Ақыл – Алла Тағаланың адам баласына берген нығметі. Ал сол нығметті ортаға салу, бөлісу «ақылдасу» деп аталады. Әлмисақтан мұсылман атанған атам қазақтың көптеген сөздерінен ақылдасуды тілге тиек еткенін көруге болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас»,«Кеңесіп пішкен киім кең де болмайды, кем де болмайды», «Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ», «Кеңесіп кескен қол ауырмас», «Кеңесіп шешкен істің кемтігі болмайды» деген сөздер күнделікті өмірмізде ақылдасудың маңызын тарқатып береді. Еркектің қабырғасынан жаратылған әйел деген ардақтылармен ақылдасуды да аталарымыз кемшілік деп білмеген. Қайта «Қабырғаңмен кеңес» деп өмірлік жартыңмен ақылдасуды жөн көрген.

Ақылдасу – бір нәрседен опық жеудің алдын алу. Жеті рет өлшеп, бір рет кесудің артықтығы жоқ екендігін білдіреді.

Ақылдасу – Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті. Ақылды, тәжірибелі адамдар ақылдаспастан, таныспастан бұрын маңызды бір істі бастай алмайды. Алла Тағала Расулының үнемі әр істің дұрысын табатынына кепіл бола тұра және үнемі оған көмектесетінін уәде ете тұра, «Әли Ғимран» сүресінің 159-аятында: «…Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де, іс жөнінде олармен кеңес» – деп бұйырады.

Хасан Басри және Суфиян Саури хазіреттері осы аяттың тәпсірінде былай деген: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Асхабы Кираммен ақылдасуға мұқтаж болмаса да, «ақылдас» деп әмір етілуі ақылдасудың сүннеті сәния болуында және мұсылмандардыңәр істерінде осы сүннетке ұйып ақылдасулары үшін айтылған».

Әбу һурайрадан (Оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ( Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  “Мұсылманның мұсылман бауырына қатысты алты мiндетi бар: онымен кездескенде сәлемдесуiң, шақырса баруың, ақыл сұрағанда дұрыс ақыл-кеңесiңдi беруiң, түшкiрiп Алла Тағалаға мақтау айтса, оған Алла Тағаланың рахметiн тiлеуiң, ауырса барып көңiлiн сұрауың, опат болса жаназасына (жаназа намазына) қатысуың” (Муслим) – деген.

Ибн Масғудтан (Оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Адамдардың екі түрлі қасиетіне ғана қызығуға болады. Олар: Алла оларға көп байлық беріп, оны дұрыс жолға соңына дейін жұмсағандар және Алла оларға көп білім (ақыл) беріп онымен басшылық еткендер және оны басқаларға үйреткендер” (Имам Бухари, Муслим), – деу арқылы білімді адамдардың қарапайым адамдарды ақылға шақырып, білгенін үйретулерін мақұл көрген.

Аманатқа қиянат жасалған мына заманда біреуге сену қиын. Сондықтан да Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қандай адамның сенімді екендігінен хабар беріп былай деген: «Ақыл сұралған адам – сенімді адам».

Халифа Омар бин Абдулазиз (Оған Алла разы болсын): «Ақылдасу – рахмет есігі және берекет кілті. Ақылдасумен көзқарас тура мақсаттан таймайды және көрегенді болады» – деген.

Кез келген адамнан ақыл сұрала бермейді. Ақылдасатын адамдарда мына бес сипат болуы керек:

1. Тәжірибелі және ақылды адам болуы керек. Әр істі атқару ақылға, ал ақыл тәжірибеге мұқтаж. Надан адаммен ақылдаспайды. Өйткені ол басыңды пәлеге түсірсе, мың ақылды жабылса да, ол шұңқырдан құтқара алмайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақылды адамнан ақыл сұрасаңыз, тура жолды табасыз. Оның айтқан ақылына ермей қоймаңыз, кейін өкініп жүрерсіз» – деген.

2. Ақылдасатын адам діндар және тақуа болуы керек.

3. Шыншыл, көреген және мейірімді болуы керек. Көргенсіз, қызғаншақ және кекшіл адаммен ақылдаспайды.

4. Ақылдасатын адам сол кезде қайғы мен қасіретте болмауы керек. Өйткені мұндай жағдайлар сау пікірге зарар береді.

5. Ақылдасар нәрсе ақылдасатын адамның қызығатын немесе әуестенетін нәрселерінен басқа бір мәселе болуы керек.

Ақылдасудың бала тәрбиесінде де алар орны маңызды. Өскелең ұрпаққа үлкендердің ақыл-кеңесі ауадай қажет. Жастайынан ақыл-кеңес сұрап өскен ұрпақ болашақта да жай нәрсеге ақыл сұраудан арланбайды. Бұл шалыс қадам баспайды дегенді аңғартады. Шешенің балаға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деген ақылдары баланың әкеге сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Бала тәрбиесінде ақыл беруді жолы үлкен пайғамбарлардан ала аламыз. Мысалға, «Саффат» сүресінде Ибраһим (Оған Алланың сәлемі болсын) мен баласының оқиғасы баян етіледі. Ибраһим түс көргенін, онда баласын құрбандыққа шалғанын көреді. Ол аятта былай делінеді: «Ұлы (Ысмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: “Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін, назар аудар, көзқарасыңқалай?» Міне бұл аяттан байқағанымыз Ибраһим (Оған Алланың сәлемі болсын) баласымен ақылдасып, оның пікірін білгісі келгендігін көруімізге болады. Құранда Жүсіп (Оған Алланың сәлемі болсын) те түс көріп, оны бірінші әкесіне айтады. Осы оқиға «Жүсіп» сүресінің 4-аятында былай баян етіледі: «Сол уақытта Жүсіп (Оған Алланың сәлемі болсынәкесіне: “Әкетайым! Рас мен түсімде он бір жұлдыз және күн мен айды, маған сәжде қылғанын көрдім” деді. Әкесі мұқият тыңдап, мұны басқа ағаларына айтпауын, олардың қастандық жасауы ықтмалдығын айтып, кеңес береді. Бұл жерден де көргеніміз ақылдасудың арқасы, бір қауіптен аман сақтағандай.

Бұрынғы өткен хандар, патшалар да кеңесшісіз болмаған. Қазақ хандығында кеңесшінің жұмысын уәзірлер атқарған. Қазақтың бағына біткен ханы Абылайдың да кеңесшісі әйгілі Бұқар жырау бабамыз болған еді. Даңқты қолбасшы атақты Әмір Темір: «Ғалымдармен ақылдасу арқылы көптеген жетістіктерге жеттім» – деп өзінің жұмысының ақылдасу арқылы жемісті болғанын айтқан.

Сөзіміздің соңын Суфиан Сауридың келесі насихатымен аяқтайық. Хазреті Суфиан Саури насихат сұраған адамға былай дейді: «Ардақты бауырым! Көркем әдеп пен көркем мінезге жақсылап жабыс! Дін туралы сенен бір нәрсе сұраған әр мұсылманға көмегіңді тигіз! Оларға жол көрсет! Оларға насихат айт! Алла Тағаланыңұнататын ісінде, сенімен ақылдасуға келген адамнан ешнәрсені жасырма!»

http://mazhab.kz/kk/maqalalar/bala-tarbiesi/senimen-aqyldasuga-kelgen-adamnan-eshnarseni-jasyrma-7117/?fbclid=IwAR0pWQxnPtqEPHIAm_MIzW-e9y1DSt0Nc9umdSVIPWapoVw5TWXS4J8wsW4

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз