Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев хабарлады.

Құрметті маңғыстаулықтар!

Өздеріңізге мәлім Маңғыстау облысында COVID-19 індетін жұқтырған тағы да екі адам тіркелді. Жалпы алғанда облыс бойынша үш науқас анықталды. Жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда.
Осыған орай, 2020 жылдың 6 сәуірі күнінен бастап облыстық жедел штабтың және санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарының шешімімен карантин режимы күшейтілетін болады.
Атап айтқанда:
1. Меншік нысанына қарамастан облыс аумағындағы барлық ұйымдардың кеңсе қызметкерлері қашықтықтан жұмыс жасау режиміне ауысады. Мекеме басшысының шешімімен тек қана аса қажеті қызметкерлер аптасына 1-2 күн ғана жұмыста болуы мүмкін.
2. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы жеке көліктердің жүру тәртібі өзгереді. Яғни, сағат 06:00 – 09:00 аралығында және 18:00 – 21:00 аралағында ғана жүруге рұқсат беріледі. Бұл – аса маңызды!
3. Облыс бойынша барлық қалалар мен аудандарда қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтайды. Тек қана, Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының арасында жүретін қоғамдық көліктерге рұқсат беріледі. Бірақ, дезинфекция шаралары қатаң сақталуы тиіс.
4. Такси қызметтері бойынша да өзгерістер бар. Қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылғаннан кейін такси қызметімен айналысуға арнайы рұқсаты бар ұйымдарға ғана жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Такси қызметі қалалар мен аудандардың аумағында ғана және сағат 06:00 – 21:00 аралығында қызмет етуі тиіс. Алайда, бұл көліктер тек бір адамнан немесе бір отбасы мүшелерін мінгізуі қажет. Және дезинфекция шаралар мұқият сақталуы тиіс.
5. Ақтау қаласы маңындағы ауылдарда тұратын медициналық ұйымдардың қызметкерлері бөлек тасымалданатын болады. Бұл – қауіпсіздік үшін өте маңызды!

Құрметті жерлестер!
Бұл шектеулер халықтың денсаулығы мен амандығы үшін жасалып жатырған шаралар екендігін атап өтемін және түсіністікпен қарауға шақырамын!
Бүгінгі күні қатерлі індет қаламызда да тарауда. Тұрғындар кез-келген жерден жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан, Сіздерден барынша сақ болып, карантин режимін қатаң сақтап, азаматтық жауапкершілік танытуларыңызды сұраймын!

Е.Күмісқалиев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз