтың жазып қалдыруы бойынша, 1736 жылы Тевкелев басқарған жазалаушылар башқұрттардың Саянтұз мекенін қырғынға ұшыратады. Мыңға жуық адамды атып, драгундар қылыштап өлтіреді, 105 адамды амбарға қамап, тірілей өртеп жібереді. Тевкелевтің құпия бұйрығы болған: « … и так, со всех сторон окружа, воров и их жен, и детей, и пожитки их, и лошадей, и скот брать, и дома вовсе разорить, и которые пущие заводчики, тех по указам на страх другим казнить, а непущих и детей мужского полу, годных в ссылку, в Остзею сослать, и жен, детей и девок развесть во внутренние города и раздать в неволю, чтобы корень их был вовсе вырван …». Көтерілісті басудағы еңбегі үшін бригадир әскери атағын алады. Ал 1755 жылғы Батырша бастаған көтерілісті басқаны үшін генерал-майор шенін алады. 1766 жылы қайтыс болады. Ресей империясы тарихындағы алғашқы мұсылман генерал.Қалай дегенменде, Қ.-М.Тевкелев өте күрделі тұлға. Қазақ-орыс қатынасында алатын орны ерекше. Ол тек ант қабылдауға келген адам ғана емес, осы ауқымды саяси үрдістің, бодандықтың авторы әрі сценарисі. І Петрдің таңдауы да тегін емес-тін. Қазақтың жаны мен дүниетанымын жетік білетін ол, бұл «ұлы іске» аса құштарлықпен кірісті. Әйтпесе, қазақтың жойылатын жайы жоқ еді, жоңғарды өзі шешті, көршілері санасты. Әттеген-айы сол, билікке мықты тұлғаның дер уағында келмеуі, сәл де болса, ынтымақтың жетіспеуі. Орыстың айласы араласпағанда, сыртқы жау қатеріне қазақ мінез танытып, намысқа мініп, өз тұтқасын өзі иемденіп кетер ме еді?!

Түйін:
Қазіргі таңда тарих ақтаңдақтары біртіндеп ашыла бастағанымен, кейбір өзекті мәселелер тиісті деңгейде өз бағасын ала алмай келеді. Жоғарыда сөз еткен бодандық мәселесі соның бір көрінісі. Әрине, біз, бір түбегейлі жаңалық ашып отырғамыз жоқ. Дегенмен, назар аударатын, бей-жай күй танытуға болмайтын күрделі тақырып. Айтылған ойдың түйіні мынау болмақ. Әбілқайыр хан ешқашан Ресейге бодан болуға тілек білдірген емес. Қазақ бодан болған жоқ, бодан қылды. Айламен! Хат тарихын еске алайық. Бодандықтың айқын көрінісі тек ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары білінді. Сондай-ақ, Қ.-М.Тевкелевтің жай адам емес екенін де ұмытпауымыз керек. Оның күнделігінің де ақиқатты айта бермегенін түсінуіміз керек. Жоңғардан зорлық көрсе де, жойылу көрмейтін еді қазақ. Бұл жерде Ресейдің азаттық, қамқорлық рөлін әспеттеудің еш қисыны жоқ.«Ескі жау атыспаққа жақсы» демеуші ме еді. Ол майдандағы қырғын, бұл болса, құрамындағы сойқан. Соңғысы, мектеп және ЖОО оқулықтарындағы «өз еркімен қосылу» тақырыбы қайта қарайтын мәселе екендігі шынайы ақиқат. Қашанғы ұрпағымызды алдап, мысын баса береміз, әлі қанша уақыт «бодандық», «кіріптарлық», «шарасыздық» сипатын таңа бермекпіз? Ойды серпіп, көзді ашып, ұлт іргесінің сөгілмеуін көбірек ойласақ, көп нәрсені ұтар едік.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары дәстүрлі жазуымызды алдымен латынға, одан соң кириллицаға ауыстыру науқаны, шын мәнінде, көне жазуымыздан халықты аластатуды көздеген саясат болатын, себебі, тілдік-әдеби тұрғыдан, шағатай (қадым) және төте тілде жазылған мол мұрамызды ұмыттыру болса, тарихи-саяси тұрғыдан, билеушілердің жазған хаттарының тілінен келешек ұрпақты беймәлім ету-тұғын. Осы уақытқа дейін билеушілер хаттарының мазмұнынан хабарсыз болуымыз, сол саясаттың жемісі екеніне бүгін анық көзіміз жетіп отыр. Ал қазір бұл жағдаймен бетпе-бет ұшырасып отырған жайымыз бар.

Ернар Ұстағалиев,
тарихшы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.