Күндей күркіреп, көзді ашып-жұмғанша өте шыққан жиырмасыншы ғасыр адамзат баласына орасан зор сынақтар әкелгені ақиқат. Әлемді қалауынша билеп-төстеу ниетінен таймаған алпауыт империялардың жан алып, жан беріскен тайталасы қуықтай ғана жер шарының астан-кестеңін шығарып, саяси картаны танымастай өзгертті. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен алмағайып шақта көп қауым кір жуып, кіндік кескен мекендерін тастап, үдере көшті. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кебі туған жұрттардың қатарында қазақтар да болды. Алаш баласының басына туған қилы заманды ағылшын журналисі Годфри Лайез өзінің 1956 жылы Лондонда жарық көрген «Қазақ көші» («Kazak Exodus») атты кітабында шынайылықпен суреттеген. Кітаптың басты кейіпкері Оспан батырдың туғанына 150 жыл толуына орай бұл туынды аударылып, өткен жылы Алматыда қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Қазіргі таңда оны өзге еуропа тілдеріне тәржімалауға қам жасалуда.
Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ көші Шығыс Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан мен Иранға жетіп, кейіннен бауырлас Түркияда тұрақтанды да әлемнің өзге өлкелеріне тарай бастады. Тәуелсіз сарапшылардың дерегінше, қазақ диаспорасының жалпы саны 6 миллион шамасында. «Еуропада тұратын қазақтардың Түркиямен байланысы әлі күнге күшті. Шын мәнісінде Батыстағы диаспора – бұл Түркия аумағынан көшіп келгендер. Олардың Қазақстанға қарағанда Түркиямен туыстық қарым-қатынасы күштірек» деп жазады зерттеушілер. Мен бұл тұжырымның ақиқаттығына кәрі құрылықта оқып, жұмыс істеген жылдары көз жеткіздім. Парижде, Берлинде болған Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайларына қатысып, аталған шараларды ұйымдастырушылармен де, тойға қатысу үшін алыстан ат арытып келген қандастарымызбен де жүздесіп, шүйіркелескен болатынмын.
АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде Қазақ мәдени ұйымдары құрылған. Мәселен, ғаламторда Ұлыбританиядағы қазақтар жөнінде мынадай дерек көзіме түсті. Онда былай делінген. «Тұманды Альбион жағалауындағы қазақ диаспорасы өкілдері санының аз болуы 1960-1990 жылдардағы британ көші-қон саясаты құқықтық шараларының салдары болды. Ұлыбританияда қазақтар негізінен Лондон мен Редингте тұрады, бұл олардың кәсіби бағдары мен қызмет аясына байланысты. Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының өкілдері моноұлтты некені қалайды және оларға тұрып жатқан еліне өз отбасын көшіріп әкелу тән. Сондықтан оларға этникалық түптамырын жоғалтпау және балаларын қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениетіне жақындастыру маңызды. Ол үшін 1992 жылы Ұлыбританиядағы қазақтар қоғам құру жөнінде шешім қабылдады, өйткені 1985 жылы бұл елге Түркия мен Қытай қазақтары оқу және жұмыс істеу үшін көшіп келе бастады. Бұл қоғамның мақсаты Ұлыбританияда тұратын қазақтардың арасында бір-бірімен байланыс орнату, сондай-ақ этникалық Отаны – Қазақстанмен жан-жақты байланысты нығайту болды».
Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының «Азаттық» радиосында Ұлыбританияның Кардиф қаласындағы Гламорган университетінің ғылыми қызметкері әрі оқытушысы Ахан Отыншымен жүргізген сұхбаты назар аудартады. Материалдың интернеттен алынған мәтініне көз жүгіртейік: «Еуропаның өзге өңіріндегі секілді, Ұлыбританиядағы қазақтар да ана тілінен ажырап барады екен. Ахан ең басты алаңдайтынымыз сол дейді: – Лондонға келген қазақтардың балалары ағылшынша сөйлесе бастады. Сол бізді алаңдатады. Олардың ата-аналары өзара түрікше қарым-қатынас жасайды. Ал, балаларымен ағылшынша сөйлеседі. Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі болған Ерлан Ыдырысов бұндағы қазақтарға көп көмек көрсетті. Моральдық тұрғыдан демей білді. Ол кісінің жұбайы бізге қазақ тілінде дәрістер беріп, қазақ тілінің курсын бір жыл бойына жүргізген еді. Бірақ олардың Вашингтонға ауысуына орай, қазақ тіліндегі курстар тоқтап тұр».
Қазіргі таңда Ерлан Ыдырысов мырза қызмет бабымен қайтадан Лондонға қоныс аударған. Елжанды азаматтың игілікті шараны жандандырып, қолға алатынына сенім мол. Ғаламторда Германиядағы қандастарымыз жөнінде мағлұмат бар. «Германия Федерациялық Республикасында тұратын қазақтардың жоғары білім деңгейі мен әлеуметтік мәртебесі ерекшелендіреді, өйткені көшіп келген олардың алғашқы буындары өз балаларына жақсы білім бере алды, қазір олар заңгер, стоматолог, инженер болып жұмыс істеуде. ГФР қазақтарының отбасылық қарым-қатынасында, мысалға, Франциядағы қазақтарға қарағанда консерватизм басым. Қалыңдықтарын Түркияда тұратын қазақ отбасыларынан әкелуге тырысады. Түрік қыздарымен жиі некелеседі және түркі емес халықтармен некеге тұрмайды».
Ғаламторға дерек жүктеген азаматтар «Түркияда тұратын қазақтар қазақ тілінің жоғалуына, Қазақстаннан келетін ақпараттың тапшылығына, Қазақстанға көшіп барудың қиын жағдайларына алаңдаулы» деп дабыл қағады. Тілі мен ділі бір бауырлас елде тұратын қандастарымыз қажеттілік туғанда қазақша лұғатқа ары кеткенде жарты жыл-бір жыл көлемінде еркін оралуына болады. Оларды тіпті өз отандарында жүр деп есептегеннің айыбы жоқ. Ал, Еуропа елдеріндегі ахуал бөлек. Даниядағы жағдай туралы осы елдегі қазақ қауымдастығының басшысы, білікті экономист-қаржыгер Қажы Акпар Аюби «Nur.kz» ақпараттық порталына берген сұхбатында айтып өткен. Енді соған көңіл аударалық. «Біздің өмір сүріп отырған ортамыз өзге болғандықтан ана тілін үйрену өте қиын. Өйткені білім алу да, қызмет те дат тілінде. Қазақ тілін үйренуге уақыт та жоқ. Оған қоса, Данияда бала бір жасқа толған соң балабақшаға береміз. Күндікке олар тек дат тілінде сөйлейді. Ал кешкі сегізде бала ұйықтауға тиіс. Сонда ата-ана мен баланың арасында сөйлесетін уақыт та жоқ. Жылына бір мәрте Еуропа қазақтарының құрылтайын ұйымдастырып, сонда ғана бас қоса аламыз. Одан кейін наурызда, Құрбан айтта бас қосамыз. Қазір [диаспора ішінде] ана тіліміздің нашарлап бара жатқанын жасырмаймыз».
Мен арғы тегі Қызылордалық шөмекей болып табылатын Аюби мырзамен 2013 жылы Париждегі Құрылтайда таныстым. Келесі жылы Берлинде тағы да жүздестік. Кейін Алматыға жолы түскенде, әл-Фараби атындағы университетке іздеп келді. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, бірлестіктің басшысы, Алаш азаматы марқұм Жұмабек Кенжалин бауырымыздың Данияда меншікті тілші болу жөнінде ұсынысын құп алды. Кейіннен «Экономика» газетінде дат экономикасы туралы материалдар топтамасын жариялады.
Сөйткен Қажы Акпар Аюби бауырымыздың жуырда ғаламтордағы парағынан төмендегі жазбасын оқыдым. Енді абзал азаматтың туған тіл тағдыры туралы алаңдаушылыққа толы пікірін алдарыңызға жайып салмақпын. «Құрметті достар, Еуропада өсіп жатқан жастарымыздың алдында ассимиляцияға ұшырау жөніндегі үлкен бір қауіп тұр. Ана тілін сақтап қалу және тарихи отанын ұмытпау үшін Отандастар қорымен бірге үстіміздегі жылғы 28 наурызда Еуропа жастарының конференциясын өткізетін болдық. Қатысамын деген жастар болса хабарлассын.
Біз Ауғанстан елінде 50 жыл өмір сүрсек те, ана тілімізді ұмытпадық, себебі бала кезде үйде өсіп, ана тілімізде сөйледік. Үйдің сыртына шығар жасқа келгенде ауған балаларымен ойнап, ауған тілін үйрендік. Ал Еуропада өмір сүру басқаша. Барлығы өзге тілде…».
Жазбасының соңында Аюби мырза «Өкінішке қарай Батыс елдерінде қазақ тілі соңғы демін алып жатқан сияқты» деген күдігін жасырмайды. Бірақ, келешектен үміт үзбейтінін білдіреді. Сондықтан да Үндеуін «Жастар – біздің болашағымыз!» деп атапты.
Данияға қоңырау шалғанымда, Аюби мырза тоқсанға жақындаған анасының өмірден өткенін айтып, сұхбатын кейінге қалдырды. Бауырымызға көңіл айтып, әңгімені жалғастырмаққа уағдаластық.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз