Батыс Қазақстан облысы – еліміздегі  транзиттік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі. Елімізде коронавируске байланысты жарияланған төтенше жағдайға орай сақтық шаралары қатаң бақылауға алынғанымен, кешегі жексенбіде екі бірдей өңір тұрғынынан жұқтыру оқиғасы тіркелді.

Шекарадағы жағдайды көріп қайтты

Ресейдің бірқатар облыстарымен іргелес жатқан өңірімізге жұқпалы дерттің таралуына тосқауыл қою шараларымен танысу мақсатында бұған дейін облыс әкімі Ғали Есқалиев РФ-ның Самара облысы шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетінде болған еді.Шекараны кесіп өтетін азаматтарды қатаң тексеретін санитарлық-карантиндік пункттер биылғы 13 наурыздан бастап өз жұмысына кірісті. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, мұндай пункттер облыс аумағындағы Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов облыстарымен шектесетін бес шекара бекетіне қойылған. Солардың бірі – Самара шекарасындағы «Сырым» кеден бекетіндегі сақтық шаралары мен қауіпсіздік талаптарының сақталу барысын бақылаған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлышекарашылар мен эпидемиологтар тарапынан қолға алынған жұмыстардан хабардар болды.

Күніне мыңдаған жүк көлігі кесіп өтетін аталмыш кеден бекетінде барлық жағдай қатаң бақылауда. Шекара қызметі олардың қай мемлекеттен келе жатқанын немесе қайда бағыт алғанын анықтап, жеке құжаттарын тексереді.Шекарадан өтетін транзиттік көліктердің аймаққа кіру себептері анықталып, қандай нүктелерге аялдайтыны қаперге алынады. Коронавирус індеті бойынша қолайсыз санатқа жататын елдерден Батыс Қазақстанға бет түзеген азаматтар тәулік бойына жұмыс жасайтын санитар-эпидемиолог мамандардың тексерісінен өтеді. Көліктерге зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Облыс басшысы салғырттықтанытпай, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты сақтық шараларын қатаң ұстануды тапсырды.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, жұқпалы ауру таралу қауіптілігі жағынан 1 «А» және 1 «Б» санаттарына жататын елдерде болған адамдар арнайы сауалнама толтырып, дене қызулары өлшенеді.

– Эпидемиологтар күніне шекарадан өтетін 20-30 адамның денсаулығын бақылайды.Барлық жағдай қатаң бақылауда, қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Дене қызуы байқалған азаматтарға жедел жәрдем шақырылып, уақытша изоляторға жатқызылады.Ресейден келетін батысқазақстандықтар одан әрі тіркелген мекенжайлары бойынша емханаларда тексерістен өтеді, – деді облыстың бас санитары.

Өңірімізге коронавирус инфекциясы бойынша қолайсыз елдерден келген азаматтар бақылауға алынып, карантинге жатқызылады.

Науқастар Атырау мен Ресейде болған

Аймақтарды аралаған жұқпалы індет БҚО-ға жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, олардың бірі Атыраудан, екіншісі Ресейдің Саратов қаласынан келген. Екеуі де – 1967 және 1972 жылы дүниеге келген облыс тұрғындары. Коронавирус инфекциясы анықталған екі науқас та  облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы қосымша мәлімдеме жасаған облыстың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев 24 наурыз күні  Ресейден келген жерлесіміз шекарадан өткен күннен бастап үй жағдайында оқшауланғанын айтты. Арада төрт-бес күн өткенде аурудың алғашқы белгілері байқалып, ол провизорлық стационарға жатқызылған. Ал Атырау қаласынан 27 наурыз күні келген екінші тұрғын бір күннен кейін денсаулығына байланысты жедел жәрдемге хабарласып, ауруының сипаттамасына байланысты провизорлық стационарға өзі барған. Қос емделушінің талдау сынамалары лабораториялық ПЦР-тест жүйесінен өткізіліп, коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған.

–  Екі ошақтан да жақын қарым-қатынаста болған адамдардың тізімі анықталды. Олар провизорлық стационарға жатқызылды. Қашық қарым-қатынаста болғандар үйде  оқшаулануда. Эпидемиологтар олардың үй-жайларында дезинфекция жұмыстарын жүргізді, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы. Белгілі болғандай, науқастар тұрған тұрғын үйлерден кіріп-шығуға шектеу қойылған.

Жауапты мекеменің ресми мәліметінше, күні бүгін облыс бойынша коронавирус жұқтырған екі адамнан бөлек 90 адам провизорлық стационарға жатқызылса, 614 тұрғын үйден оқшауланған.

Баға – бақылауда

Төтенше жағдай енгізілуіне орай облыс аумағы мен Орал қаласында құрылған төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі штабтар өз жұмысына кірісіп кетті. Осы реттеқала әкімі Абат Шыныбековекі рет қатарынан БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысып, тұрғындарды төтенше жағдай кезіндегі шаһардың ахуалынан хабардар етті.

– Қала бойынша 80 сауда үйі, 22 базар, 117 мейрамхана, 213 кафе, 26 филиалы бар 11 әмбебап-дүкен бар. Оған қоса 653 азық-түлік дүкені, 25 шаруашылық дүкені, 15 фитнес-клуб, 5 түнгі клуб бар. Барлық шағын және орта бизнес нысандары иелеріне ескерту хаттар жіберілді. Ұсыныс негізінде олар халық көп жиналатын орындардың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Ал үлкен сауда орталықтарындағы азық-түлік супермаркеттері тұтынушыларға қызмет көрсете береді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет талабына сәйкес санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі, – деді Абат Абайұлы.

Қалада Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ететін штаб құрылды. Бірнеше бағыт бойынша жұмыстанатын бұл штабтың шешімімен мониторингтік топтың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, жұқпалы індеттің алдын алу шаралары, әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын оңтайландыру, мекемелерді қашықтықтан жұмыс жасауға көшіру, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды қолдау шаралары басталып кеткен. Оған қоса мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қашықтықтан жұмыс жасауға көшуде.

Елдегі жағдай сауда иелері мен тұтынушыларды біраз әбігерге салғаны жасырын емес. Осы ретте Орал қалалық әкімдігі азық-түлік бағасының тұрақтылығын назарда ұстап отыр. Әлеуметтік желідегі желдей ескен үрейлі ақпараттарды естіп, абыр-сабыр күйге түскен тұрғындар арасында азық-түлік қорын молынан жинақтап алғандар да табылды. Оңтайлы сәтті өз пайдасына жаратқысы келіп, бағаны аспандатқан саудагерлер де болғанын көзімізбен көрдік. Жергілікті атқарушы органдар барлық жағдайды бақылауға алып, рейдтік шараларды күшейтті.

– Оралдағы сауда нүктелеріндегі азық-түлік бағасына күнделікті сараптама жасалады. Негізсіз азық-түлік құнын қымбаттатқан жағдайда ескерту беріледі. Тапшылыққа жол берілмейді, сақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов.Сонымен қатар қалалық әкімдік өкілдері, жергілікті полиция қызметі қалаішілік маршруттағы автобустар мен тамақтану орындарындағы тазалық шараларын, мекемелерде төтенше жағдай талаптарының сақталуын да назардан тыс қалдырмайды.

Сонымен қатар облыстық бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 30 наурыздан бастап жолаушылар тасымалы қызметіне де шектеулер қойылды. Облыстар мен аудандар арасында жолаушылар тасымалы қызметімен айналысатын ресми емес (тіркелмеген) жеке тасымалдаушыларға; автобус қатынастарын қоспағанда, аудандар арасында және Атырау мен Ақтөбе облыстары бағыты бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын ресми (тіркелген) жеке тасымалдаушыларғашектеу қойылды. ҚР азаматтарына БҚО аумағынан Ресей Федерациясына шығуға, облыс аумағына басқа өңір тұрғындарының кіруіне, Атырау және Ақтөбе облыстары бағыты бойынша азаматтарға жеке көлікпен жүруге

тыйым салынды. Бұл шектеулердің емделу мақсатында жолға шыққан тұлғаларға қатысы жоқ.

Сын сағатта кім қалай әрекет етуде?

Коронавирус індеті ел аумағына кірген сәттен бастап тұрғындардың көңілі күпті. Үрейлі халықты жалған ақпараттармен дүрліктіргендер де, жақсылық жасаумен жарысқандар да болды. Халыққа қызметі ауадай қажет мекемелер сақтық шараларын барынша ұстанып, қарбалас шақта да қауырт жұмыс үстінде. Солардың бірі – Оралдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары еліміздегі төтенше жағдайға байланысты электронды форматта жұмыс жасауда.

Ал оралдық жергілікті жеңіл өндіріс кәсіпорындары мен еріктілер дәріханалардың сөресінен жоғалған бетперделерді қолдан тігіп, тұрғындарға ұсынуда. Өңірдегі «нұротандықтар» мен «жасотандық» белсенділер «Біз біргеміз!» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қажетті тауарлар мен антисептикалық құралдарды байланыссыз тарату жолымен үлестіруде. Мұндай қайырымдылық іс-шараларына жергілікті кәсіпкерлер де үн қосуда.

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында да жергілікті атқарушы органдар, құзырлы мекемелер тарапынан қолға алынған іс-шаралар туралы баспасөз мәжілісі тұрақты ұйымдастырылуда. Жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы мекемелер аймақ азаматтарына гигиеналық талаптарды қатаң ұстанып, төтенше жағдайға байланысты тәртіпке бағынуды талап етуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

Рафхат ХАЛЕЛОВТІҢ суреті

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз