Әлемді шошытқан коронавирустың екпіні күшті. Ол патшадан именіп, байшікештерге иілетін жағымпаздардан емес екен. Ешкімді пір тұтып табынбайтыны сондай, тек «ызғарлы бейнесімен» әлемді тұқыртып тұр. Атағы дардай, салмағы нардай, сөздері балдай «Nur Otan» партиясының белгіленген кеңейтілген отырысын өткізбей тастауға күші жетуінің өзі осал жау емесін аңғартады. Бұл ақпаратты біз ойлап тапқан жоқпыз. Мұндай қауіп барын премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұрсұлтан қаласында өткен брефингте қынжыла жеткізді. Бірден айтайық, нақты шешім әлі шықпаған…Ол шешімді кімнің шығаратыны баршаға белгілі. Ал Наурыз мерекесіне арналған шаралар мен 7 мамырдағы жеңістің 75 жылдығына орай өткізіледі деген әскери парад өтпейтіні анық хабар. Президент жарлығы. Бір жағы халық арасында да «Ресеймен жарысып, парад өткізіп жатқан ТМД аясында біз ғана. Тәуелсіз елдің тәуелділікке мойынсұнуы түсініксіз және ұят» деген көзқарас та өріп жүр…
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың коронавирусқа байланысты Наурыз мейрамының шектелуіне қабырғасы қайысатыны мына сөзінен аңғарылды.
«Наурыз – ең маңызды біздің ежелден келе жатқан халқымыздың салты мен дәстүріне енген үлкен мейрам. Бірақ адам өмірінің қауіпсіздігі ең маңызды мәселе. Сондықтан адамдарға бастарыңды қоспа деп айту қиын. Бірақ бұрыннан да қазақ бір-біріне, көршілеріне, ауылдарына барып амандасып жүрген ғой. Сондықтан сен осы наурызға байланысты үлкен тойлардың бәріне, қазір адам жиналатын жердің бәріне тыйым салынады.
Бірақ азаматтардың бір-біріне барып, көрісуіне, құттықтауына мұндайды ешкім қадағалай алмайды. Оған ешқандай шектеу қойылмайды. Сондықтан әрбір азамат өзін ғана ойламау керек. Әрбір азамат отбасын айналасындағы ағайындарын ойлау керек», – деді ол нақтылап.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына қатысты мәлімдеме жасады.
«ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс» , – деп жазды Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.
Мұның алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты пандемия деп жариялады. «Біз COVID-19 пандемия ретінде сипатталуы мүмкін деген бағалауға келдік», – делінген еді ұйымның Twitter парақшасында. Дегенмен шағын және орта бизнес жұмысын жалғастыра беруі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы шектеу шаралары олардың жұмысына кедергі келтірмеуі керек екенін атап айтты. Ірі кәсіпорындар да үздіксіз жұмыс істей береді.
Коронавирустан әлем сақтануға көшкенде Қазақ елінің «жағасы жайлауда» жатқаны жараспас әрине. Алла Тағала да «Сақтансаң ғана сақтаймын» дегенін жиі есте ұстағанымыз абзал. Бұған дейін Президент коронавирус пандемиясына қарсы күрес мәселесі жөнінде бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен шұғыл кеңес өткізгенін айта кеткеніміз жөн.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.