Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов карантинге байланысты тұрғындарға үндеу жолдады.  Онда «27 наурыз күні қаламызда 3 азаматтың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ал ресми дерек бойынша, таңертен олардың саны 6-ға жеткендіктен бүгін күндіз Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері арнайы Қаулы қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, 2020 жылдың 30-шы наурызы сағат 00.00-ден бастап Атырау қаласына карантин енгізіледі. Ал облыс көлемінде шектеу шаралары қабылданады.  Біз сіздердің амандықтарыңыз бен қауіпсіздіктеріңіз үшін осындай қадамға бардық. Мақсатымыз — қауіпті вирустың таралуының алдын алу… Тәртіп бұзғандарға тиісті құқық қорғау қызметтері қатаң шаралар қолданатынын ескертемін. Сіздерді де тәртіпті болуға ғана емес, тәртіпті бірге қорғауға шақырамын. Себебі, бұл баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шаралар. Басын қауіпке тігіп жүрген дәрігерлер мен инфекционистерге алғыс айтамын. Күні-түні тәртіпті күзететін құқық қорғау және өзге де сала қызметкерлеріне де ризашылығымды білдіремін. Өкінішке қарай, инфекция жұқтырғандар саны 12-ге жетті» делінген.

 

Коронавирус жұқтырғандардың жағдай қалай?

Дәрігерлер Атыраудағы коронавирус жұқтырған он екі адамның жағдайы туралы баяндады. Қазіргі таңда науқастар  өзін жақсы сезінеді. Көп жағдайда ауру симптомсыз жүруде, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, науқастардың жағдайы қалыпты.  Көпшілігінде ауру   асимптоматикалық жағдайда өтуде. Ал, екі емделушіде  құрғақ жөтел бар.  Олардың барлығы тиісті күтіммен және емдік шаралармен  қамтамасыз етілген. 30 наурызда Атырауда ауру жұқтырған тағы алты жағдай тіркелген болатын.  Науқастар оқшауланып, арнайы медициналық мекемеге орналастырылды.

 

 

Барлық жолаушылар пойызы тоқтатылады

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Атырау стансасына баратын және одан шығатын барлық пойыздарға билет сату, жолаушыларды отырғызу және түсіруге тыйым салынады деп хабарлайды  «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі. 31 наурыздан бастап № 692/691 «Ақтөбе-Атырау» пойызының маршруты Доссор стансасына дейін қысқарады. 1 сәуірден бастап №313/314 «Атырау-Маңғыстау» және №47/48 «Атырау-Бурабай курорты» жолаушылар пойызы, 2 сәуірден бастап №41/42 «Атырау-Шу» пойызының қозғалысы тоқтатылады. Бұған дейін Атырауға дейін және одан шығатын пойыздарға билет алған жолаушылар жол жүру құжаттарын қайтарып, ақшалай қаражатты толықтай ала алады.

 

 

Нан тапшылығы болмайды

Әлеуметтік желіде, соның ішінде, “ватсапп” бойынша “Атырауда наубайханалар жабылады” деген хабарламалар тараған болатын. Бұл – жалған ақпарат. Наубайханалар, керісінше, өз өнімдерін арттыруға мүдделі. Бұл туралы Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметінше, бүгінде Атырауда сегіз наубайханада күнделікті 40 мың нан пісірілуде. «Дәулет нан» наубайханасы нан өнімін тәулігіне 7 мыңнан 15 мыңға дейін арттыруға ниетті. Онда қазіргі  таңда цехта 90 адам нан пісірумен айналысады.  Кәсіпорында жұмыс орындарын қысқарту көзделмеген.   Бүгінде  облыс көлемінде 824 тонна ұн болса, оның 520 тоннасы – тұрақтандыру қорында.  Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті билік қосымша 17 115 тонна ұн сатып алуды жоспарлап отыр.

Ғазим Мұхамедияр

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз