Күшейтілген карантиндік режімге байланысты Батыс Қазақстан облысы аумағына 90 блок-бекет қойылды. Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев Атырау облысының шекарасындағы блок-бекеттерде болып, жұмыстың қалай ұйымдастырылғанына назар аударды.

Облыс әкімдігініңбаспасөз қызметі мәлімдегендей, өңір басшысы ат басын тіреген облысымыздағы Ақжайық ауданының аумағында жалпы алты блок-бекет жұмыс жасап тұр. Әр бекетте екі бригада ауысыммен қызмет атқаруда. Атырау облысымен шекарадағы қос блок-бекеттетөрт санитарлық дәрігер және алты миграциялық, учаскелік, патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаруда. Блок-бекеттегі қызметкерлер патрульдік автокөлікпен, қару-жарақпен, бетпердемен, автокөлікті тіркеуге арналған журналмен, сауалнама парақтарымен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен (тепловизер, антисептик) қамтылған. Бекеттердің алдында тиісті жол белгілері қойылған. Мысалы, ауданның Шабдаржап ауылы тұсындағы блок-бекеттен барлығы 5176 автокөлік өткен. Бекет қызметшілері 13845 адамды тексерістен өткізген. Соңғы тәулік ішінде Шабдаржап ауылы бойындағы блок-бекет арқылы 285 машина жүрген. Орта есеппен алғанда аталған тас жолдан 250-ге жуық автокөлік өтеді екен.

– Ақпараттық жұмыстардың арқасында Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасындағы жеңіл көліктердің саны айтарлықтай азайғанын байқаймыз. Өтіп жатқан барлық азаматтар тексеруден өтіп, сауалнама толтыруда, – дейді Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы Ертас Бисенов.

Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы тұрғындардан аталған блок-бекетте жиі көлік кептелісі орын алатыны туралы шағым түскенін айтты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша,  кептеліс ауысыммен жұмыс жасайтын адамдардың блок-бекетті бір уақытта кесіп өтуі кезінде орын алады екен. Ал екі өңірдің шекарасынанөтетін адамдардың көбі – Ақтөбе облысының азаматтары.Барлық тексерулерден кейін, полиция қызметкерлері оларды патрульдік автокөлікпен облыс аумағынан шығарып салады. Тағы бір айта кетерлігі, тәртіпке бағынбай бекетті айналып өту әрекеті де анықталған. Бүгінде тәртіп бұзушы ұсталып, хаттама толтырылыпты.Ал азаматтардан қызу көтерілу және басқа да ауру белгілері анықталған жағдайда шұғыл түрде жедел жәрдем қызметі шақыртылады.

Тексеру барысында аймақ басшысы Ғ.Есқалиев полиция қызметкерері менсанитар-эпидемиологтар жүргізетін жұмыстың маңыздылығына тоқталып, тексерулерді барынша мұқият жүргізу керектігін атап өтті.

– Нақты сауалнама жүргізу, жазылған мәліметтердің толықтығын қадағалау нәтижесінде облыс аумағында сырқаттанғандарды анықтау жеңіл болады. Осылайша біз ауру жұқтырған адамның облысқа қайдан келгенін анықтап, онымен байланыста болғандарды тез таба аламыз. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын мұқият жүргізіп, оларға сауалнама толтыру кезінде жеке жауапкершіліктерін естеріне салып отырудың маңызы зор, – деген облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы блок-бекеттердегі қызметкерлер бригадасын өңір тұрғындарын жұқпалы індеттен қорғау жолында шыдамдылық танытуға шақырды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз