МҰНАЙҒА «БАҒЫНЫП»,  ДОЛЛАРҒА «ЖАҒЫНЫП»  ҚАШАНҒЫ ЖҮРЕМІЗ…?!

0
386

30 жылда 400 есеге секірген!

Мұнай бағасының күрт төмендеуі мен доллар бағамының шарықтап өсуі «жығылғанға жұдырық» болып, коронавирус дейтін тажалдың әлемді шошытуы бұған тұспа-тұс келіп қазақ билігінің де мазасын қашырғаны байқалады. Билік қана емес қарапайым халық  та әрі-сәрі күйде жүр сең соққан балықтай болып.
1993 жылы 1 доллар 4,7  тиын ғана болғанын ескерсек, арада 27 жыл өткенде 1 доллар 420 теңгеге өсіпті. Не деген шапшаңдық! Қазақ ертегісіндегі Алпамыс батырдың өзі дәл бұлай жылдам «есеймеген» болар. Ертегінің өзін шаңына ілістірмей, қарқынды дамуға бет алған экономикадан айналып кетпейсің бе, осындайда! Ұлттық валютамыз теңге осыншама құнсызданады деп кім ойлады дейсіз басында? «Жүре берсең, көре бересің» деген осы екен-ау.

Өткенді аңсап қайтеміз, өткен өтті, өткен күннен белгі ғана қалды. Бүгінге оралайық, кеше ғана көз алдымызда бір доллар 380 теңгенің айналасында «ойнақшып» жүргені де дәтке қуат еді, пай-пай-пай! Оған да көз үйреніп, көңіл тоғайып қалушы еді.  Енді ол да сағымға айналмақ! Сөйтіп «тарих – атаның» қанжығасына шежіре болып байланбақ! «Бұдан да жаманында тойға барған халық» бәріне сенген, қиындықтың барлығын сабырмен жеңген!. Жеңе де бермек! Себебі доллар деген – «жеңіл атлет» «секіргіштің» бір кездері 150 теңгеден 300 теңгеге қарғып рекордттық меже көрсеткенін көздерімен көрген. Оған да түсінікпен қарап, көнген! Ғаламды тербеген дағдарыс салқыны болар деп, ашуын іштей жеңген! «Көппен көрген ұлы той» деп, болашаққа кәміл сенген!
Алайда «Үйдегі бағаны базардағы  нарық тағы бұзды». Бірақ күнде доллар бағасы 420 теңгеге күрт көтеріліп барып (қазақты аяп райынан қайтқандай) 394.5 теңгеге табан тіреді әупіріммен. Бәлкім бұдан да төмен түсер, бәлкім есті алып тағы өрмелеп өсер. Оған жұрттың көзі үйренгелі қашан? Дегенмен бұл алаңдайтын жайт болып тұр. Бір емес, екі емес халықтың төзімін тезге салып сынай беру кімге керек?  «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» дейтін жұрттың ұрпағымыз. Шеру мен шерді өзіміз ұйымдастыруға жол салып жатқан жоқпыз ба, осы? Ащынғаннан шығып тұр ащы даусым!

Иә, мұнай бағасының  «кеудесінің көтерілуіне», пәс тартып «жөтелуіне» доллардың әсері күшті. Ел бюджетінің 45 пайызын құрайтын мұнай арзандаса, биылғы бюджеттік түсімдер қалай болмақ?  Бұл үлкен проблема! Бірақ оған қарамастан, теңге өз позициясын сақтап тұр.  Шүкір, тоба! Әйтсе де сарапшылар болса, бұл уақытша құбылыс деп отыр. Өйткені, мұнайдың  баррелі 50 доллардан төмендесе, теңге тұрақтылығын сақтай алмайды. Демек, омақаса құлайды. Оның беті аулақ!

Елімізде теңгені құнсыздандырмаудың әрекеті жасала бастады. Ұлттық банк базалық ставканы 12% көтерді. Енді интервенция жасаса, теңгені біраз уақыт ұстап тұрады. Бірақ ОПЕК+ Ресеймен келісімге келмесе биыл 400 теңге тұрақты курс болып қалуы әбден мүмкін. Бұл менің болжамым. Атамыз қазақ «өзгеге қарағанның күні құрысын» деп баяғыда-ақ айтып кетіпті. Оған құлақ түріп жатқан біз жоқ. Дәл қазіргі кебіміз «Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледінің» халі… АҚШ пен Ресейдің экономикалық қысымы, долларға тәуелділік, шикі заттарға сұраныс азаймай, қос елдің «басы ауырса», Қазақстанның «балтыры сыздай бергені» сыздай берген!….
Бұл жолы доллардың «дүмпу» шығаруына не себеп болды?  kaspi.kz  баспасөз хатшысы Ербол Азанбектің  өзекті пікіріне  құлақ сала кетейікші: « Ресей мен АҚШ-тың текетіресі бітпей күн болмайтын сияқты. Бұл жолы «Роснефть» басшысы Игорь Сечин кінәлі. Атаңа нәлет! Оның «Қазіргі бағам АҚШ үшін қолайлы, ОПЕК-келісімінен шықсақ, баға құласа, барреліне 40$ төмен болса АҚШ-ты тұншықтырамыз» деген арам ойы Путекеңе ұнаған. Мұндай шешімді орыс билігі 1 наурызда Внуково 2 әуежайында Путиннің Псковқа сапары алдында қабылдапты.

Жұма күні ОПЕК+ елдері Венадағы жиында бес сағат бойы орекеңдерді көндіре алмаған. Қатысушылар орекеңдердің шешіміне шокта болды, сөз таппады, қаралы жиында отырғандай болды дейді».

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырап, рубль, теңгенің құнсызданғаны сол отырыстың қорытындысының әсері ғана. Нағыз әсер алда сияқты.
Шарт кеткен Сауд Арабиясы шикі мұнай бағасын барреліне $6–8 төмендетті. Енді Еуропалық МӨЗ саудиялық Arab Light маркасын Brent-ке қарағанда $10,25 арзан алады. Ал ресейлік Urals сортты мұнай Brent-тен $2 арзан. Арабтар мұндай жеңілдікті соңғы 20 жылда жасамаған екен.

1 сәуірден кейін тәулігіне 12 млн баррелге дейін мұнай өндірмек. Осындай қадамдар арқылы Ресейді келіссөз үстеліне қайта отырғызамыз деп ойлап отыр. Ресей болса мұндай жағдайға дайынбыз дейді. Ұлттық қордағы ақшамыз мұнай бағасы түспек тұрмақ жоқ болса да 6 жылға жетеді дейді. «Бірақ қайдам». Сондағысы АҚШ-тан өш алу. Өздері дайындалғансыпты. Ал біз оған дайын болдық па? Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесінде жалпылама айтылған. Жалқылама не боларын? ОПЕК+ келіссөзге қайта отырмаса жағдай қиын болады-ау. Саудиялықтар мыналарды көндіре алса екен деп тілейік.

Айтпақшы, доллар алғашқы «мінез көрсеткен» жылдары әйгілі Форбес журналында долларды «күшпен бағындыруға» Қазақстан мемлекетінің 28 миллиард доллар жұмсағаны ашықта, айқын жазылды. Егер өткеннен сабақ алмай, бұл жолы да «арықты семіз қылып көрсетуге» тырыссақ өз обалымыз өзімізге.
Сөзімді саясаткер Расул Жұмаұлының мына пікірімен тұздықтап жіберсем деймін: «Соңғы рет теңгенің бағамын нарықтық емес жолмен ұстап тұруға үкімет пен ұлттық банк 28 миллиард доллар құртты. Бұл дегеніміз 18 миллион Қазақстан азаматының әрқайсысының қалтасынан 1500 доллар зая кеткені. Немесе осы сомаға 2 миллион адамды (тұтастай Алматы сынды мегаполис!) тұрғынүймен тегін қамтамасыз етуге болар еді. Енді міне экономиканы дамыту орнына үкімет баяғы әніне қайта салып отыр. Бай болғаннан не пайда оны сауатты пайдалана алмаса» депті ол.

Осындай сәтте  данышпан Абайдың:

Бұралып тұрып,

Буыны құрып,

Қисайта тартып мұрынын.

Әсемсіп, сәнсіп,

Білгенсіп, бәлсіп,

Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең, бір керім,

Жақпайды маған сол жерің» деген өлеңінің құдіретін билік терең сезінсе дейсің!

Доллар көтерілсе тағы қымбатшылық басталады

 

Доллар көтерілді дегенше, коммуналдық төлемдер мен әлеуметтік қажеттіліктер де «мінез» көрсете бастайтыны жасырын емес. Тағы басқа да халықтың әлсіз топтарының жігерін құм, талабын мұң ететін проблемалар жауыннан кейінгі көктей қаптап шыға беретінін жасарып-жабуға болмас.  Өйткені соңғы уақыттағы «мысық табандап» келіп алқымнан алған қымбатшылық  «бардың малын, жоқтың артын» ашып тастады. Егер бұлай жалғасы берсе, арты немен бітерін ашып айту қиын.

Отыз жыл бойы естіп келе жатқанымыз – жоспар, жоба, алдын алу, дағдарыстан өту. Алдымен экономика, содан кейін саясат деп біраз желдірттік…әлеуметке қимаған ақшаны әуелетіп той –томалаққа шаштық.  Қыруар ақша шетел банктеріне тоғытылды… Халықтың байлығы ұрланды, жырланды…. Бұл мәселеде халықтың білетіні біреу, білмейтіні мың… Халық айтса қалып айтпайды. Ел арасында тойшыл билікке қарата «Үдеріс тойда! Өндіріс қайда?!» деген сөз жиі айтылып жүр…
Ұмытпасақ, екі мыңыншы жылдардың басында мұнай бағасы құлдыраған алғашқы дағдарыс кезінде теледидар жаңалықтарының екі сөзінің бірінде «дағдарыс, дағдарыс» деп қақсап жатты. Сонда кейбіреулер таңданып: «Бұрын жоқ еді ғой, қайдан келген бұл дағдарыс?» – деп иығын қиқаң еткізетін. Солар айтпақшы, бұрын «тұрақтылық» деген бар еді. Сол қайда кеткен? Біз де аң-таң, сірә, биліктің өзі де таң.

Қара алтынға тәуелділіктен қайтсек, арыламыз?

Сонымен  9 наурыз күні Қазақстан Президенті   Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен жедел кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер көтерілді. Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға халықтың мұң-мұқтажын ескеруге, қаражатты тиімді пайдалануға тапсырма берді. Бұл нені аңғартады? Бұл – «қысылғаннан қыз болған» ел экономикасына дағдарыстың әсере ете бастағанын білдіреді. «Ала жаздай ән салып, өлеңнен қолым тиді ме» дейтін шегіртке шенеуніктердің, «шыр-шыр еткен үнінен» ел экономикасы бебеулеп тұрғандай бейне!

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Премьер-Министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Алдағы уақытта дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспарлар дайындалмақ. Тағы бір түйсінгеніміз, Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайтыны…
Осылайша қауіптің алдын алу шаралары қолға алынбақ!
Жә, делік. Әйтседе халық көкейінде «Ашық күнде аспаннан жай түсіргендей бұл не жанталас, бұл не қарбалас?» деген сан сауалдың өршіп тұрғанын жасыра алмаймыз! Ел тағдыры – биліктің қолында. Халықтың әл -әуқатының ортаймауына, ішкі тұрақтылыққа, әлемді шарпыған дағдарыс дауылына төтеп беруге  олар жауапты. Әйтсе де, Еланасы ретінде, кейбір сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, қоғамды дүр сілкіндірген мұнай мен доллар бағамының еліміз экономикасына тигізер зияны мен залалы туралы ой қорытып көрмекпіз. Сөз арасында экономиканың 40 пайызының мұнайға тәуелділігінің кесірінен, ішкі нарықтағы өндірістердің кенжелеп қалғаны туралы да айтылмақ!  Сондай-ақ кең етек алған сыбайлас-жемқорлық салдары да ел еңсесінің көтерілуіне үлкен соққы болып жатқанын баса айтуды жөн көреміз.   Мақсатымыз:  жау іздеу емес, елдің тыныштығы мен халықтың жайлы тұрмысы үшін билік қандай қадамға барғаны дұрыс деген сұраққа жауап іздеу, ақыл қосу. Демократиялы қоғамда тіршілік кешіп жатқаннан кейін, әр қазақстандық келешекте біліп жүруге тиіс кейбір бүркемелі мәселелерге ел назарын аударуға да көңіл бөлмекпіз.

Жеріміздің асты мен үсті қазына десек те, «сол байлықтың қызығын шалқып көрер күн болар ма?» дейтіндер бар. Аңсаған, армандаған дұрыс-ау, алайда соңғы уақыттағы жеткен сенімді ақпараттар көңіл-күйді түсіріп-ақ жібереді. Ең өзектісі – Қазақстанның кеніштерінің сарқыла бастағаны. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы бірнеше қазба байлық орындары алдағы 20 жылда таусылайын деп тұр.

 

Қорымыз түгесіліп барады

 

Жалпы ел аумағында 8 мыңға жуық кен орны тіркелген. Оның ішінде 317-сі мұнай-газ көзі болса, 910-ы қатты пайдалы қазбалар.  Үш мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбалар және 4 мыңға жуығы жер асты сулары екен. Соның ішінде Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 1 млн тоннаға дейін кеміп келеді. Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да осындай қауіп бар. Соңғы онжылдықта Шығыс Қазақстандағы бірнеше ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгелдей таусылып, жабылған. Ал 2025-2040 жылдарға қарай Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қорлары толық сарқылайын деп тұр. Сондықтан министрлік жаңа кен орындарын ашуға геологиялық барлау жұмыстарын қазірден жандандыру керек деп отыр. Мұны естен шығармаған дұрыс. Сондықтан келешекте дамыған елдердің сапынан көріну үшін, қазба байлықтарға иек артудың қайыры аз. Оданда болам деген ел өндірістерді көптеп салып, кіші бизнеске кең жол ашып, импортқа емес, экспортқа көп көңіл бөлуі тиіс.
Ертеректе,  «Egemen Qazaqstan» газетінде Динара Бітікова деген журналист «Кейде «осы Қытай болмаса, жалаңаш қалар ма едік деп ойлайсың. Тіпті, іш киім мен шұлықтың өзін шетелден киген соң қайтерсіз. Себебі, өз еліміздің жеңіл өнеркәсібі жемісін жегізе алмай жүр. Атауы жеңіл болғанымен, бұл өнеркәсіпті дамыту біздің ел үшін әсте ауыр болған сыңайлы. Мәселен, жеңіл өнеркәсіпте біз өз-өзімізді тауармен 9 пайыз шамасында ғана қамтамасыз етіп отыр екенбіз. Бұл қауіпті, әрине. Аса қажетті, бірінші кезектегі тауарларды да сырттан тасимыз. Былайша айтқанда, импортқа тәуелдіміз. Ал мамандардың айтуынша, елдің қауіпсіздігі үшін, экономикалық тәуелділіктен арылу үшін біз өз-өзімізді кем дегенде 30 пайыз тауармен қамтамасыз етуіміз керек» деп жазып еді. Одан бері де өзгерген түк жоқ. Сол баяғы таз қалпы.  Мемлекет тарапынан қаншама көңіл бөлініп жатыр десек те, бұл саланың берекесі кірер емес. Қабылданған бағдарламалар бар, бірақ нәтиже жоқ. Соған қарағанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі әлі де жіті мән беріп, «май шаммен» қарауды қажет ететіндей. Мәселен, Қазақстан мақта, жүн, тері сияқты шикізаттарға бай бола тұра, ел ішінде өңдеу ісі өркендемеген. Қарапайым тілмен айтқанда, ештеңе өңдей алмай отырмыз. Бұл салаға келіп жатқан инвестор та жоқтың қасы. Егер де елімізге сырттан тауар ағылмаса, инвестор атаулы ойланбастан келер ме еді, кім білген? Сонда бірлескен кәсіпорындар да, жаңа жұмыс орындары да ашылып, бәсекеге қабілетті тауар да шығарылар ма еді. Былай алып қарасақ, бұл саланың әлеуметтік маңызы өте зор.

Жеңіл өнеркәсіп халықты жұмыспен жоғары деңгейде қамтитын әлеуметтік сала болғандықтан, кез келген мемлекетте ерекше мәнге ие. Мысалы, Қырғызстан бұл салаға қосымша құн салығын салмайды, мұндай әдіс Түркияда да бар. Үндістанда жекелеген қорлар қолдау көрсетеді. Қытай елі өндірісшілеріне субсидия береді екен. Ал жеңіл өнеркәсіпке ерекше мән берілген Корея, Жапония сынды елдер 70-80 пайыз өз өнімдерін тұтынады деседі. Бұл ең бірінші – тұрғындар үшін жұмыс орны. Мәселен, Үндістан, Түркия, Қытайда жеңіл өнеркәсіп саласында тұрғындардың 21 пайызы жұмыс істесе, Қырғызстанда халықтың 30 пайызы өз нәпақасын осы саладан табады екен. Ал біз ел-жұртты сырттан дайын өнім әкеліп киіндіріп отырмыз. Анығын айтқанда, еліміз Қытайға, Қырғызстанға, Түркияға инвестиция салып отыр деген дұрыс. Өйткені, біздің ақшаға ол жақта қосымша жұмыс орындары ашылып жатыр. Олай дейтініміз, бізге сырттан келетін киім-кешек килолап емес, тонналап әкелінеді. Ал бұдан сыртқа аз ақша кетіп жатпағанын аңғару қиын емес. Біздің басты кемшілігіміз де осы – сырттан келген тауарды ішкі рынокқа емін-еркін кіргізе салатындығымызда жатқандай. Бұл ретте «Сауда қызметі туралы» заңды белшеден басып жүргендер де аз емес. Қазір тіпті, өз еліміздің өнімін талап етпек түгілі, шетелден келген тауарлар сапасына да жауап беріп жатқан адам жоқ. «Made in …. » деген жапсырмаға өздері қалаған елдің атын жазып өткізе береді.
Жалпы алар болсақ, ертеден қазақ киім тігуден ешкімнен кем түскен емес. Оқалы шапан, бүрмелі көйлек, кестелі орамал, құндыз бөрік тіккен, алтынмен апталған, күміспен күптелген ат-әбзелін жасаған қазақ емес пе едік? Ендеше қазіргі заманауи киімдер тігуге неге шамасы жетпей отыр десеңізші! Тіпті, сонау кеңес кезінде де жеңіл өнеркәсіп еліміздегі ең дамыған саланың бірі болған. Сол кездегі көрсеткіштерге қарасақ, біздегі жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы 15,8 пайызға жетіп, ел бюджетінің 25 пайызын құраған екен. Ал мұндай көрсеткіш әлемді тауарымен жаулап алған Қытайдың өзінде әлі күнге дейін болмаған.

Дүниежүзілік даму банкінің мәліметіне қарағанда, бүгінде аспан асты еліндегі жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы 10 пайызды көрсетеді, бұл Қытай мемлекеттік бюджетінің 20 пайызы. Іс жүзінде өзіндік табиғи ресурстары жоққа тән Түркияда да бұл саланың үлес салмағы 10 пайыз, жеңіл өнеркәсіптен түскен қаржы ел бюджетінің 40 пайызын құрайды. Кезінде Алматы мақта-мата комбинатының өнімдері өзімізді қойып, шетел асты десе, біреу сеніп, біреу сенбес. Бұл кәсіпорын Кеңес Одағындағы ең ірі өндіріс орындарының бірі болыпты. Құрдымға кеткен осындай кәсіпорындар әр облыста қаншама. Ал қазір зауыттардың жоқтығынан қазақстандық мақтаның 80-90 пайызы экспортқа төмен бағамен кетіп, керісінше, содан жасалған мақта-мата тауарлары өзімізге қымбат бағамен әкелінуде….

Тығырықтан шығарар «тұмарлы» ұлдар қайда жүр?

Осындайда заңды сұрақ туындайды: күндердің күні болғанда, мұнай мен газ «солғанда», алтын мен күміс біткенде, көмір мен темір «шөккенде», «Менделеев  қартасы, деп жүргендер арқасы», жұмыс таппай сабылса, осы күнді сағынса… түгесіліп барлығы, білінсе заман тарлығы… қайтер едік ағайын.  Сондықтан билік басындағы азаматтар, (әлі де кеш емес), кешенді бағдарламаларды  кеңінен насихаттап, «қазба байлықсыз да» әлемге билік жүргізіп отырған елдерге еліктеуі керек.

Жапондар күрішсіз тұра алмайтын халық. Күріш оларда нанның орнына жүреді. Жапондар соны шеттен сатып алмай өздері өсіріп, ішкі нарықты түгел қамтып отыр. Солардың мемлекеттік жиынында шенділердің біреуі былай деп ұсыныс тастапты: «Біз күрішті шетелден сатып алмай, неге өзіміз өсіріп жатырмыз? Біз өсірген күріштің өзіндік құны мен бағасы 7-8 йеннен айналады. Ал егер сол күрішті шетелден, Вьетнамнан не Қытайдан сатып алсақ, әр келісіне 2-3 йен ғана кетеді екен. Біз өзімізге өзіміз зиян келтіріп отырмыз!» депті қасқа маңдай біреуі…  Сол кезде министрлерінің біреуі не деп жауап берген дейсіз ғой? Былай депті: «Егер біз күрішті шетелден алдырсақ жұмыссыздық пайда болады да, жұмыссыздықтан қылмыс  туады. Сосын оның шығыны, әлгі біз үнемдемекші болған ақшадан жүз есе асып кетеді!». Байқадыңыздар ма, ел басқару үшін асып бара жатқан білімнің қажеті жоқ,  ұлтым дейтін мінез бен табанының бүрі болса болғаны екен! Біздің үкіметтен де, әрбір шенеуніктен де осылай әріден ойлайтын, Абай данышпан айтпақшы, «пайда ойламай, ар ойлайтын» азаматтар көптеп шығуы керек. Әйтпесе, қисапсыз байлығың да, милиондаған айлығың да елге тұтқа болмайды.

 

Осындайда қазақтың 7 миллиардері мен миллионерлері неге үнсіз?

 

Әлемде бізді табиғи шикі затқа бай ел деп біледі. Forbes-тің «алтын тізімінде» жарияланған мәліметтерге сүйенсек, қазақстандық миллиардерлердің жиған-тергені тұтас алғанда 16,9 млрд АҚШ долларына бағаланыпты. Бұл қаржы елдің жалпы ішкі өнімінің 13 %-дан астамын құрайды екен. Forbes тізіміндегі 7 миллиардердің қазақстандық екені бүгінде ес жиып, етек жапқан бала-шағаға да мәлім. Ал, елге келген қандай пайда бар?!
Осы орайда ресейлік миллиардер Усмановты айтайық, ол ресей азаматы болсада ұлты өзбек, өз отанына көмегін аяған емес. Біздегі миллиардерлердің дені шетелдіктер, атап айтқанда Шодиев, Машкевич, Миттал, Ибрагимов т.б. Оларға қазақ жерінің өркендегені керек емес, өз қалталарының қампайғаны керек. Ащы шындық осы!
Әйтпесе, ел экономикасы тығырыққа тіреліп, мұнай бағасы төмендеп, доллар бағасы «өңмендеп»  тұрғанда, бір кезде өздерін байытуға жол ашқан билікке ниеттес екендіктерін көрсетуге не кедергі? Мысалы   еліміздегі аузын айға білеген шенеуніктердің «кедейінің» шетелде виласы мен «қимасы» бар. Бәзбірі шетел азаматы атынып та үлгерген.

Ебін тапқандар миллиондарын сыртта сақтайды. Бұл нені көрсетеді? Қиын-қыстау заман туса, бәрін «талақ» етіп, тайып тұруға жақсы шанс! Егер ет жүректері елім деп езілсе, халық күйзеліп, экономика теңселіп тұрған қиын кезеңде барын ортаға салып, жүздері жарық болып қасқайып жүрер еді ғой!  Ал орта деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің де ешқайсысы ешкімнен сорлы емес. Бәрінің де жоқ дегенде жеке шаруашылықтары мен бизнестері бар. Ол шеңберге симай кетіп жатса өз ұяттарына тапсырдық.

Қос палаталы парламент депутаттары да айға ұшып бармаса да, алыс-жақын шет елге күнде қатынауға қауқарлы. Ал министрлердің ішінде де ауқаты асып төгіліп,  «ит басына іркіт төгілген» заманды бастан кешіп жатқандары қаншама. Солар байлығының 15 пайызын «ел басына дағдарыс бұлты үйірілгенде» инвестиция есебінде ел бюджетіне әкеп салса, оларға мұның не дей қояр адам табылмасына біз кепіл!  Бұдан тек қарапайым халық қана қиналады. Басқа ешкім де емес. Себебі доллар деген шіркінің – бай-бағыландарға үйірсек келетін жеңілтек қыз секілді… Ал тапқан теңгесі ішіп-жеріне әрең жететін қаймана жұртқа ол күле қарап өте шығар әп-сәтте…

Жемқорлықпен күрес күн сайын жанданып жатыр, ал ұсталып жатқандар сол баяғы партия атын жамылғандар мен шенеуніктерге жақын – жуықтар ғана. Осыған қарап отырып, жүйе механизімінде ақау барын, оны тез ретке келтірмесе, күндердің күнінде істен шығатынын, оның арты халықтың ашуы мен ызасына тіреліп, ел ішіне іріткі тудыра ма деп қорқамыз. Иә, билік «Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізуге» машықтанып алғандай.  Кейбір шенеуніктер қамшыға «еті өліп кеткен аттай» басын шұлғып қойып, ұрыс пен сөгіске үйреніп қалғандай кейіп танытып жүр. Бұл да халық ашуын туғызатын, билікке деген сенімнен жұрдай етер қылықтың бірі.

Біздің елдегі бюрократияның тағы бір «жарқын тұсы» мынау. Кез келген шенеунік, депутат, министр елдің  жағдайын білу үшін баратын болса «бір ай бұрын» аттан салады. Бұл өзі «Біз келе жатырмыз, дайындықтарың қалай? Біз жүретін көшелер асфальттенген бе? Қандай  жаңа нысан ашылады? Оның лентасын біз қиып берейікте? Бізді ыңғайсыз жағдайға қалдыра көрмеңдер?» деген ескерту тәрізді көрінді біртүрлі. Әйтпесе «Тас түскен жеріне ауыр»  деп күтпеген жерден сау ете қалса, жүру маршрутын көрсетпесе, қарапайым халық көп жүретін аймаққа ат шалдырса, «гүлденген Қазақстан қайда, бүлінген Қазақстан қайда» өз көздерімен көрер еді.

 

Баяғының Атым Жомарттары қайда?

 

Мен басқаратын «Qazaqstan dauiri» газеті тілшілері қаншама жылдан бері Қазақстанның бар өңірін аралап келеді. Тіпті шалғайдағы ауылдарға дейін барып, халықтың тұрмыс- тіршілігін көзбен көріп, ауыл жұртымен тілдесіп те жүр. Қаншама ел мен жерге қатысты, президент жолдауларының атқарылуына байланысты, қарапайым еңбек шаруаларының билікке қарата айтқан өкпе-назымен, өтініш-тілектеріне дейін тиянақты жазуда. Бірақ селт еткен бір басшыны көрмедік.  Селт еткен бір министр көзге шалынған емес. Естір құлақ болса, «ел іші – өнер кеніші» дейтін жұрттың  билікке деген сеніміне селкеу түскендей қазір. Өйткені олардың жан айқайы мен талабына, өтініші мен қалауына, жалпы баспасөз құралдарына, газет пен журналдарға – билік көз салуды қойды. Көз салуды қалай доғарды, халықтан алыстап бара жатқандарын өздері де сезбей қалды –ау… Бүгінгі билік Напалеон Бонапарттың «Журналист – бұл қаламмен еңбектенетін көше сыпырушысы» деген сөзінен тәлім алса керек-ті. Сонда ел ішіндегі көп жағдайдан құлағдар болып, сыздаған жарының асқынбауына септігі тиер еді-ау. Сондай-ақ императордың «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деген жалынды сөзін  жиі-жиі еске алса дегіміз келеді.

Бүгінде қазақ баспасөзі қорғансыз бала сияқты маңайына жалтақ-жалтақ етеді. Өзі елі, өз жұртында көрген құқайы осы. Ал Ресей қарамағанда жүріп, қазақ жұртын оятуға күш салған Алаш арыстарының жоғын толықтырған, кемін түгендеген бай-бағыландар неткен асылдар еді. Біздің байлардай азығын тығып жемей, қыран құстай шашып жеген олар тарих бетінде де жарқырап қалып отыр. Алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың «Ұлттың жоғын түгендеген қазақ байлары» деген мақаласында мынадай қызық дерек кездеседі.   «Алаш қайраткерлерін қаржылай қолдап, дем беріп отырған өткен ғасыр басындағы дәулетті азаматтарды ендігі жерде «бай-манап» емес, «Атымтай жомарт», «ақ жүрек» деп атасақ, қандай әдемі естіледі! Дәулетімен ұлтқа қызмет ету жолында аттары шыққан қазақтың ақ жүрек қалталы азаматтарының көбі «Қазақ» газетінің жарық көруіне септігін тигізген. «Қазақ» төтенше шығындарға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті. Бұлар көмектерін әрқайсысы айрықша әр уақытта жіберген еді. Біз олардың бәрін жарияламасақ та, мүмкіндігінше біразының аты-жөндерін жариялауға тырыстық. Көмек берушілер: Есенқұл қажы Маманұлы — 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты — 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы — 429 сом, Айтмұхамет Тұрысбекұлы — 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы — 50 сом, Баймұхамет Тұрысбекұлы — 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы — 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы — 20 сом, Егеубек Жиенбайұлы — 10 сом, Ғ.Әлібекұлы — 150 сом, Хұсайын Үкенұлы — 25 сом 50 тиын, Жолымбет Тұрымбетұлы — 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы — 20 сом, мұғалім Нығметолла Күзембайұлы — 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы — 5 сом, Өмірәлі Пәнтешұлы — 5 сом, Тілеген Бадырақұлы — 5 сом. Барлығы: 1274 сом, 40 тиын» деп газет басқармасы алғыстарын білдірген» деп жазады. «Қазақты» демеген азаматтардың аруақтары разы болсын деп аттарын бізде әдейі жаңғыртып отырмыз. «Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді деген осы! Ал бүгінгі тәуелсіз қазақ билігі – баспасөз түгілі, «басқа сөзгеде» иіле қоюуы екіталай болып тұр!

Түйін: Ауылың аңырап тұрғанда, елу ел сенің не теңің?!

Иә, дағдарыстың арты қай кезде де жұмыссыздыққа апарып соқпақ. Ондай күн туса тағы да бірінші кезекте қарапайым халықтың баласы «қысқарту құрығына» түсіп, соры қайнап қала ма деген қауіп басым. Қазір қоғам екі жардың басына үй тіккен бай мен кедей тәрізді. Біреуі тойып, біреуі тоңып секіріп жүр. Спикер Дариға Назарбаева жақында ауыл халқының нашар тұрмысы жайлы  сөз қозғады. Оған біреу күлді, біреу күңіренді. Енді ше? Дамыған елдердің көшіне қосылуға жолға шыққан Қазақстан атты мемлекеттің, ауыл халқы кедей болса, аттандаған ұраннан, сылаңдаған сұлу сөзден не пайда? Өркениетті елдер тарихына көз жүгертсек, экономиканы алға сүйрейтін локомтив – ауыл екен. Егер ауылы талан-таражға түскен, халқы ауылын тастап қалаға безген жұрттың, көшбасшы елдердің қатарынан табылуын көзге елестетудің өзі қиын –ау….

Елде игі бастамалар жоқ демейік. Бар. Бірақ соның атқарылуы қалай? Кім бақылап отыр? Жемқорлықтың билік сатысымен өрмелеп, әбден дендегені сонша, қарапайым жұрттың әділ жолмен тендер ұтып алуға, игі бастамаларды жүзеге асырады дегенге сенімі жоғалды. Өйткені ұрылардың арты қай кезде де қуыс. Мемлекет іштен ірітіп жатқан сатқындардан құтылмайынша, тығырықтан жол тауып кетуі де оңай болмас.  Бұдан басқа да проблемалар жетіп артылады. Журналист Қуандық Шамахайдың мына пікірі көңілге қонады. «Халықаралық валюта қорының есебі бойынша Қазақстан бизнес ашу мен меншік құқығын тіркеу жөнінен қамшы салдырмай тұр. Сөйте тұра Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу индексінде халықаралық сауда көрсеткіштері бойынша зерттеу жүргізілген елдердің ішінде Қазақстан 1 пайыздан төмен көрсеткішке зорға жеткен. Оның себебі елде теңізге шығатын жолдың болмауынан ғана емес шығар. Қаржы секторындағы мәселелерге байланысты несиеге қолжетімділік көрсеткіші бойынша да Қазақстан үш сатыға төмендеп кеткен. Еліміздегі жан басына шаққандағы табыс 8 мың АҚШ долларынан асты деп бөркімізді аспанға атсақ та, мемлекеттің медицина мен білім беру салаларына салыстырмалы түрде аз қаржы бөлінетіндігін халықаралық сарапшылар дәлелдеп отыр» дейді. Дау айта алмайтын, бұлтартпас айғақ қой бұл!.

Қазір жұрттың көзі ашық. Әлемдік саясаттан да хабардар. Биліктің мазасы қашып, «ойнақшыған долларға» тәуелді болуы да түрлі ойларға шақырады халықты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әлемдік рынокқа мұнайды ең көп шығаратын Сауд Арабиясы мен Ресей келісе алмай жатыр. Оның зардабы бізді шарпып тұр. Сауд Арабиясы күніне 9,7 млн барель мұнай шығарып келген болса, енді оның көлемін арттырып 10-11 млн барельге жеткізбек. Олай істесе, басқаларды тұншықтырып тастайды. 1991 жылғы СССР – ді ыдыратқан сценарийде дәл осылай болып еді, сол қайталанып тұр. Қытай мұнай сатып алмақ түгілі, өндірісі баяулап, короновирустің кесірінен туризмі шатқаяқтап басымен қайғы. Демек, АҚШ арзан мұнаймен өз резуварларын толтырды. Ресей мұнайына сұраныс бәсеңдеді, арзанға сату тиімсіз. Жағдайы қиын. Біздің де оңып тұрғанымыз шамалы…

Экономика тығырыққа тірілген сәтте, бюджет қалтасы жұқарған кезеңде, көптің есіне 2000 жылы қиын уақытта демеуші болар «қазынаға»  баланған Ұлттық қор құрылғаны оралары сөзсіз. Онда мұнай саудасынан түсетін қаржы жинақталған. Биыл перезидент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қордан берілетін қаржыны қысқартуды тапсырды. Себебі бұл – болашақ ұрпақтың ақшасы. Олай болса оған үміт арту қиын. «Ұлттық қордан мақсатты трансферт ретінде біраз қаржы бөлінген болатын. Енді, ондай шығындарды қысқарту қажет. Ұлттық қордың ақшасы болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуымыз керек», – деді Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында. Президент екі сөйлемесі анық. Демек, қаржы табудың басқа да көздері қарастырылатыны белгілі. Бірақ қайдан?

Қазақта « Жау жағадан алғанда бөрі  етектен тартады» деген даналық сөз бар. Сол рас сияқты. Өйткені әлемдік дағдарыстың салқыны бізге де жетті екі өкпесін қолына алып.  Оған қарсы тұруға билік қаншалықты дайын ол уақыт еншісіндегі мәселе. Ал сыртқы қарыз… бұл енді еңсені басар, көңілге нашар ой салар түйткіл!

158 млрд 800 млн доллар қарызбыз…

 

2019 жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы 158 млрд 800 млн АҚШ долларына жеткен. Ұлттық банк осылай хабарлады. Еске салайық, өткен жылдың 4-тоқсанында елдің сыртқы борышы экономиканың банктік емес секторы міндеттемелерінің азаюы есебінен 2,5 миллиард АҚШ долларына қысқарған болатын. Көп дей алмаймыз, көлге тамған тамшыдай ғана нәрсе ғой бұл.  Кімге қарызбыз?

Қарыздардың үштен бір бөлігі Нидерландыға тиесілі. Бұдан басқа қарыздың 18 пайызы Ұлыбританияға, 9 пайызы Қытайға тиесілі көрінеді. Кейбір шағын аралдар мен кедей мемлекеттерден де  қазақстан әжептәуір қарыз алып тастағаны  ешкімге жұмбақ емес. Ол ақшалардың да артында күдік пен былық бұғып жатпасына кім кепіл!
Билікте отырған үкімет мүшелерінің кейбірінде  ұлттық намыс, қазақы болмыс,  адами түсінік қалмаған ба деп қаласың кейде. Оған себеп, әлемдік мұнай бағасының төмендеуіне байланысты халыққа, журналисттерге  түсінік берген министрлерді көріп, «Біз Ресей мемлекетінің құрамынан әлі шықпаған секілдіміз».  Өйткені мәлімдеменің бәрі  тек орыс тілінде берілуде, қазақша қойылған сұрақтарға жауап берген министірлер, қолындағы қағазды оқи алмай масқарасы шығуда. Қазақтың мемлекеттік тілі мен экономикасының дамымай, билікті жемқорлық жайлағанына кім жауап береді?.

Қалай десекте министр, әкім болып отырған қазақтың білімді жастарының, мемлекеттік тілді білмеуі, өзінің ана тілін түсінбеуі ұят – ақ! Бұл дегеніңіз бойында ұлтқа, елге деген намыстың жоқтығы. Өз тілін білмеген, ана тілінде сөйлеуге арланатын білімдінің бәрі, қазақ ұлтына қасірет әкелетіні сөзсіз. Біздің 30 жылдық тәуелсіздігімізге қауіп төндіріп тұрған –  биліктің мемлекеттік тілде менсінбеуі!   Тіл мәселесі  Қордайдағы оқиғада анық байқалды. Егер қазақ тілі  бір – екі жылда өз мәртебесін алмаса, ұлт араздық күннен күнге өрши берері даусыз!

Тілдің мүшкіл халін көріп тұрып, мұнай бағасының төмендеуі, доллардың «кердеңдеуі» жай ғана дүние секілді. Өйткені бұлар саяси ойындардың – «жемісі». Қомақты қаржыға кенеліп жатса, стол басында жаңа келісімдер жаңа сипатта өріс алуы бек мүмкін.  Ал тіл проблемасы ушыға берсе тәуелсіздікке қауіп!  Қазірдің өзінде орыстың рублі мен мұнайына қарап, солармен бірге көктеп, солармен бірге «шеттеп» кету, расын айтсақ, азаттықтан көрі, мазақ қылыққа көбірек келіңкірейді. Айтқым келгені, билік басында қол сағатын кремль сағатына қарап түзейтіндер отырғанда, елім деп еңіреу, жерім деп тебірену қайдан болсын!

Қамыққан сәтте  өткенге барлау жасап, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовқа айналып соға береміз. Әулие екен ғой, әулие!
Жүсекеңді оқып отырсаңыз, жақсы қызмет, ақша қуған қазіргі біздің кейбір атқамінерлерімізді жазғандай әсерде қаласың. Халықтың хал-ахуалымен көбінің ісі жоқ. «Елін менсінбейтін, өзім ішсем-жесем дейтін шенеуніктер қазаққа керегі жоқ» деп көсемсөзші ерекше тоқталып айтқан. «Ұлтты сүю» атты мақаласында, «Басшы түзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық жоқ. Қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығандары. Халыққа қызмет қылуға жарамаған, үлгі, шырақ бола алмаған оқығандардан пайда жоқ» дейді. Шынымен де, қазір бізде «Болашақ» деген бағдарламамен пәленбай ақшаны желге шашып, оқып жатқандар бар. Олардың көбі қазақ тілін білмегендіктен, біздің мемлекеттің игілігіне жарап жатқандары шамалы.

Көсемсөзші Ж.Аймауытов тағы былай дейді: «Жанды тәрбиелейтін үш түрлі сипат бар – ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылысында осы үш сипатты бірдей тәрбиелейтін болса, ол кісі данышпан болады. Ол адам қанағатшыл, кез келген іске байыппен қарайды. Әрбір қазақ баласына ерте бастан ұлт рухын сіңіруі керек. Орыс тәрбиесін алған бала ешқашан ұлт қызметкері бола алмайды. Біз орыстардың арақ ішу, темекі тарту, құмар ойнау сияқты жаман әдеттерінен қашуымыз керек». Ата-бабамызда болмаған осы жаман әдеттерден біз күні бүгін арыла алмай келеміз. Билігіміздің сиқы анау…

RS: Ел арасында көп жүретіндіктен, әлеуметтік желіні жіті қадағалап отыратындықтан халық арасында билікке деген салқындық барын аңғарамыз. Өйткені билік сенім артқан кей шенділер «айтылған сөздің атылған оқпен тең» екеніне баса назар аудара қоймайды. Содан барып ел алдында күлкіге қалып, атақ-абыройдан жұрдай болады. Мұның бәрі шындап келгенде адал ниет, ақ пейіл Ел Президентіне де жанама соққы.

Мысалы апта бұрын  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов балабақшалар мен мектептерде, басқа да қоғамдық орындарда коронавирус жұқтыру қаупі жоқ екенін ашық айтты. Себебі елімізде бұл індет тіркелмеген көрінеді.  «Айталық, егер бір екі пациентте коронавирус анықталса, онда біз осындай шектеу шараларын қолға аламыз. Тұмау ешқайда кетпейді. Халықты дүрліктірмеу үшін бұқаралық шаралардан бас тартуға, балабақшалар мен мектептерге баруға тыйым салуға дайындалуымыз қажет. Әзірге мұндай қажеттілік жоқ», – деді ведомство басшысы. Парадокс! Күні кеше Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында қазақстандық ғалымдардың болжамы бойынша, 11-16 наурыз аралығында коронавирус кіруі мүмкін деген «жаңалық» жеткізді.
«Біздің болжамымыз бойынша, 11-16 наурыз аралығында бізде  коронавирус тіркелуі мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана. Бір апта ары, бір апта  бері», – деді ол.
«Бұл ауру фактілерінің болатынын білдірмейді. Енді ол болжам. Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Бірақ қашан болатыны – белгісіз. Біздің ғалымдар инфекция 10 наурызда немесе 16 наурызда шығуы мүмкін дейді. Бірақ бұл болжам. Болжамдар – ол орындалуы да мүмкін, орындалмауы да мүмкін »….деп халықты әрі-сәрі күйге түсіріп қойды.
Міне, біздегі жүйе. Бірін-бірі жоққа шығару деген осы емес пе?…
Кешегі үкімет отырысында «шақырылмаған қонаққа» қарсы шараларға 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгені туралы әңгіме айтылуда. Рас болса, Бекшиннің «на конец-тосы»  осының  эффектісі емес пе?!  Қазіргідей кризис заманда бұл аз ақша емес, тек «бұрынғылардың жолын қуып кетпесе» екен дейміз. Өйткені ауыз талай рет күйген.  Десе де «бұл қаржыға ең болмаса тегін маска алып таратылса екен. Әсіресе, мектептерге. Балаларды қорғайық, үлкендер бірдеме етіп сақтанармыз!» деп отыр халық.

Сәуле Мешітбайқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.