Біздің қазақта пассив табыс деген ұғым жоқ. Пассив табыс деген бір заманда жасаған еңбегіңнің өмір бойы түсім түсіріп тұруы. Ондай табысқа кезінде сазгерлер, жазушылар және сондай интеллектуалды адамдар ие болған. Жазушыларға бұрын шыққан кітабы қайталап басылған сайын қаламақы төленіп тұрған. Былайғы жұрт ондай табыстан мақұрым еді. Нарық заңы енді осы табысты кез келген адамға ұсынып отыр. Пассив табысты кейбіреу көлденең табыс деп қазақшаға аударып жүр. Бұл дұрыс аударма емес. Қазақта «көлденең табыс» деген түсінік бұрыннан да бар, бірақ ол түсінік күтпеген жерден олжаға кенелу (жолдан бірдеңе тауып алу сияқты) немесе пара алу дегенді білдіреді. Қазақ бұндай зиянкес түсініктен тезірек арылғаны жөн. Ол үшін заңды түрде пассив табысқа ие болуды ойласын.

 

 

Бұрын пединституттарда оқытылған психология пәні еш қызықсыз әрі түк түсініксіз пән болатын. Олай болатыны бұрынғы социалистік қоғам психология ғылымын саналы түрде дамытпады деп ойлаймын. Ал психология ғылымы дегеніміз адамның өзін өзі тануы ғой. Егер оны дамытса халық өзінің социализм, коммунизм деген измдерге құл болып жүргенін біліп қоятын еді де, білген күні-ақ ондай изміңді төңкеріп тастар еді. Құлдық санада шырмалып жүре беру үшін психология ғылымын дамытпады деуімнің себебі сол. Бірақ қанша жасырып-жапқанымен ақыры омақаса құлады ғой.

Заман өзгерсе де құлдық сана бәрібір өзгермейді, өзгерсе сипаты ғана өзгереді. Қазір де сол санадан көпшілігіміз арыла алмай келеміз. Италияның тарихшы, жазушысы Рафаэлло Джованьоллидің «Спартак» атты романында мынадай бір оқиға бар.

Гладиаторлар көтеріліске шығып, оған құлдар ілескен ұлы дүрбелең кезінде Спартак Рим маңындағы Тускулум қаласына келеді. Сонда жолыққан бір байдың құлы – шал адам, өзінің екі құл ұлы Спартак әскеріне кетіп қалғанын қамығып отырып айтады және сол үшін Спартакка қарғыс жаудырады.

 

 

– Неге олай дейсің? Құлдардың азаттық алғаны саған ұнамай ма? – дейді Спартак өзін танымаған құл шалға.

– Тамағымыз тоқ. Ұйықтайтын жеріміз бар. Тиісті жұмысымызды істесек, одан артық бізге не керек? – дейді ол шынын айтып.

Біз құлды тұтқындағы азап шеккен адам деп ұғамыз. Олай емес, құлдар да емін-еркін жүріп-тұратын адам, бірақ ол бай қожасының жұмысын істейді, қол-аяғы байланбаса да ол байдан кетіп қалмайды. Сол үйдің тамағын ішеді, сол үйде ұйықтайды. Тек өзінше еңбек етіп, өзінше үй тұрғызып, меншік иесі болуға санасы жетпейді. Бай адамның үйінен кетіп қалса аштан өлем, паналайтын үйсіз қалам деп уайымдайды. Құлдық сана деген осы.

Қарап отырсақ, қазіргі біздің көбіміз осы санадан шыға алмай жүрміз. Біз – супер құлмыз. Мысалы біз бәріміз жалдамалы жұмыскерміз. Жұмысты жақсы істейміз. Ойлайтынымыз да сол жұмыс. Кейде өз жағдайымызды күйттеуге да уақыт жетпейді. Сонда ас-су үшін біреудің есігінде жүрген құлдан айырмашылығымыз қайсы? Халықтың оннан тоғызы солай. Мемлекет ретінде дамуымыз үшін, халықтың басым бөлігі құлдық санадан, яғни біреуге болмашы ақшаға жалданудан азат болуы керек.

Сонда азат адамдар не істемек десең, олар еркін кәсіпкерлікпен айналысуы тиіс. Бизнеспен айналысушылық та түр-түрге бөлінеді. Мысалы ешкімге бағынбайтын, өзінің жұмысын бір өзі ғана істейтін етікші де кәсіпкер. Екіншісі зауыт, фабрика сияқты меншігі бар бизнесмендер. Олар қара жұмыс істемейді. Қарауында жұмысшылары бар. Бұл бизнесмен де ешкімге бағынбайды. Үшіншісі инвесторлар. Инвесторда зауыт та, фабрика да жоқ, жұмысшы да ұстамайды. Онда ақша ғана бар. Оның зауыты да ақша, фабрикасы да ақша, жұмысшысы да ақша. Ақша жұмыс істейді, ақша табыс әкеледі. Оның ақшасымен мемлекеттің өндірісі тіріледі. Міне, еркін адамдар осылар. Ал анау алдыңғы екі топ ешкімге бағынбағанмен, бай болғанымен өндірісіне, саудасына тәуелді. Онысын тастап ешқайда кете алмайды. Бірақ бұл ол екеуіндей болмау керек деген сөз емес.

Сондықтан әр қазақ пассив табыстың иесі болуы тиіс. Ал пассив табысты құнды қағаз иелері ала алады. Әр қазақтың кішкентай инвестор болғаны өзіне ғана емес, мемлекеттің экономикасына да пайда келтіреді.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз