Жұқпалы ауру өршіп барады

0
518

Бұл деректер шынайы ақпараттар ма, әлде…

Әлемді алаңдатып отырған коронавирусы қазіргі таңда ең маңызды тақырыптардың біріне айналды. Қазірге дауасы табылмай жатқан ауру туралы ақпараттар да күн санап жаңарып жатыр. Індет ошағы болып отырған Қытай елінде 9 наурыз күнгі есеп бойынша COVID-19 коронавирусын жұқтырғандардың саны 80904 адамға, өлгендердің саны 3123 адамға жеткен. Жұқпалы ауру Қытайдан тысқары 83 мемлекетке таралып үлгерген. 9 наурыз күнгі санақ бойынша коронавирусын жұқтырғандар саны 29038 адамға жетіп, 702 адам көз жұмған. Мұның ішінде Италияда ауру жұқтырғандардың саны 7424, өлгендер 366 адам, Кореяда ауру жұқтырғандар 7382, өлгендері 51 адам, Иранда ауру жұқтырғандар 6566, өлгендері 194 адам, Францияда ауру жұқтырғандардың саны 1209, өлгендер 19-ға жетті. Әлемнің 84 еліне таралған ауруды жұқтырғандар саны 110 мыңға жеткендігі айтылуда.
Ауру жайыла бастаған тұста АҚШ президенті Доналд Трамптың «Қытай билігінің корона вирусы туралы ақпараттарды бүркемелеуі, індетпен күрес және сақтық шараларын қатайтуға кедергі болып отыр» деген сөзі таралған еді. Сонан бергі уақытта Қытай билігі медициналық қызметті барынша жандандырумен қоса карантиндеу шараларын күшейтіп, құрылымдарды іске қоса отырып жүргізуге көшті. Алайда, шетелдік қытай тілді сайттарда жарияланып жатқан Уханьнан жеткен видеолар мен жазбаларға көз жүгіртсек, вирусты жұқтырғандар мен өлгендер туралы статистиканың Қытайдың ресми БАҚ-тарындағы жарияланған мәліметтермен сәйкесе келмейтіндігін аңғаруға болатын сияқты. Гонконг зерттеушілерінің пікірінше, қазірге дейін вирусты жұқтырғандардың саны 250000 адамнан асқан екен. Олар «Қытайдағы COVID-19 вирусын жұқтырғандардың 15% -ы қайтыс болды» деп жазды. Бұл айтылғандарға сенетін болсақ, қазірге дейін 37500 адам қайтыс болды деген сөз. Бейресми деректерге қарағанда ауру ошағы Ухань қаласында бұрыннан бері жұмыс істеп тұрған 76 кремоторий ауру асқынғалы бері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуге көшкен екен.Бұл кремоторилерде жайшылықта бір адамның сүйегін өртеуге 60 минут керек делінген. 24 сағаттық режимдегі бір орыннан 24 адамды «ыңғайлап» шығаратын болса, қаладағы 76 кремоториде бір тәулікте 1824 адам күлге айналып жатыр деген сөз…Қытай билігінің кез келген ақпаратты «сүзгіден» өткізіп барып жариялайтындығын ескерсек, шетелдік сайттарда жарияланған мәліметтерді «негізі жоқ» деуге келмейтін сияқты.
Осындай мәліметтердің көптеп таралуы, билік басында отырған Қытай коммунистік партиясының имиджіне нұқсан келтіретіндігін ескерді ме, әлде өзге де себептері болды ма кім білсін? 20202 жылы 1-наурыздан бастап «ғаламтордағы ақпараттардың бұрмаланбауын қадағалау туралы белгілеме ресми түрде күшіне енді. Аталмыш белгілемедегі заңға қайшы келетін ақпараттарға, «ҚХР конституциясындағы тармақтарға қайшы келетін, мемлекет қауіпсіздігіне, мемлекеттік құпияларға, мемлекет билігіне зиянын тигізетін ақпараттар, мемлекеттің тұтастығына, мемлекттің абыройы мен мүддесіне нұқсан келтіретін бұрмаланған, өзгертілген ақпараттар, ұлы адамдардың ақылиялары мен қанатты сөздерін басқаша мақсатқа қолдану секілді мазмұндар кірген. Бұл белгілеме күшіне енгізгеннен бастап Қытайдың ғаламтор сақшылары аса жоғары сақтыққа көшті. Қазірге дейін қолданушылары ең көп «wei bo», «weixin» платформалары қатаң бақылауға алынып, Уханьдағы ауру жағдайы туралы мәліметтер таратып жатқан азаматтардың жеке парақшалары бұғатталып, өздері жауапкершілікке тартыла бастады. АҚШ-тағы қытай тілді сайттардың көрсетуінше «мемлекет заңына қайшы келген» ақпараттардың арасында, аулаға шыққанда бетперде тақпағаны үшін сақшылардан таяқ жеп қайтыс болған адамдарды да «вирустан» өлгендердің қатарына жатқызылатындығы жөнінде видеолар мен қысқа жазбалар бар. Мұнан бөлек отбасында карантинде отырған адамдардың да вируспен жұғымдалып, емханаға жетпей қайтыс болып жатқандары көп екендігі айтылған болатын.Қытай үкіметі ендігі жерде мұндай мазмұндағы хабарлар мен видеоларды «жалған ақпараттардың» санатына жатқызып, заңдық жауапкершілікке тартуға шындап кірісіп кетті. Алайда 5 наурыз күні күтпеген бір оқиға орын алды. Бейжіңнен қызмет тексеруге арнайы келген вице премьер Сун шуньлан бастаған делегация Ухань қаласындағы бір ауданды аралап жүргенде карантинге алынған ғимараттың терезесінен «жалған, жалған, барлығы да жалған» деген ызалы дауыстар естілген. Дыбыс зорайтқыштан шыққан бұл дауысқа вице премьер назар аудармай, үнсіз кеткенімен, үкімет сайттары «карантинде отырған тұрғындарға азық-түлік жеткізіп жатқан адамдардың өз істерін мұқият атқармағанына ашуланған адамдар терезеден айқай салды» деп түсінік берді…
Соңғы күндері «Қытайдағы науқастың беті қайтты» деген хабарлар таралып, Уханьнан өзге көптеген қалаларда адамдардың жүріс-тұрысына қойылған шектеулер алынып, жұмысқа шыға бастағандығы хабарланып жатыр. «Америка дауысының» қытай тілді сайтында жарияланған бір мақалада «қайта жұмысқа шығудың» машақаты туралы жазылыпты. «Елдегі жаппай карантиндеу, Қытай экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізумен қоса, кейбір өңірлерде азық-түлік тапшылығы байқала бастаған еді. Аурудың беті бері қараған тұста, қалыпты жұмысқа шығуға болатындығы айтылғанымен әлеуметтік орындарда құлап түсіп жатқан адамдар кездесіп жатыр. Бұл Қытайдағы COVID-19 коронавирусы барлығы тізгінделді дегенді білдірмесе керек. Вируспен жұғымдалушылардың көпшілік орындарға баруының кесірінен алдағы уақытта «Ухань обасының» екінші кезеңі басталуы мүмкін» дейді мақала авторы. Қытайдың ресми сайттарының сөзіне сенер болсақ, қазіргі кезде COVID-19 вирусына қарсы вакцина сынақтан өткізіліп жатқан көрінеді. Болжам бойынша бұл екпе сәуір айына қарай жаппай қолданысқа енгізілуі мүмкін екен.

Иран мен Италия «екінші Уханьға» айналып бара жатыр

Қытайдан шыққан COVID-19 корона вирусы қазірге дейін жер бетіндегі 83 мемлекетке таралып үлгерді. Осылардың ішінде Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы шекараласатын Иран ислам республикасының жағдайы күннен күнге ауырлап бара жатқаны байқалады. Наурыз айы кіргелі Твиттер желісінде көше бойында сұлап жатқан адамдардың суреттері көптеп таралып жатыр. Ауру жағдайынан хабар беретін сайттардың мәліметіне қарағанда Иранда 9 наурыз күні таңертеңге дейін COVID-19 вирусынан өлгендердің саны 194 адамға жетіпті. Мұның ішінде Иран парламентінің 2 депутаты, Иран ДСМ-нің вице министрі бастаған 5 лауазымды тұлға бар. BBC агенттігінде жарияланған ақпаратта «3 наурызға дейін 210 адам қайтыс болды» делінген. Ал, үкіметке қарсы әскери-саяси ұйым «Халық моджахет» қозғалысы (Иран үкіметі терорристік ұйым деп таныған) әлеуметтік желіде, Иранның әрқайсы емханаларынан келіп түскен ақпараттарға сүйене отырып, «2 наурыз күнгі кешкі 20:00 ге дейін ел бойынша, COVID-19 вирусын жұқтырғандардың жалпы саны 60000 адамға жетіп, 1000 нан астам адам қайтыс болды» деген ақпарат таратып жатыр.
Кешеден бері таралып жатқан мәліметтерге қарағанда Италия еліндегі жағдай да күнен-күнге ауырлай түскен. Қазір жаппай карантин қызметі жүргізіліп, адамдардың жүріс-тұрысына шектеулер қойылды. Мектептерде сабақ тоқатылды. Соңғы деректерде бұл елде 7000-нан астам адам COVID-19 вирусын жұқтырып, 300 ден астам адам қайтыс болған.

COVID-19 коронавирусы айналамызда таралып жатыр

COVID-19 вирусы Қытайдан басталып, әлемді шарлап кеткен алапат дертке айналды. Абырой болғанда бұл дерттен Орталық Азия аймағы қазірше аман тұр. Бұл жағдай Қытай билігінің диктатуралық іс-қимылдарды қолдана отырып, вирустың таралу аумағын тарату, кеңейту шараларымен де қатысы бар деуге болады. Қазақстанмен шекаралас жатқан Шыңжаң автономиялық өлкесінде «Ухань обасы» туралы мәліметте, (9 наурыз) «76 адам жұғымдалып, 3 адам қайтыс болды. Емделгендердің саны 73 адам» деп жарияланды. Осының нәтижесінде бірнеше күннен бері бұл аймақта алысқа ұзап шықпау шартымен, жүріс-тұрысқа рұқсат етіле бастады. Ал мектептер мен әлеуметтік орындардағы қызмет әлі де қалпына келген жоқ. Қазірге дауасы табылмай жатқан бұл дерт ТМД елдеріне де тарала бастағандығы белгілі болды. Соның ішінде Әзербайжанда 3, Грузияда 13, Ресейде 10, Белоруссияда 6, Украинада 1 адамнан COVID-19 коронавирусы анықталғандығы хабарланды.
Жер жүзін әбігерге салған бұл ауру басталғалы бері Қазақстан үкіметі де сақтық шараларын күшейте бастады. Ауру ошағы саналған ҚХР- мен арадағы қатынасқа уақытша тосқауыл қойылды. Сөйте отырып, Қытайда тұрып жатқан Қазақстан азаматтарын арнайы рейстермен елге жеткізді. Бұл шаралар әлі де жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша Корея елінде жүрген Қазақстан азаматтарын да біртіндеп елге жеткізу жұмысы қолға алынған көрінеді. Қазіргі таңда Қытайдан келетін жеміс-жидектерге шектеу салынып, шекаралық өткізу бекеттеріне қатаң сақтық шаралары енгізілді. Ауру таралып жатқан елдерден келген азаматтар 14 күндік карантинге алынып, дәрігерлердің бақылауында болатындығы айтылуда.Дегенмен, кейбір азаматтар елдегі сақтық шараларына көңілдері толмайтындығын айтып дабыл қағуда. Әлеуметтік желілердегі бір парақшада Жапониядан келген бір жолаушының «коронавирус жөніндегі колл орталығына» хабарласқандығы жөнінде жазба жарияланды. Телефон қабылдаған адам «өзіңіз тұрған жердегі емханамен байланысқа шығыңыз» дегенді айтыпты. Ал «өзі тұрған жердегі емхананың» қызметкері «сіз тіркелдіңіз, екі күннен кейін қабылдауға келуіңізге болады» дегенді ұқтырған. Жаны күйген азамат дәрігерлердің мұндай жайбарақаттығына көңілі толмайтындығын айтып жатыр.

Ерұлан Жансариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.