Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

 

Алласын ұмытып, адасқан адам баласына естен кетпейтін ескертуін жіберген құдіретті Құдайға құлшылық қылып, әлеуметке арнап осы жолдарды жазып отырмын. Адамзаттың басына түскен аса ауыр сәтте ел байлығын мұхит асырған ауқаттылар ел-жұртын құтқаруға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін жабыла жүріп жағдай жасар деген үкілі үмітіміз үзіліп тұр. 19 наурыз күні шыққан «Жас Алашты» оқып, Атымтай Жомарт қытай азаматы Джек Ма бір өзі 14 млн 400 мың доллар берген екен. Газетіңізде біздің Қазақстандық миллиардерлер не бергені жайлы жазуыңызды сұраймын. Осы мәселені көтерген кезде менің мына бір ауыз өлеңімді жариялар деп ойлаймын.

 

Жаман індет үйің барын есіңе бір салғандай,

Көзіңді аш деп байлығыңа алданбай.

Тәубеңе кел дегендей-ау Құдайым,

Ұрлап тапқан табысыңа малданбай.

Анау кәрі ата-анаңды, ұрпағыңды ұмытпа,

Ақша қуып жалмауызға жалданбай…

Асып-тасып жүргендерді Құдірет,

Желкеден ап мұздай суға малғандай.

 

Өсербай Қарасаев

                                   Қоғам қайраткері, байланыс ардагері,

                                   Павлодар облысының Құрметті азаматы

                                                  

 

 

 

Қазақстандық байлар коронавируспен күреске қанша қаржы бөлді?

 

Алғашқылардың бірі болып «Halyk bank» коронавируспен күресетін медицина қызметкерлеріне 100 млн теңге аударды. Кейін «BI Group» компаниясы дәрігерлерге 100 млн теңге бөлді. Бұл туралы компания басшысы Айдын Рахымбаев хабарлады.

 

Экс-президент кеңсесінің қызметкерлері коронавирусқа қарсы күреске бір күндік жалақысын аударған. Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің қоры коронавирусқа қарсы 200 млн теңге бөлді. Сондай-ақ, қор басшылығы 50 мың медициналық масканы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берді.

 

«Верный Капитал» компаниялар тобы 1 миллион АҚШ долларын бөлген. Олигарх Болат Өтемұратов Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 200 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ, республикалық көмек қорына 1 млн доллар аударған. Кәсіпкерлер Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев індетпен күреске 1 млрд теңге бөлген.

 

 

«Бипэк Авто» коронавируспен күреске 30 көлік берген. Қазақстанда құрастырылған көліктер Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен қалаларындағы жедел штабтарда қызмет көрсетеді. Компанияның бас директоры Ерік Сағымбаев бұл 30 көлікті күтіп-ұстау шығындары төтенше жағдай кезеңінде толықтай өз мойнында болатынын мәлімдеді.

 

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры» COVID-19 вирусымен күреске 150 млн теңге бөлді. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанов коронавируспен күреске 100 млн теңге аударды.

 

Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінен кейін республикалық қорға 41 млн доллар жиналған. Айдос Үкібай бұл қаражаттың қауіпті инфекцияға қарсы күреске қажетті жабдықтар – медициналық препараттарды, қорғаныс құралдарын, өкпені жасанды желдету аппараттарын, азық-түлікті және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған бірінші қажетті тауарларды сатып алуға жұмсалатынын айтты.

 

 

Республикалық қорға кім қанша қаражат аударды?

 

Қазақстандық «Eurasian Resources Group» компаниясы – 10 млн доллар; «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – 10 млн доллар; кәсіпкер Тимур Құлыбаев – 10 млн доллар; кәсіпкер Кеңес Рақышев – 1 млн доллар; «АТФ» коммерциялық банкінің иесі Ғалымжан Есенов – 2 млн доллар; «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бақылау кеңесінің төрағасы Рашид Сәрсенов – 2 млн доллар; Кәсіпкер Александр Клебанов – 2 миллион доллар; Кәсіпкер Александр Белович – 2 миллион доллар.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз