Жуырда Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел өтті.
Аталған шараға «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.к. Жабал Шойынбет арнайы шақырылды. Ол қай кезде де өзектілігін жоғалтпаған Ұлы ақынның құнды мұраларына тоқталып, оның толық адам туралы іліміне талдау жасады.

Жабал Алшынбекұлы өз сөзінде: «Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын біздің ғылыми-зерттеу орталығының ұжымы жаңа серпіліс әкелген еңбек ретінде қуанышпен оқып, талқылады. 2010-2011 жылдардан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында, барлық факультет студенттеріне «Абайтану» пәнінен дәріс жүргізуіміз өте орынды екен.
Президенттің «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» деген сөзін оқығаннан кейін бұрынғыдан да сенімді бола бастадық», – деді.
Ал шараға қатысқан жас зерттеуші, әдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай: «Ең үлкен проблема – біз «Абайтану ғылымын» қартайтып алдық. Мекемтас Мырзахметов, Сейіт Қасқабасов бастаған Абайды зерттеуші ғалымдардың ең жасы елуде. Қазіргі жас буын әдебиетке қызықпайды. Абайды жаттап қою аздық етеді, Абайға көңіл зердесімен қарайық». – деп ойын түйіндеді.
Сондай-ақ, шараға ЖМУ-дің доценті, ф.ғ.к, абайтанушы ғалым Сайлау Қожағұлов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы-өлкетанушы Өкітай Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағы және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Жүкел Хамай, ф.ғ.д, професссор Аманжол Қасабеков, ҚР композиторлар одағының мүшесі, белгілі сазгер Мұратхан Егінбаев, ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор Күлпан Әлікенова, облыстық «Аналар кеңесінің» төрайымы Жамал Баймадиева, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаев, филология ф.ғ.к. доцент, Дүйсен Аңсабаев, БАҚ өкілдері, студенттер қатысты.

Әйгерім ИЕБЕКОВА,
Алматы облысының
тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының баспасөз хатшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.