Кеңес заманында ауыл, аудан, облыстың басшыларын екі жыл сайын басқа аудандарға, облыстарға орындарын ауыстырып отыратын. Бұл сыбайлас жемқорлықты болдырмайтын нақты нәтиже еді. Бүгінде аудан, облыс әкімдері орынтаққа қолдаушысы-қорғаушысымен бір отырып алса, тырп етпестен бірнеше жыл отырады да қояды. Айналасына көмекшілерін, оққағарларын олжа табатын сыбайластарын, жағымпаздарын жинап алады. Шіркіндер осылардың қай қайсысы да ауыл-елге барып, халықтың талап-тілектерін бірге жүріп орындап, халықтың ықыласына ие бола алмайды. Соның қырсығынан кеңес заманында ауыл халқы 70 пайыз болса, бүгінде 30 пайызға төмендеді. Елдегілер малынан, жайылымдық-шабындық жерінен айырылғасын қалаларға босып кетті. Бір деректе қалаға қоныстанушылардың пәтер кезегіне тұру саны республика бойынша бес жүз мыңнан асыпты. Ал көптеген әкімдер ауылды қаңыратып тастап, қалаға келгендердің себептерін сұрап, шаршамайды. Керісінше, құрылыс жұмыстарына тендер жариялап, оның 20-40 пайыз қаржысын иемденіп алады. Сыбайластың түрі берік қорғанға айналып, ауыл-елді ұмытқаны солардың болашақты ойлауы жоқтығынан екені көрініп қалды.

Жыл сайын ауыл-елді өркендетуге миллиардтаған қаржы бөлініп жатады, оны бақылап, қай ауылда қандай жұмыс жасалды, қаржы нәтижесін берді ме, бермеді ме, бақылап отыратын. Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерінің ойланып жатқанын естімеппін. Әкімдерге сеніп, солардың шындығы аз шикі сөздерін құжаттандырып тынады. Құжаттанып дегеннен шығады, биылдың өзінде шетелге 27 триллион ақша шығып кеткен екен. Оның бәрі табыспен қайта ма, әлде кең қалтаға түсіп кете ме шешуін шайтан да білмес.

Шықпа жаным шықпа деп, екі сиыры мен отбасын әзер асырап отырған кейбір елді мекендерде жайылым-шабындық жекешеленіп кеткендіктен тіршілік тығырыққа тірелуде. Екі сиырдың асырауға жем-шөбі үшін екі жүз мың теңге керек екен, ондай қаржы қайда? Жер мәселесі жөніндегі сыбайластық белең алып отыр. Тұрғындардың мақсат-мүддесін қорғауды аудандық, облыстық биліктегілер түсінбей отыр ма, әлде кеңселерінің жабығынан сығалап «шыдаңдар, бәрі оңғарылады» деп алдай салатын әдетке айналды ма?

Ауыл-елге бетбұрыстың жергілікті жерде құлықсыздығының кесірінен 1500 елді-мекен қаңырап бос қалды. Мәселен Қ. Ақсақалов басқаратын Солтүстік Қазақстан облысында жері бай, ағаш қақсаң көктейтін 38 елді мекеннің 40 мың халқы қалаларға босып кеткенін әкім қалай түсінеді?

 

 

Ондаған жылдар бойында облысты басқарып отыратын кейбір әкімдер елдің халқын аралап, оларды мал-малдандырып, жан-жандандырса, орынтағынан тайып кете ме немене? Кім білсін, әйтеуір президентіміз ел аралап жүрсе де кейбір облыс әкімдері ауылға бетін бұрып, аяғын салуды арсынатын да болуы мүмкін. Өйткені әрбір істің қорғаушысы-қолдаушысы, сыбайласатындары нық, яғни осындай жауапсыздықты ұқ!

Егер орнынан түсе қалса, не жоғарылап, не бір саты төмендесе, өзінің сыбайластарын жанына ертіп, былқ етпей тарта береді. Шіркін, қазақтың айтқыштары «аттан түскен есекке мінбейді» дегені осыдан қалса керек.

Билікке қолы жеткендер, қатты айтсам мені сөкпеңдер, миллиардтарды иемденіп, шетелге ұшақпен ұшып кетпеңдер. Бәрін айт та бірін айт, ел шаруасын жетік білмейтіндер, ауыл-елдің арыз-шағымын құлағына ілмейтіндер, қайда барса да, сыбайласпай жүрмейтіндер, оңай олжа тұрғанда иемденіп, мәз болып күлмейтіндер отыра бар орын-тағына жабысып. Билігіне сызат түсе бастаса, жоғарыдағы лауазым иелеріне парасын дайындар аласұрып алысып. Шіркін, кейбір әкімдердің, кейбір билік иелерінің пендешілігі, өзімшіл өршілдігі кімге пайда, кімге зиянын, құрметті оқушы, түсіне жатарсыңдар …

 

Табыл Құлыяс

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз