Әлем сынақ үстінде. Әлем талмаусырап, ажалмен арпалысып жатыр. Тәкаппар әлем жаратушысының бар екеніне көз жетті, қаһарына бас иді, тәубеге келді. Сәждеге маңдайын тигізіп, зікір салуда. Әлем жанары үрейге толы, көмекке мұқтаж. Әлем ғасырлар бойы жиналған кір, ластан тазарып, нұрға шомылуда.

Мұндай обалар, нәубеттер, топан сулар, әспенсіген адамзаттың біржола жойылып кетіп, қайта жаңғыруы, өмірге келулері сан мәрте қайталанған. Сонда қиын да ауыртпалық кезінде жандарын шүберекке түйіп, кірпігі әзер қимылдап жатқан науқас адамды құтқаруға асығатын ақ көңілді, абзал да жайсаң, бір сөзбен айтсақ майданның алғы шебіндегі батыр жандар болған. Ол – дәрігер, емші. Мінеки ел басына күн туғанда, індетке қарсы күн-түн майданының нағыз батырлары осы ақ халатты, нәзік жанды дәрігерлер.

 

Бүкіл төрткүл әлемді төгілген көз жасымен, жанды тебірентер сөзімен өзіне қаратқан Италияның дәрігері тірі жан бас сұға алмайтын ауруханадағы ауыр жағдайды жылап тұрып жеткізген болатын. Бүгін қаракөз қарындасымыз, күндіз-түні майданның алғы шебінде жүрген қазақ дәрігерінің жан толқынысын, ауруханадағы жағдай ауырлығын, жауапкершілігінің жоғары екендігі туралы шынайы сезімін және халқына «Үйде отырыңыз! Осы арқылы бізге көмектесесіздер. Біз де үйімізге қайтқымыз келеді» деп жүрекжарды өтінішін жеткізді.

Иә, қазір әлем тағдыры, адам тағдыры Алланың, одан қалды ақ халатты дәрігерлердің қолында. Біз де, билік те, халық та дәрігер еңбегінің қадір-қасиетін енді ғана біліп, сезіп жатырмыз. Құрметтейік, бас иелік абзал жанды, бүгінгі күннің батырлары дәрігерлерімізге. Билік олардың айлықтарын сенаттарға балап 200мың-1 миллион теңгеге дейін көтерді. Бұл да болса оларға үлкен демеу, зор рух береді.

Қадірлі ақ халатты батырларымыз! Біз де қазақ халқының атынан сіздерге шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Аналарын, әкелерін көздері жәудіреп күтіп отырған ботақандарының мықты, сабырлы болуын өтінеміз. Осы арқылы айналайындар, әке-шешелеріңе зор күш-қуат бересіңдер. Біз бәріміз біргеміз!

 

Зор құрметпен

Ертай Айғалиұлы,

«Qazaqstan dauiri» газетінің

 бас редакторы, жазушы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз